Жалынды жастар – Жылыой болашағы

Жуырда Атырау қаласында Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының марапаттау кезеңі өтті. Белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруда оқ бойы озық тұрған жобаға жан-жақтан білімді қыз-жігіттер қатысып, ауданымыздың үш бірдей үміткері мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Жобаға өтінім қабылдау осыдан бірнеше ай бұрын басталып, ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен таралған еді. Оған облыстың әр өңірінен 5 бағыт бойынша 14-35 жас аралығындағы жастар қатысып, өз жобаларын ұсынған болатын.

Атап айтсақ, ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған – «Ғылым», еліміздің мәдени мұрасын танымал етуге, халықтың дәстүрі мен өнерін ілгерітуге бағытталған – «Мәдениет», жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды әзірлеуге арналған – «Ақпараттық технологиялар», экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған – «Бизнес» және жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін – «Медиа» бағыттары бойынша жастардың тың идеялары жарық көріп, үміткерлер қоғамға маңызы бар заманауи жоба дайындауда алдарына жан салмаған. Нәтижесінде әр бағыт бойынша 2 грант бөлініп, соның ішінде 3 грант жылыойлықтарға бұйырды. Жобаға қатысуға өтінім беріп, «Медиа» бағыты бойынша грант ұтып алған қатысушының бірі Нұрлыбек Амандықов өз сөзінде конкурсты аудандық Жастар ресурстық орталығының инстаграм парақшасынан көргендігін жеткізді. Сондай-ақ ол өз сөзінде:

- Өзім көптен қазақи контентті жандандыру үшін ютуб арна ашқым келген. Басында бұл ой маған арман болды. Кейін мақсатқа айналды. Ағымдағы жылдың басында бұл ойды іске асыру үшін білек сыбана кірісіп, қолға алған болатынбыз. Алайда, бәрімізге мәлім, сәуірдегі тасқыннан кейін жобамыз тоқтап қалды. Бірақ, ештен кеш жақсы. Жастарға арналған осы жобаны жыл аяғында естіп, медиа саласы бойынша жобамды ұсынып көрдім. Нәтижесінде грант жеңімпазы атандым. Жобам кішкентай бүлдіршіндерге арналады. Яғни әуенді ертегілер мен танымдық бағдарламаларды қамтитын қазақ тіліндегі ютуб арна.

Мақсатымыз – қазақ балаларының шетелдік бағдарламаларға тәуелді болмай, өзіміздің қазақи салт-дәстүрімізді сақтай отыра, ұлттық ойындар мен қазақ ертегілеріне қызықтыру,-дейді. Бұдан бөлек ауданымыздың мәдениет саласына өзіндік үлесін қосуға жұмыстанып, «Мәдениет» бағыты бойынша «дәстүрлі садақ ату» кәсібін ұсынған Бағдат Ертүгел мен «Бизнес» бағыты бойынша ірімшік өндірісін ұсынған жас кәсіпкер Мейрамгүл Асауовалар да жоба жеңімпазы деп танылып, ауданымыздың мақтаныштарына айналды. Грант иегерлеріне мемлекет тарапынан 1 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай қолдау табысталып, жастар келер жылды үлкен жоспармен бастағалы отыр. Ендеше, ауданымыздың жаңашылдыққа қол созған жалынды жастарына сәттілік тілеп, жақсы жаңалықтармен қуанта беруіне тілекшіміз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT