Көз ашқаннан көретіні –Шрек пен «Маша и медведь»...

ЕЛІМІЗДЕ МУЛЬТИПЛИКАЦИЯЛЫҚ КИНО ЖАСАЙТЫН 10-НАН АСА КИНОСТУДИЯ БАР. СОҢҒЫ ЕЛУ ЖЫЛДА ҰЛТТЫҚ АННИМАЦИЯМЫЗ ДАМЫП КЕЛЕДІ. АЛАЙДА КЕМШІЛІК ТЕ ЖОҚ ЕМЕС...


ҚАЗІРГІ ТАҢДА ОТАНДЫҚ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН КӨРКЕМ ФИЛЬМДЕР МЕН АННИМАЦИЯЛЫҚ МУЛЬТФИЛЬМДЕРДІ «BALAPAN” Т.Б АРНАЛАР БҮЛДІРШІНДЕРГЕ КӨРСЕТІП ЖҮР. БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ БАҒЫТТАҒЫ АННИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕРДІ КӨПТЕП ШЫҒАРУШЫЛАРДЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ “САҚ” КИНОСТУДИЯСЫН АЙТУҒА БОЛАДЫ. АТАЛҒАН КИНОСТУДИЯНЫҢ ҚОРЫНДА 60-ТАН АСТАМ АННИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ БАР. АТАЛҒАН КИНОСТУДИЯЛАР ҚАЗІРГІ ТАҢДА ӘР ЖАНРДАҒЫ ТУЫНДЫЛАРЫН ХАЛЫҚҚА ӨТІМДІ ҚЫЛЫП ҰСЫНУҒА БАРЫН САЛУДА. АЛАЙДА, “ҚАЗАҚФИЛЬМ” СЕКІЛДІ ТАНЫМАЛ БАСҚА ДА КИНОСТУДИЯЛАР ШЫҒАРЫП ЖАТҚАН ФИЛЬМДЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛМАҒАН ЕКЕН. ОСЫ ОРАЙДА «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАКӨЗ БҮЛДІРШІНДЕРІН ЖАЛЫҚТЫРМАЙТЫН, ҚАЗАҚ КӨРКЕМ ФИЛЬМІ МЕН АННИМАЦИЯЛЫҚ МУЛЬТ-ТОПТАМАЛАР НЕГЕ КӨПТЕП ТҮСІРІЛМЕЙДІ?» ДЕГЕН ОРЫНДЫ СҰРАҚ ТУЫНДАЙДЫ.
Еліміздегі киноиндустрияда әр жыл сайын ауқымды жобалар жүзеге асу үстінде. Біршама отандық картиналарды әлемдік кинопрокаттардан да көріп жүрміз. Алайда, балаларға арналған отандық мультфильмдер мен фильмдер саусақпен санарлықтай аз десек те болады. Содан болар, қазіргі кезде кішкентай балаларға үлкендерге арналған мультфильмдер ұсынылады және оларды баланың ой-өрісі қабылдай ала ма деген мәселе ешкімді толғандырмайтын сияқты. Бұл картиналардың арасында балаға кері тәрбиелік әсер беретін мультфильмдер де бар. Бұндай мультфильмдерді қараған бала ашушаң, көңіл-күйі кейіпкерге еліктегіш, үлкендермен қарым-қатынасы онша емес және сөйлеген сөздері дөрекі болады. Сондықтан, мультфильмдерге сараптама жасауды жөн көрдік.
Мультфильм – балалардың ой өрісі мен тілін дамытып, жаттықтыруда маңызы бар туынды. Алайда, зиянды тұстары да жоқ емес. Осы орайда, ата-аналар “мультфильмдердің өсіп келе жатқан баланың психикасы мен ойлау қабілетіне кері әсері жоқ па?!” деген сұрақ төңірегінде бас қатыра бермейтіні шындық. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, өзіміз де балаларға теледидарды қосып беріп немесе смартфон планшеттерін қолына ұстата сала, кез-келген шетелдің мультфильмін қойып беріп жатамыз. Балдырғандарымыз көзін аша салғаннан шетелдік мультфильмдердің Шрек, Маша және аю, супермен секілді т.б кейіпкерлерімен «дос» болады. Мұның зияны да бар. Неге? Біріншіден, психологтар шет тілінде мультфильмдерді күн сайын көретін баланың тілі кеш шығады және қоршаған ортаны қабылдау қабілеті де баяу дамиды деген пікірде. Ойлап көріңізші, үйде ата-анасы мен басқалар қазақ тілінде , ал теледидарда өзге жат тілде сөйлеп жатса, бұл бала психикасында тоқырау тудырмай ма?! Үнемі Ресей немесе шетелдік мультфильмдерді көре берген сәби өз ана тілінің құнары мен уызына қалай қанбақ? Өйткені ата-анасы жұмысбасты болып, баласымен үнемі бірге отыруға қолы тимегендіктен, алдарқату үшін оны Шректің немесе «Маша и медведьтің» қасында оңаша қалдырды емес пе?! Мұндай дүбәра тәрбие кішкентай сәбидің миын әбден қатырады. Невропатолог дәрігерлер осындайдан ой-санасы дамымай қалған бүлдіршіндердің жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығын айтады. Мәселен, бір бала жасы төртке толса да сөйлей алмай, тіптен ата-анасының шақырғанына да мән бермейтін болған. Дәрігерлер бала психикасында ауытқушылық бар екендігін анықтаған. Ата-анасынан сұраған кезде, олардың сәбиіне ес білгеннен шетел мультфильмдерін көрсетіп, алдарқатқанын білген. Міне, өзге жат тілдегі мультфильмдердің бір «пайдасы» осы. Екіншіден, шетелдік аннимациялық картиналарды көп көрген бала өз тілі мен ұлттық болмыс, рух тәрізді қасиеттерден мақұрым қалады. Дәстүрлі ұлттық тәрбиесі кемшін бала шетелдік кинолардағы дөрекі, қатігез кейіпкерлер тәрізді қазақ менталитетіне жат мінез-құлыққа ие болады. Біз бүгінде ата-аналарын тыңдамайтын, әке-шешесін Қарттар үйінде қалдыратын жандар неге көбейді деп аң-таң боламыз. Оның бір себебі, баланың туғаннан ұлылыққа негізделген ұлттық тәрбиенің уызына қанбағандығынан екендігі даусыз. Сол себепті, отандық балаларға арналған мультфильмдер көптеп шығарылса, бүлдіршіндерге пайдалы болмақ. Дегенмен, ұлттық нақышта киінген, тарихтан сыр шертіп, батырларды арқау еткен санаулы мультфильмдер мен фильмдерді анда-санда қайталап ұлттық арналардан көрсететіні бар. Солардың қатарында «Саған күшік керек пе?», «Алты жасар Алпамыс», «Аңшы бала» сынды туындыларды айтсақ болады.
Қазақ мультипликациясы туралы айтсақ, көбімізге таныс, шыққанына көп жылдар болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр” мультфильмін ауызға аламыз. Ұзақтығы 10 минутты қамтитын бұл мультфильмді қазіргі жас бүлдіршіндеріміз көрмейтіндігі өкінішті-ақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын, қазақ мультфильмдері тарихындағы тұңғыш ұлттық толық метражды “Ер Төстік және айдаһар” атты аннимациялық фильм жарыққа шыққан болатын. Төл арналарымызда көрсетілген бұл фильм көрермендерді өзіне қарата білген еді. Ұл-қызым елін сүйген, қазақы тәрбиеге орай ата-анасын қадірлейтін болып өссін десеңіз, өз елімізде шығарылған ұлттық аннимациялық фильмдерді балаларыңызға көрсетіңіз.
Психологтардың пікірінше: егер мультфильмде басты кейіпкер ашушаң, қатыгез, зұлымдық әрекеттер жасап, кейіпкер соңында жеңіске жетсе, онда бұндай аннимациялық фильмдерді көрсетуге болмайды екен. Эпизодтарда адам тарапынан жан-жануарларға, табиғатқа қиянат жасалмауы керек. Сол себепті бүлдіршіндеріміздің қарап жүрген мультфильмдеріне қадағалау жасау маңызды екені айдан анық.
Жалпы мультфильдерді көрсетіп қойып, күнұзақ өзге шаруаға алаңдап немесе смартфон шұқылап отырғанша, балаңызды түрлі ойыншықтармен ойнатып, таза ауада серуендеткен әлдеқайда пайдалы.


А.МОЛДАШЕВ, Журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521