Мүгедек сөзі адамның арманына шектеу қоя алмайды

«Мүгедек» сөзі көп адамның арманына, мүмкіндігіне шектеу қоя алмайды. Рухы мықты жандарға денесіндегі кемістік кедергі келтірмейді. Жаңа Қаратон кентіндегі №23 мектепте кент әкімі және танымал спортшысы Талғат Жұмағалиевтың ұйымдастыруымен параспорт саңлақтарымен кездесу өтті. Атап айтсақ, жүзуден 9 дүркін Қазақстан чемпионы, 2 дүркін Азия ойындарының чемпионы, 8 дүркін Әлем чемпионы, параспортшы Ержан Сәлімгереев және қоғам белсендісі Әнуар Иманалиев жастармен кездесті.

Кездесу барысында әлем чемпиондарының өмірбаяны, жеткен жетістіктері мен өмірдегі басынан өткен қиындықтары айтылды. Оларға асқақ арман, тынымсыз жаттығулары жеңіске жетудің кілті болған. Кейде қарсыластың жолы болып, жеңілістің ащы дәмін татқан кездер де болатынын, дегенмен оған бола мойымау керектігін түсіндірді. Сонымен қатар спортшылар жастарды елінің патриоты болуға, ата-ана мен Отан алдындағы міндеттерді ұмытпауға шақырды.

Кент әкімі Сансызбай Баймұратов жастарды жігерлендіріп, әсерлі әңгіме айтып берген параспортшыларға ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті. Алдағы уақытта да байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көріне беруге тілектестігін білдірді. Кездесуге қатысқан тұрғындар жақсы әсер алып, тарасты.

Қ.НҰРТАЙҰЛЫ

COVID 19

covid

Күнтізбе