Ақмешітке саяхат

Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жылыойлық бір топ белсенді жастар Ақмешіт кесенесіне саяхат жасап, туған жердегі тарихи орынға сапар шегіп қайтты.

Экскурсияның мақсаты - өскелең ұрпаққа аудан шекарасында орналасқан тарихи нысандардың ерекшелігін таныту, мәдени ескерткіштердің өзіне тән артықшылығы мен өзгешелігін насихаттау болатын.
Жылыой жері талай-талай аңызға арқау болған тарихи нысандар мен ескерткіштерге, қорымдарға, жер асты мешіттеріне өте бай. Сонау көне сармат дәуіріне тиесілі екінші Алтын адам ескерткіші де осы аудан аумағынан табылған. Ал жастар саяхат жасап қайтқан Ақмешіт – ағартушы, абыз, сәулетші атақты Пір Бекеттің кіндік қаны тамып, дүниеге келген жері.
Бекет Мырзағұлұлының өзі жөнінде де, туып- өскен жері туралы да халық аузында көптеген аңыз-әңгімелер айтылып жүр. Көзі тірісінде жер асты мешітін салып, емшілікпен қатар, бала оқытып, рухани ағартумен айналысқан тұлғаның әкесі Мырзағұл, анасы Жәния мен баласы Тоғай осы Ақкиізтоғай ауылынан 31 шақырым қашықтықта орналасқан Ақмешіт қорымында жерленген екен.
Тарихи деректерге сүйенсек, Үстіртте болған экспедиция мүшесі А.О.Дюгамель Ақмешіт туралы «Ақ бор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үш құлаштай үңгірмен жүргенде ені екі жарым, биіктігі кісі бойындай, дөңгелек киіз үй пішінді сағана тамға кіреді. Сыртта құдығы бар» деп естелік қалдырған екен. Негізінен, Бекет атаның ХVІІІ ғасырда салдырған алғашқы жерасты мешітін Кеңес өкіметі құрылар аласапыран кезеңде қасақана оқ-дәрімен жарып, құлатып тастаған. Оқығаны мен білетіні көп үлкендер мешіт орнында қос шұңқыр қалғанын айтады.
Туған өлкесінің баға жетпес, құнды жәдігерімен аяқтай барып, өз көздерімен көріп танысудан жастардың алған әсері ерекше. Олар өздері туып-өскен өңірдің қадір-қасиетін терең түсінгендей болды.
Бүгінде Бекет атаның туған жеріне арнайы саяхаттап келіп, зиярат етушілер өте көп. Саяхатшылардың арасында алыстан арнайылап ат артып келетін, алыс-жақын шетел азаматтары да кездесіп жатады. Алайда, бұл орында басқа өңірлердегідей туризм саласы дамымаған. Аудандағы тарихи-танымдық орындарды туризм орталығына айналдыру жөнінде жергілікті халықтан көптеген үсыныстар түскен болатын. Ол үшін осы ауданымыздың жерінде орналасқан, археологиялық ескерткіштердің, жалпы этнографиялық мұралардың басына келушілерге арнап барлық жағдайды жасау қажет. Оларға ниет етіп, бет алған адамдар, қиналмай жетуі үшін асфальт жол салынып, күре жолдың мәселесі де өз шешімін табуы керек. Жылыойдағы жұртшылықтың пікірі осындай.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521