Майкөмгеннің 60 жылдығына арналған аудан азаматтарының қатысуымен алғаш рет қазақша Quiz ойыны өтті. Аталған ауылдық округтің орталығындағы ауыл мәдениет үйінде ұйымдастырылған сайысқа жеті бірдей команда қатысып, интеллектуалдық доданың қызықты өтуіне септігін тигізді. Жыл басынан бері аудан жастары арасында үздіксіз ұйымдастырылатын бұл ойын осы жолы Майкөмген ауыл жастарынан құралған «Өзіміз ғой» командасының ұйытқы болуымен өткен-ді. Оған ауыл тұрғыны Мизамбай Жексенбаев пен жеке кәсіпкерлер Нұрсапа Сауытов, Орынбай Сәденов, сондай-ақ №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Алтынбек Сағыновтар демеушілік етіп, қолдау білдірген.
Бұл ойынның өзге ойындардан бір басым түскен тұсы қатысушылардың жас ерекшелігінде шектеудің жоқтығы еді. Құжаттағы жасы үлкен болғанымен, көңілі жас кейбір ойыншылар осылайша заманауи ойынға белсене қатысып, бір жасап қалғаны рас. Екі сағатқа созылған тартысты дода алты кезеңнен тұрды. Алғашқы үш кезеңнен кейін қатысушыларға 15 минуттық үзіліс беріліп, дастарханнан дәм татуға мүмкіндік жасалды. Және командалар алғашқы кезеңдегі ортақ ұпай санын осы үзілісте көре алды. Ойыншыларға сан түрлі саладан сұрақтар келіп, өзіміздің аудан төңірегіндегі тарихи оқиғалар мен ескерткіштер атауы да жасырылды. Сонымен қатар 60-70 жылдардағы әлемдік танымал кинолардың саундтректерін де табуға тура келді.
Ұйымшылдықтың айқын көрінісі бола білген командалар сөзжұмбақтарды оңай шешіп жатты. Өз білімдерін сынға салған командалар құрамында Майкөмген ауылының «Толтыр» командасы, аудандық мәдениет бөлімінен құралған «8 сағат», БАҚ өкілдерінің «Төртінші билік» командасы, мұғалімдер біріккен «19 мектеп», жігіттерден құралған «J-IQ» командасы мен «One бір», «Опорный мектебі» командалары болды. Жастар арасында интеллектуалдық ойындарды ұйымдастыру арқылы қала тұрғындарының зияткерлігін арттыруды көздеген игі іс бір демде өте шықты. Көрерменнің көңілінен шықты. Бұған дейін де ұйымдастырылып жүрген Quiz ойындарында топ бастап жүрген үздіктер бұл турнирде де мықты екенін дәлелдеді. Атап айтсақ, алты кезеңдегі ортақ ұпайдың қорытындысымен Майкөмген жігіттерінен құралған «Толтыр» командасы I орынға ие болса, II орын «J-IQ» командасына бұйырды.
Сондай-ақ III орынды аудандық «Кең Жылой» газетінің тілшілерінен құралған «Төртінші билік» командасы иеленді. Үздіктер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында ойыншылар арасынан жастардың таным-көзқарас көкжиегін кеңейтетін іс-шаралардың жалғасын таба беруіне ниет білдіргендер де болды. Осылайша ауыл төңірегінде алғаш рет өткен интеллектуалдық ойын өз мәресіне жетіп, командалардың барлығы көңілді тарқасты.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ