Құлсары жастары қоғамға маңызды жобалар іске асыруда

Дәріс өткізуші тәлімгерлер арнайы Британдық кеңестің тренерлерінен 3 күндік оқу тренингінен өткен.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Атырау облысы Құлсары қаласы және Маңғыстау облысы Боранқұл ауылы бойынша «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры жастар мен жасөспірімдердің бойында өмірлік маңызы бар дағдыларды дамытуға арналған «Жалын» жобасын бастаған болатын. Жоба Атырау облысы Білім беру басқармасы мен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының өзара серіктестік меморандумы негізінде «Теңізшевройл» ЖШС-ның қаржылық қолдауымен іске асуда.

«Жалын» жобаның мақсаты – жастарға өзін-өзі тануды, коммуникативтік дағдыларды, қаржылық сауаттылықты, әлеуметтік құзыреттілікті және кәсіби өзін-өзі анықтау қабілеттерін дамыту.

- Қазіргі білім беру жүйесі үнемі дамитын процесс болғандықтан, жеке тұлғаның жан жақты дамуының фундаменті мектептегі білім беру жүйесі болып отыр. Сондықтан бұл жобаның мектептегі білім беру жүйесіне қосар үлесі көп деп білемін,- деп атап өтті өз сөзінде «Жалын» жобасының координаторы Жанібек Нұрсейіт Жанібекұлы.

Аталмыш жоба Құлсары қаласы бойынша 11 мектепте карантиндік-санитарлық талаптарды сақтай отырып, 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдері арасында іске асуда. Жоба үш кезеңнен тұрады және әр кезеңді сәтті аяқтаған қатысушыларға сертификат табысталады.

Қазіргі таңда жобаның бағдарламалық жоспарына сәйкес Құлсары қаласының мектептерінде 2 кезең бойынша оқыту жұмыстары аяқталған болатын.

05102021

Екініші кезеңге жалпы саны 600 қатысушы қатысқан. Ендігі кезекте жобаның 3-ші кезеңі жалғасын табуда. Жыл соңына дейін жоба аясында 900-ден астам қатысушы сертификатталатын болады. Жоба тренингін арнайы сертификатталған тәлімгерлер жүзеге асыруда. Дәріс өткізуші тәлімгерлер арнайы Британдық кеңестің тренерлерінен 3 күндік оқу тренингінен өткен.

- Мен бұл жобаға өте ризамын. Өйткені бұл жобада жастар өміріне керекті дағдылар мен мақсаттарына жетуге деген қабілеттерін дамытады. Олар бұл жобада адамдармен қарым-қатынастарын жақсартуды, шешім қабылдауды, топпен жұмыс істеуді, өзіне деген сенімділігін арттырады. Өз ойларын ашық айтуға және өзгелермен бөлісуге үйренеді, - деп атап өтті өз сөзінде жоба тренері Турмагамбетова Бакытгуль Ахметовна.

Әр кезеңнің соңында оқушылар қоғамдық жұмыс істеу үшін, қоғам дамуына өз үлестерін қосу мақсатында әлеуметтік жобалар іске асырды.

Оқушылардың әлеуметтік жобаларды түрлі тақырыпты қамтыды, соның ішінде, “Табиғатты аялайық”, “Таза қала” жобалары аясында топтың ұйымшылдығы, балалардың шешім қабылдау дағдысы, қақтығыстарды шешу, командамен жұмысты жақсарту үшін тренерлер тимбилдинг ойынын өткізіп, мектеп ауласына сенбілік жұмыстарын жүргізіп, қоқыстан тазартып, ағаштарға су құйды. Оқушылар әлеуметтік аз қамтылған жандарды да ескерусіз қалдырмады. Олар жалғызбасты, көмекке мұқтаж адамдарға көмек беру мақсатында Құлсары қаласының тұрғыны жалғызбасты Абдулла қария мен Манот қарияның үй ішіне тазалық жұмыстары жүргізіп, көмек көрсетті. Ер балалар қарияның ауласын ретке келтірсе, қыз балалар үй іші жұмыстарына тазалық жасады. Қария өз ризашылығын білдіріп батасын берді. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстану мақсатында ащы сусынның зиян екендігін насихаттайтын көрініс қойылып, флешмоб ұйымдастырылса, “Көңіл күй сыйы” жобасы аясында қала тұрғындарына көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі түсті шарларға тілектер жазылып таратылды.

- Мен "Жалын" жобасына келгенге дейін өте тұйық едім, адамдар ортасында өзімді еркін ұстап өзімнің пікірімді, ішкі ойымды дұрыстап жеткізе алмайтынмын. Жоба мені ортада өзімді қалай ұстауды, адамдар әртүрлі болуы тиісті екенін, әр адамның тұлға ретінде өз өмір сүру стилі болатынын ұғындырды. Жобадағы тақырыптар, әсіресе өмірдегі күтпеген кездейсоқ жағдайда шешім қабылдау керектігін үйретті. Сонымен қатар мамандық таңдауда қателеспеу, өз ішкі түйсігіңді қалыпқа келтіру, ата-анаңмен және жаныңда жүрген жақын адамдар мен қалай сөйлесу керек екенін үйретті. Менің мінезімде көп өзгерістер пайда болды, қазір мен ойымды ашық айтып жеткізе аламын, мен өзімді қоғамдық ортада еркін ұстаймын, мен болашақ мамандығымды таңдадым. Бұл мен үшін үлкен жеңіс, - деп өз сөзінде 9 «б» сынып оқушысы Данабай Эльвира атап өтті.

Тренерлердің айтуынша, қатысушылардың жобаға қатысудағы белсенділігі, қызығушылығы, өз ойларын еркін жеткізуі, қоғамда тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткенін аңғартады. Қатысушылардың ата-аналарымен қарым қатынасы да одан сайын жандана түсіп, олармен еркін сырласып, өз ойларын анық жеткізе алатындай деңгейге жетуіде көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан да ата-ана тарапынан да жобаға арнайы алғыс білдірушілер саны артуда.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521