Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде Халықаралық студенттер күніне арналған «StudFest-2024» фестивалі өз мәресіне жетіп, марапаттау кеші өтті. Ауқымды шараға аудандық ішкі саясат бөлімі, аудан әкімі аппараты, Жастар ресурстық орталығы және ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты. Сахна шымылдығы ауданымызға белгілі «Жем аруы» халықтық би ансамблінің орындауында «Жылыой аруы» биімен ашылды. Одан кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрболат Сарманов сахна төріне шығып, студенттерді келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтады.
- Әр адамның жадында ерекше естеліктермен жатталып қалған студенттік өмір ешқашан ұмытылмайды. Қызығы мен шыжығы мол осы бір керемет шақтың қашанда жүрек төрінде қаларын сеземіз. Бұл орайда бүгінгі төл мерекемен ауданның арнайы оқу орындарының барлық студенттерін шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің үнемі ізденіс үстінде болып, табысты болуларыңызға және студенттік шақты мағыналы да қызықты өткізулеріңізге тілекшімін. Бұл байқау осындай арнайы білім ордасындағы шығармашыл, дарынды, талантты жастарды анықтау мақсатында өткен болатын. Шараға белсене қатысқан студенттер мен олардың жетекшілеріне алғысымды білдіргім келеді,-деп оқу мен қоғамдық жұмысты қатар алып, өз қатарынан бір адым алда тұрған бірнеше студентті Алғыс хатпен марапаттады.
Үш күнге созылған байқау қарашаның 12-ші жұлдызында басталып, аудан колледж студенттері спорт, өнер, білім, мобилография салалары бойынша сынға түскен болатын. Шығармашылық бағытта да, білім жағынан да өздерінің озық екендігін дәлелдеген студенттер мен колледждер осы шарада марапатталып, елдің алғысын арқалады. Көрерменге толы кең залда ине шаншар орын болмай, жалындап тұрған жастардың қошеметі бір тоқтамады. Әні мен күйі қатар шалқыған фестивальде аудан жастары үшін өз тілегін білдіруге келгендер қатарында аудан прокурорының орынбасары Нұрболат Сұлтанов та бар еді. Ол өз сөзінде аудандағы құқық қорғау органы мен прокуратура қызметкерлері нашақорлыққа қарсы бағытталған іс-шараларға байланысты жастар арасында түсіндірме жұмыстарын өткізіп жүргенін жеткізіп, студенттер жиналған кеште әлеуметтік маңызы зор бейнеролигін ұсынды. Дуылдасып, шуласып отырған қала жастарына толы зал бір сәт тына қалып, мағынасы терең роликтен сабақ алды.
Әрі қарай шара аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Жансая Нұрғазиеваның студенттерді марапаттауымен жалғасты. Одан кейін жиналған жұрттың назарын бұрғызған Қайрат Жұмағалиев қазақтың қара домбырасын қолына алып, «Күй шашу» шығармасын шалқытты. Жас әнші Гүлден Мәлік «Бақыт деген» әнін тамылжыта шырқап, «Ұшар» би тобы «Кербез ару» туындысымен мың бұрала билеп, қасиетті сахнаның көркін қыздырды. Сонымен қатар «Мед-Профи» колледжінің бір топ студенті заманауи бидің түбін түсіріп, жастар арасындағы танымал өнердің шырайын аша түсті. Айта кетсек, тартысқа толы үш күн ішінде студенттер өзара сайысқа түсіп, кіші кубоктарды иеленген болатын. Ал қорытынды кеште осы кіші кубокты көп жинаған колледж студенттері үздік деп танылып, супер кубокпен марапатталды.
Атап айтсақ, Т.Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері І орынды қанжығасына байлады. Олар супер кубокты иеленіп, 300 000 теңге көлемінде қаржылай байраққа ие болды. Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай-газ және технологиялық колледжі ІІ орынды жеңіп алып, 200 000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Ал «Мед-Профи» колледжінің студенттері ІІІ орынды қанағат тұтып, 100 000 теңгелік сыйлықты болды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ