Абай - тектілігін жоғалтпаған ұлы кемеңгер тұлға

Абай сүрген өмір, ол өткен соқпақ жол әр қазаққа үлкен сабақ.

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен үстіміздегі 2020 жыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған болатын.Осыған сәйкес ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар легін дайындау және өткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Бұдан бөлек, мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспары бекітіліп, Абайдың 175 жылдығын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында өткізуде қолға алынды.

Абай сүрген өмір, ол өткен соқпақ жол әр қазаққа үлкен сабақ. Ол өзі өмір сүрген қоғамның санқилылығына, бұралаң жолдарына қарамастан, өз тектілігін жоғалтпаған ұлы кемеңгер тұлға. Жастайынан білім-ғылымды сүйген ғалым, әр нәрсенің орнын, жөнін білген данышпан. Өмірінің соңына дейін, қазақты сол баяғы кембағал көзқарас пен көрсоқырлықтың құрсауынан шығарамын деп күш-жігерін сарп еткен жаужүрек батыр.

Оның әр шығармасы ізгілік пен тәлім-тәрбиеге бастайтындай, біз көріп-сезіне алмаған табиғаттың небір құпия-сырларын ашатындай. Қара сөздері Хақты танып, халықты тура жолға түсіретіндей құдыретке ие.

Оның поэзиясы арқылы дүние жүзі махаббатты ұғынды. Оның қаншама туындылары бірнеше тілге аударылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандарына жетті. Қазақ әдебиетінде оның салған сара жолы тым бөлек.

Абайдың жолы - қазақтың жолы. Ақынның өзі өлсе де, оның артында қалдырған мұрасы қашанда мән-мазмұнын жоймақ емес.

Қазақтың дара тұлғасы Абайдың өмірі мен өнерін өзгеге таныту біздің басты борышымыз деп білемін. Өзім де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, оқушыларымды ең әуелі Абай жырларымен сусындауға шақырамын. Қолға алған қай-қай шараның да қазақтың рухани жетілуіне үлкен пайдасы болмақ деген ойдамын.

Г.Тәженбаева,

мұғалім

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521