Ұлттың ең асыл құндылығы

Қазақ тілі – әлемдегі ең бай да әдемі тілдердің бірі. Оны тек қазақ қана емес, тілімізді зерттеген әлем ғалымдары да мойындап кеткен. Мәселен, түрколог Платон Мелиоранский «Түркі тілдерінің ішінде ең байы қазақ тілі екенін бүкіл зерттеуші мойындаған» десе, татардың әйгілі жазушысы Хасан Туфан "Сырлы тіл, жырлы тіл, нұрлы тіл - қазақ тілін ғасырлар бойы қастерлеп сақтағандарыңыз үшін, қазақ бауырлар, сіздерге бек зор рахмет!" деген екен. Расында да, қазақ тілінің қилы кезеңдерден жоғалмай ұрпақтан-ұрпаққа жетуі ата-бабамыздың биік рухы мен ұлтына деген сүйіспеншілігінде жатыр.

Бірде балабақшадағы ата-аналар жиналысына қатыстым. Қызымның тәрбиешісі - ұзақ жыл балабақшада педагог болған білікті маман. Сол тәрбиеші апай ата-аналарға балаларымен үнемі сөйлесіп отыруға кеңес берді. Жиналыста айтылған ұстаздың мына әңгімесінің ойымда ерекше сақталып қалғаны бар.

–Балалар қазір теледидарды көп тамашалайды. Әсіресе, ұялы телефоннан түрлі «видеоларды» қарап отырады. Тілі енді ғана шығып, былдырлап сөйлеп келе жатқан 2,3,4 жастағы балалар орыс, ағылшын тіліндегі сөздерді айтып жүреді. Біз, ата-аналар, соған мәз боламыз. «Балам орысша сөйлейді, ағылшынша біледі» деп өзге тілде айтқан бір-екі сөзіне қуанып отырамыз ғой. Бірақ, ақиқатында ол балалар сол сөздерін өздері түсінбейді. Олар тек үнемі құлағымен естіп жүргенін ғана жаттап алған. Біз соны шатастырып, одан әрі оларға орысша сөйлейміз. Содан кейін бала не қазақ тілінде анық сөйлей алмай, не орысшасы келіспей қиналып жүреді. Біз баламен құрсағымызда жатқан кезінен бастап, ол өмірге келгеннен кейін ақ сүтімізді беріп отырған уақытта да қазақша сөйлесіп, туған тіліміз – қазақ тілінде әңгіме айтсақ, ол баланың ана тілі де ерте шығатын еді,-деді байыппен түсіндіріп.

Расында, баланың ана тілі ананың ақ сүтімен даритыны сияқты, туған тілінде анық сөйлеп, оны жақсы көруі өзімізге, ата-аналарға, байланысты екені сөзсіз. Бір қуанатынымыз, қазір бесік жырын жырлап, ертегі айтатын аналар көбейіп келе жатыр. Оны да балабақшаға баратын балалардың сөз саптауынан, ертегіні тыңдап, түсіне алатын қабілетінен аңғарып жатады екен ұстаздар.

Әрине, «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой. Бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден алыстап кетпеуіміз керек. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол - қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырамас белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер - мәңгүрт. Тілдерді дамыту – елдердің мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан оның маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты аша түсуге, жұрттың оған деген сенімін нығайтуға күш салғанымыз дұрыс. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «Тама-тама тамшыдан дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деп ойлаймын.

Еліміз тәуелсіздігін алып, жұртымыз туған тілімен, дінімен, ділімен қайта қауышқан сәттен бастап мемлекеттік тіл – қазақ тіліміздің бұғанасы қатайды. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғалы, ол еліміздегі барша ұлт өкіліне ортақ тіл ретінде саналады. Яғни қазақ тіліміз – Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін елдің патриоты санайтын барша азаматтың тілі.

Біздің қазақ халқының тілі – өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл ақылдың - өлшемі. Тіл - адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер- білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Сондықтан біздің ана тіліміз еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру - әрқайсымыздың борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі.

Жоғарыда айтқандай, қазақ тілінің мәртебесі биік болсын десек, қазірден бастап балаларымызға бесік жырын, ертегі мен аңыз-дастандарды айтып отыруымыз керек. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып білуі тиіс. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Тілсіз халықтың өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын жарқыратып көтеруіміз керек. Бойында намыс, жүрегінде туған жеріне деген сүйіспеншілігі зор текті адам мұны өзінің азаматтық парызы санайды.

П.ТӘЖІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521