Мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып, жастар арасында оның беделін көтеру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда елімізде 2025–2027 жылдарға арналған “Адал азамат” идеалдары негізінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін насихаттау бағытында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Айталық, маусымның 19-ы күні өткен аудан жастарына арналған «Ашық есік» күні – соның айғағы. Мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен сенімді арттыруға бағытталған келелі кездесуге аудан әкімдігінің дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, мемлекеттік қызметтің мазмұны мен маңызын жастарға кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, бұл саланың жауапкершілікке толы екендігін атап өтті. Сондай-ақ жастарға дұрыс мамандық таңдау, сапалы білім алу және қоғамдық жұмыстарда белсенділік таныту секілді өмірлік маңызды бағыттар бойынша ой қозғап, кеңес берді. Шара еркін форматта өтіп, жастар көкейінде жүрген түрлі сұрақтарын қойып, нақты жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара аясында жастар аудандағы ірі өндіріс ошақтарының бірі - “ҚазТрансОйл” АҚ Құлсары мұнай құбырлары басқармасының қызметімен танысты. Сонымен бірге “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы және “Атырау облысы бойынша Еңбек мобильдік орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық Мансап орталығының жұмысын да көріп, оның қызметтері, жастарға арналған мүмкіндіктер мен қолжетімді мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен мағлұмат берілді. Бұл шараның басты нәтижесі – жастардың болашаққа деген көзқарасының кеңеюі, мамандық таңдаудағы сенімі және еңбек нарығына бейімделуіне бағыт-бағдар беруімен ерекшеленді. Жастармен ашық тілдесу олардың мемлекетке деген сенімін арттырып қана қоймай, жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Әрине, Жылыой жастарының білімге, еңбекке, қоғамдық өмірге белсенді араласуға деген ұмтылысы бізді қуантты. Алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулер өз жалғасын табады деген сенімдемін.
Алмат ТЕМІРЖАНОВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл