Аудан жастары арасында үш айға созылған білім бәйгесі өз мәресіне жетті. Қазақша куиз ойындарынан ұйымдастырылған алғашқы лига 8 ойыннан тұрып, мұнда 20-дан астам команда мен 250-ге тарта жас қатысты. Ақылмен айқасып, біліммен шайқасқан дода «Iqas_qulsary» деп аталып, жылыойлықтардың есінде қалды. Ойында бас демеуші ретінде танылған Асқар Төремұрат өз атынан бас жүлде иегеріне түйе сыйлады.
Қарашаның қоңыр салқынында бастау алған жобаға 26 команда тіркелген. Қатысушылар қатарында ұлағатты ұстаздар, саңлақ спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті мәслихат, әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлер және тілшілер де болды. Тіпті, толық жанұя құрамы боп қатысып, бірдей форма киіп ерекшеленген отбасылар да жарыстың шырайын одан әрі ашып, өз білімдерін ортаға салды. Айқастықтарды апта сайын аңсатып, сағындыртқан байқауды жылыойлық жас Ерназ Ахметкәрімов ұйымдастырды. Оның сөзінше, айтулы бәсекеге қолдау көрсетіп, демеушілік еткен кәсіпкерлер саны аз емес. Оның қатарында «Grand Hall» мейрамханасының басшысы Сания Мамбетовадан бастап, «Asu Education» оқу орталығының басшысы Қайрат Қоспанов, «Aka print» мекемесінің директоры Ақжол Реймов, «Diana hadia» киім дүкені иесі Диана Ильясова мен қала әкімі Қадіржан Адиновтар болды. Бұдан бөлек, әр жекелеген тур жеңімпазына ынталандыру сыйлығын беріп, көптің қошеметіне ие болған кәсіпкерлер де бар. Ал IQAS ойынының атышулы сыйлығын атап, тәй-тәй басып келе жатқан куиз мәдениетінде мәрттігін танытқан Асқар Төремұратұлын естен шығаруға болмас. Жұрт алдында жомарттығын танытып, басқа емес, білім бәйгесіне атан түйесін сыйлаған ол ойын туралы өз ойымен бөлісіп:
- Бұны тек сайыс деп айту жарамас. Бұл – үлкен мәдениет. Қазіргі алмағайып заманда жастардың жаман жолға түспей, осындай ортада өз білімдерін ортаға салғаны мақтан тұтарлықтай жағдай. Мұндай жарыстарға демеуші болып, жастарды ынталандырудан еш қашпаймын. Керісінше, ынталы, білімді ұрпақты көргенде қатты қуанамын. Себебі жалынды жастар – жарқын болашақтың кепілі. Иә, басында «куиз» ұғымын түсінбегенім рас. Кейіннен бұл бәйгенің ұйықтап жатқан миды қозғап, интеллектіні арттыруға, сол арқылы дос тауып, жаңа орта қалыптастыруға болатынын түсіндім. Оның үстіне бұл дода жас талғамайды ғой. Жастар деп көп айтқанымызбен, қатысушылар арасында аға буын өкілдері де көп. Бұл куиздың кім-кімге де есік ашатынына дәлел деп білемін. Сондықтан білім бәйгесіне сый ұсыну мен үшін қуанышты жайт болып есте қалды,-дейді бір сөзінде. Осы сөздерден-ақ жобаның жай ғана ойын емес, нағыз зияткерлік алаңға айналғанын аңғаруға болады.
Ойынның негізгі мақсаты – қатысушылардың ой-өрісін кеңейтіп, білімін шыңдау, жылдам ойлау мен нақты шешім қабылдау қабілетін дамыту еді. Ойын барысында спорт пен мәдениеттен бастап, шетел және қазақ әдебиеті, медиа бағыты бойынша әлемдік танымал фильмдер мен қазақ киноларына қатысты түрлі форматтағы сұрақтар қойылды. Бұған қоса, медицина, математика, география сынды нақты ғылымдар мен күнделікті өмірге қажет жан-жақты білімді қамтыған тапсырмалар ойынның мазмұнын одан әрі байыта түсті. Ал Жылыойға қатысты жергілікті тарих, өңірдің тыныс-тіршілігі мен танымал тұлғаларға байланысты сұрақтардың енгізілуі қатысушылардың туған өлкені тереңірек тануына жол ашты. Білім бәйгесінің форматы әдеттегідей өтті. Лига 8 турға бөлініп, әр тур 6 кезеңнен тұрды. Әр сұраққа небәрі 1 немесе 2 минут қана уақыт беріліп, бұл қатысушыларды шапшаң ойлап, бір-бірімен ақылдаса отырып, нақты жауап табуға үйретті. Ал ойынның ең басты қағидаларының бірі – әділдік пен адалдық. Сол себепті ойын басталар алдында барлық қатысушылардың ұялы телефондары арнайы қорапшаларға жиналды. Бұл талап әр команданың тек өз біліміне, логикасына және есте сақтау қабілетіне сүйеніп ойнауына мүмкіндік берді. Бұл туралы ойын ұйымдастырушысы Ерназ Алтайұлы:
- Турнир жоғары деңгейде өтті. Сұраныс та, қызығушылық та өте жоғары болды. Бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, қолдаған кәсіпкерлерге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл игі істің тек қана бастамасы деп білемін. Алдағы уақытта өз жалғасын тауып, жалынды жылыойлық жастар бас қосатын алаңға айналады деген сенім мол. Куиз жай ғана ойын емес, бұл білім берудің жаңа бір тетігі, үлкен мәдениет десек те болады. Сондықтан барлық жерлестерімді білімнің бәйгесіне түсуге шақырамын,-дейді ойын жеткізіп.
Бір мезгіл «Google»-сыз ойланған қатысушылар үшін бұл дода нағыз интеллектуалдық бәсекеге айналғаны сөзсіз. Лиганың ерекшелігі, барлық топ әр ойын сайын ұпайын жинақтап, ақтық мәреге дейін жеңістің даңғыл жолында бар күш-жігерлерін салды. Турнир соңына қарай талас пен тартыс одан әрі қыза түсті. Ал, финалдағы сұрақтың көп болуы одан әрі әр бергендей. Лига нәтижесінде «8 сағат» құрамасы чемпион атанып, бұл ретте күмісті еншілеген «Өзіміз ғой» командасы 100 000 теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ үздік үштікке кірген №1 мектеп ұжымынан құралған «Altyn team» құрамасы 50 000 теңге ақшалай сыйақыны иемденді. Ал қолаға бір ұпай ғана жете алмай қалған «Жамағат-IQ» командасы 25000 теңге қаржылай байраққа ие болса, үздік бестікті «Team Вайб» құрамасы түйіндеді. Ақтық айқасқа қатысқан барлық команда құр қол кетпей, қанжығаларын майлап кетті. Бір қызығы, 20-дан астам команда бақ сынасқан ойында «Дос» командасына жасырын демеуші табылып, өз атынан ақшалай жүлде табыстады.
Ұйымдастырушылар мен демеушілердің бірлескен еңбегінің арқасында жоғары деңгейде өткен бұл лига аудан жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Куиз мәдениетінің Жылыой жерінде қалыптасып, жүйелі түрде өткізілуі – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, білімге деген қызығушылығын арттырудың нақты үлгісі бола білді. Алғашқы лига болғанына қарамастан, IQAS ойыны көптің көңілінен шығып, қатысушылардың да, көрермендердің де ыстық ықыласына бөленді. Алдағы уақытта бұл жоба ауқымын кеңейтіп, жаңа форматтармен, тың сұрақтармен қайта оралады деген сенім мол. Себебі білімге негізделген мұндай бастамалар ұлт болашағының берік іргетасы деп сеніммен айта аламыз. Ал куиз ойыны соның жарқын дәлелі болып, жылыойлықтардың жадында ұзақ сақталары анық.
Д. Ізбасарқызы



