«Ақ ерке – ақ Жайық» әніне – 60 жыл

Бір ән - бір әлем. Бар әлеміңді бір әнге сыйғыза алатын сирек туындылар бар. Сондай туындылардың бірі – «Ақ ерке – ақ Жайық». Биыл аталған әнге 60 жыл толып отыр. Бұл туынды ғасырлар бойы қазақ жанының нәзік сезімін, туған жерге деген шексіз махаббатын бейнелейтін символға айналды. 

"Ақ ерке – ақ Жайықтың" тарихы 1965 жылдың желтоқсанында басталған. Сол жылы ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқов Атырауға іссапармен келеді. Екеуі сол кездегі Гурьев қаласында бірнеше күн болып, облыс аудандарын аралайды. Сол уақытта оларды Жайықтың Махамбет ауданының тұсынан өтетін қалың тоғайдың ақ қыраудан сырға таққан талдары қатты тамсандырады. Өзеннің мөлдір суын, қыстың аппақ қарын, мұз болып қатып жатқан өзеннің мұңды, бірақ қатты сұлу бейнесін көреді. 

Міне, сол табиғат көрінісі — ақ қар, қалың тоғай, Жайықтың көркем көрінісі Шәмші мен Төлегенге шабыт әкеледі. Қонақ үйге жеткен соң арнайы пианино тұрған залға Шәмші аяңдайды. Өзінің ішкі тебіренісін әуенге бірден түсіреді. Сол әуенге Төлеген өлең жолдарын жазып, бір мезетте жүрекке бірден жететін, туған жерге, Жайыққа деген сағынышты кеңінен жеткізетін ән дүниеге келген екен. 

«Ақ ерке – ақ Жайықтың» тұсаукесері Атырауда өтті. Ән алғаш рет жергілікті өнер майталманы Өтеген Олжабаев орындауында шырқалды. Сол жолы Атыраудағы “Жилгородок” шағын ауданы клубының концерт залына халық сыймай, кешті аяқтарынан тік тұрып тамашалаған екен. Сол сәт — әннің алғашқы ғұмыр демі. Жайықтың мұңы, туған жерге деген сағыныш, жүректі тербететін нәзік сезім — барлығы тыңдарман жүрегіне бірден жеткен. 

«Ақ ерке – ақ Жайық» жылдар өте отырып тек бір ән емес, туған жердің, Жайықтың, сол табиғаттың рухани белгісіне айналды. Оның әуені мен сөзі — қазақтың жүрегіне, қазақтың сағынышын, табиғатқа деген махаббатын білдіретін символға айналған.

 Туындыны Жылойдан алғаш орындаушылардың бірі, елге сыйлы ерлі-зайыпты Жабас Құлбалиев пен Алухия Әділғалиқызы. 1998 жылы Атырау қаласындағы «ЕмбіМұнайГаз» мекемесінде бөлімшелер арасында ұйымдастырылған өнер байқауында олар бұл әнді көпшілік алдында бірінші рет орындап, көрерменнің көңілінен шыққан болатын. Жұптың әсерлі орындауы сол кездің өзінде тыңдарман жүрегіне жол тауып, сайыстың көркін қыздырғаны әлі күнге дейін айтылып жүреді.

Бүгінде Жабас Құлбалиев 85 жаста, ал оның зайыбы Алухия Әділғалиқызы 84-ке келіп отыр. Қос қазына 5 перзенттің, 13 немеренің және 17 шөберенің ортасында ақыл-кеңесін айтып, өнегелі ғұмыр кешіп отырған өнегелі жанұя. Жастық шақтың жарқын сәттерін, өнерге деген сүйіспеншілікті есіне алған қариялар Шәмші Қалдаяқовтың әндерін әлі күнге дейін құрметпен орындап, түрлі отбасылық жиындар мен көпшілік басқосуларында елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді.

«Шәмшінің әр әні – бір тарих. Әсем сазын орындаған сайын өткен күннің қызыққа толы сәттері көз алдымызға келеді. Халықпен бірге болған сол жылдарды сағынышпен еске аламыз» – дейді олар. 

Ал аудандық жас әнші Назгүл Өтепбергенова бүгінде бұл әнді дуэт түрінде орындап жүр. Жас әншінің айтуынша, ол Шәмші Қалдаяқовтың барлық әндерін сүйіп тыңдайды. 

- «Соның ішінде “Ақ ерке – ақ Жайық” әні ерекше ұнайды. Өйткені бұл туынды лирикаға, махаббатқа толы. Әнді алғаш рет теледидардан естіп, бірден қызығушылығым оянды. Сол сәтте сахнада осы әнді орындау керек деген мақсат қойдым. Кейін Шәмшінің ән кешінде орындап шықтық. Бүгінде бұл ән біздің репертуарымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Әнге деген сұраныс жоғары, көрермендердің де ықыласы ерекше»,-дейді ол. 

Назгүл Өтепбергенованың айтуынша, әуезі әдемі, сөзі жүрекке жақын бұл туынды тыңдарманның көңілінен тез шығады және оңай жатталады. Бүгінде жас өнерпаз бұл ән арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр. 

Халықтың сүйікті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың жауһар шығармалары уақыт өткен сайын жаңаша сипат алып, кейінгі буынның жүрегінен орын табуда. Оның ішінде «Ақ ерке – ақ Жайық» әнінің орны ерекше. Лирикаға толы әуені мен махаббатқа үндейтін терең мазмұны тыңдарманды бірден баурайды. 

Бүгінде эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Айгүл Қосанова және “Каспий” тобының әншілері бұл әнді классикалық үлгіден бастап заманауи өңдеулерге дейін түрлендіріп, қайта жаңғыртып орындап жүр. Сонымен қатар әннің әр буыны — әр тыңдарманға, әр қазаққа туған жер, өзен, табиғатқа деген сағыныш пен махаббатты еске салады. Ол — өткен мен бүгінді, ұрпақты бабадан жалғайтын рухани көпір. «Ақ ерке – ақ Жайық» – ғасырлар өтсе де, жүректерде сақталатын ән. Туған жердің аңсаған жүрек үнін, адамдардың сағынышын, өзеннің жұпар мұңын – бәрін біріктірген ән. 

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT