«Жас толқын – 2025»

Жуырда ауданымызда Тәуелсіздік күні қарсаңында «Жас толқын–2025» жас мамандарды марапаттау кеші өтті. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шара мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, адал еңбек пен кәсіби біліктілікті дәріптеуді мақсат етті. Кешке аудан жастары, сала мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері мен қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында сөз бастап, жалынды жастардан құралған көрермендерді еліміздің егемендік алған күнімен шын жүректен құттықтап, одан әрі олардың қоғамдағы орнына тоқталған аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Дана Баймағамбетова жас мамандардың ел болашағындағы рөліне ерекше тоқталып, еңбегімен табысқа жеткен жұмысшыларды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл туралы ол:

– Қандай салада болмасын адал еңбек етіп, кәсібін жетік меңгерген маман қашан да құрметке лайық. Бүгін марапат алатын жастар ел ертеңіне жауапты, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтар. Барлығы да өз саласының үздігі, көшбасшысы деп айта алар едім. Оларға жыл соңында демеу болып, жігерлендіру мақсатында алғысымызды білдіріп, осындай игі шара ұйымдастырдық. Мұнда ауданның денсаулық, білім, спорт, мәдениет саласына өз үлесін қосып, биылғы жылы абыройлы еңбек еткен жастар бар. Міне, сол жастарды кейінгі ұрпаққа насихаттап, есімдерін ұлығылау негізінде оларға арнайы марапаттарымызды табыстауға жиналып отырмыз. Еліміздің дамушы жастары жасасын! Осындай еңбекқор ұрпақ барда тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болады,-деді ойын жеткізіп. 

Шара барысында Жастар ресурстық орталығының жыл басынан бері атқарған жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды. Бүгінде ауданда 14 пен 35 жас аралығында 27 мыңнан астам жас бар. Соның ішінде Құлсары қаласында 21000-нан аса, ал кент пен ауылдық округтерде жалпы саны 6000-нан астам жас тұрады. Жастар ресурстық орталығының бастамасымен оларға жыл басынан бері 131 іс-шара өткізіліп, түрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына ие болған төрт жасқа бір миллион теңгеден табысталып, «Talaptan Jylyoi» жобасы аясында үш әлеуметтік грант иегері анықталды. Одан бөлек еріктілер арасында «Birge Qadam» ұйымы құрылып, бүгінде мұнда 90-ға жуық ерікті жас белсенді жұмыс атқаруда. Бұл ретте қайырымдылық, тазалық және әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы акциялар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер, плоггинг жарыстары мен ерекше форматтағы шаралар өтіп, жүздеген жас қамтылды. Оған жуырда ғана аудан жастары арасында алғаш рет өткен «Таза аула» байқауы дәлел еді. Жастарды қала көшелерінен бөлек, өз үй ауласын да таза ұстауға шақыратын жобаның негізгі мақсаты да осы ауданның тазалығы болды. Бұдан бөлек биыл орталық арқылы білім мен дамуға бағытталған интеллектуалдық ойындар, тренингтер, спорттық жарыстар мен шығармашылық жобалар да тұрақты түрде өткізілді. 

Биыл жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асқан «Өзгеріс» жобасына да ерекше көңіл бөлінгені рас. Аталған жоба арқылы жастар шаш қию, бет әрлеу, жиһаз жасау және дәнекерлеу бағыттары бойынша арнайы курстардан өтіп, өз кәсібін ашуға немесе тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Оқу курстарын аяқтаған қатысушыларға сала мамандары салтанатты түрде сертификаттар табыстады. Бұл ауданымыздың жастарымен үздіксіз жұмыс жасайтын Жастар ресурстық орталығының бір жыл ішінде жеткен жетістіктері ғана. Еленбей қалып жатқаны қаншама?! Сол сияқты жыл соңында үздік жас мамандарды марапаттап, олардың жүйелі жұмыс жасағандарын елеп-ескеріп жатқандығы орталықтың жастарға деген ыстық ықыласы еді. Салтанатты кеште 30-ға жуық жас марапат алып, көрермен қошеметіне бөленді. Олардың арасында 8 жас «Жұмысшы маман» номинациясымен ұлығыланып, одан бөлек «Жас фельдшер», «Жас өрт сөндіруші, «ІІО қызметкері», «Жас спортшы», «Жас мобилограф», «Жастар жанашыры», «Жас мемлекеттік қызметкер», «Жас әлеуметтік қызметкер», «Жас кітапханашы», «Жас тілші», «Жас эко-белсенді», «Жас байланыс қызметкері», «Жас қаржы қызметкері» мен «Жас мәдениет қызметкері» сынды номинациялармен әртүрлі саладағы үздіктер жетістік тұғырынан көрінді. Солардың бірі «Жастар медиа креаторы» номинациясын иеленген Нұрлыбек Амандық еді. 1 жыл бұрын «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына қатысып, грант ұтқан шығармашыл жас мұндай марапат үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп: 

-Шыны керек, шығармашылыққа ден қойғаныма көп уақыт өтпеді. Соған қарамастан үздіктер арасынан табылып, жұмысымның ескеріліп жатқанына қуаныштымын. Бұл ретте мені және менің жобамды қолдаған аудан әкімі Жұмабек Қаражановқа ризашылығымды білдіргім келеді. Алғаш рет Жылыойға мультфильм жанрын әкелгенімді көрген ол бірден қолдай кетті. Осындай қолдаудан кейін тоқтағаным дұрыс емес болар деп әлі де осы медиа бағытын дамытуға жұмыстанып жатырмын. Ал бүгінгі марапат сол алдағы жарқын жобаларыма демеу болғаны рас,-дейді өз сөзінде.

 Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, сахна төрінде шырқалған әндер жастардың жігерін арттырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жиын қорытындысында ұйымдастырушылар ел болашағы саналатын жастардың еңбегі әрдайым бағаланып, қолдау таба беретінін атап өтті. Иә, «Жас толқын–2025» жас мамандарды марапаттау кеші тәуелсіз елдің тірегі – еңбекқор жастар екенін тағы бір мәрте айқындап, жас ұрпаққа сенім мен серпін сыйлаған тағылымды шара ретінде есте қалды. Ұйымдастырушылардың сөзінше іс-шара алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT