Ел жүрегі – Астана

Біз Астана күні қарсаңында ауданымыздағы келешегінен үміт күттірерлік сәулетшілердің бірі Құдайберген Ізтілеуовты әңгімеге тартқымыз келген. Кәсіби маманнан әр қазақ үшін қасиетті қала туралы сұрағымыз келген. Бір қызығы ол дәл қазіргі уақытта Астанада жүр екен.

Шаһарлар – бізді қоршаған табиғи ортадағы адамдар қолымен жасалған орта. Оның әр ғимаратының кірпіштерімен қоса сәулетшілердің, инженер-құрылысшылардың дарыны, еңбектері, ой-армандары өрілген. “Қалалар – біздің планетамыздың әлемі, қалалар — өткеніміз де, бүгініміз де, болашағымыз да” деп толғанған еді заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов. Расында қала салу мұрасы адамзат баласының ғажайып көркемдік дамуының ерекше құндылығына жатады.

- Мен қазір ару қаламыз Астанада іссапарда жүрмін. Мамандығым сәулетші болғандықтан елордамыздың сәулеттік құрылысына ерекше мән бердім.

Астананың бас жоспарын жобалаған жапониялық ұлы сәулетші Кисе Курокава қаланың орталығындағы көшенің жобасын күн шығыстан күн батысқа созылған белдеу ретінде жасаған. Нәтижесінде бас қала табиғатпен етене бітесіп, әсіресе күн шығатын және бататын кезде ғимараттар Күн шұғыласымен түрленіп тұрады. Бұл адамдарға керемет эмоция, ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз.

Ал Қазақстанның әр түкпірінен келген қонақтар елорданы өз туған қаласындай сезінеді. Өйткені, еліміздің әр облысындағы ерекше, өзіне тән сәулеттері Астананың ғажайып көркімен үндесіп жатады. Мысалы, жаяу жүргіншілерге арналған «Атырау» көпірі Жайықтың жауһары - бекіре балық тәріздес. Сондай-ақ Жетісу табиғатының сұлулығының бірі – Шарын шатқалын, Маңғыстау үстірттерін, жалпы Қазақстанның барлық өңірінің сәулет және табиғат ерекшеліктерін көруге болады.

Сонымен қатар, өзге мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасты берік ұстанған ел ретінде Астананың сәулет жобасынан достық миссияны байқадым. «Пекин палас», «Москва», «Абу Даби плаза» көп кешенді ғимараттарымен қоса, Еуропаның әр елінің сәулеті мен мәдениетін бейнелейтін тұрғын үй кешендері сөзіме дәлел. Алаңқайларға егілген, қазақша өрнекпен бейнеленген қызыл-жасылды гүлдер, жан-жағына салқын леп таратып тұрған түрлі түсті фонтандар, халқымыздың ертегі-дастандарынан алынған ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері – көңілге жылылық ұялтады. Қазіргі таңда Астана тұрғындар мен қонақтардың демалуы, өздерін жайлы сезінуі үшін, жалпы айтқанда, «қала-адамдар үшін» философиясымен дамып жатыр.

Қазақ мұнайының астанасы – Құлсары қаласы да жоғарыда аталған философиялық ойда дамығанын қалаймын, яғни енді қаламыз тек қана өндіріс ошағының орталығы үшін құрылған шағын қала емес, тұрғындардың жанына сая болатын, өзіндік сәулет ерекшелігі бар, табиғатымен етене байланысқан шаһарға айналуына үлес қосқым келеді. Аудан және қала әкімдерінің Құлсары сәулетін қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп, қаланың бас жоспарын қайта жасатқаны бәрімізді қуантты. Қазіргі таңда туған шаһарымыздың ірі сәулет концепциялары жобаланды, енді өз кезегін күтуде.

Әрине, барлығы Астанаға қарап бой түзейді. Өйкені ол – Қазақстанның жүрегі. Халқымыздың азат аспанында Астана атты жарық жұлдыз әлемді таңдандырып, жарқырай түссін!

Құдайберген ІЗТІЛЕУОВ, сәулетші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT