Болашаққа бастаған форум

.

Қай заманда да жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі, ұлттың үміті. Мемлекет дамуындағы шешуші фактордың бірі - жастарға арналған жүйелі саясат жүргізу. Қазақстанда да бұл бағытта бірқатар нақты қадамдар жасалып, жас буынның әлеуетін арттыру, білім алуына, жұмысқа орналасуына, азаматтық белсенділігін нығайтуға, ерікті болуына барынша жағдай жасалып жатыр. Бұл ретте жастар саясаты тек жас ұрпақтың мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік тетік қана емес, сонымен қатар қоғамның тұрақты дамуына серпін беретін маңызды әлеуметтік институт екенін ұмытпағанымыз жөн.

Жұмекен - Жылыойда

Міне, осы мақсатта ауданымызда Мемлекеттік Әнұран сөзінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты қала және ауданаралық патриоттық жастар форумы өтті. Оған қоғамдық өмірде белсенділік көрсетіп, өз шығармашылығымен көзге түсіп жүрген бірнеше жас қатысып, баяндама оқып, жиналған жас қатысушылардың жігерін оятты.

Аудандық ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және жергілікті «Qabilet» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның шымылдығы, әрине, Әнұранмен ашылды. Жылыой халықтық ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуінде жас әнші Бекет Аманқостың орындауында жанды дауыста шырқалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны патриоттық рухты көтеріп, көкірекке мақтаныш сезімін ұялатты.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова алыс жолды артқа тастап, қасиетті мекенге аяқ басқан облыстың әр өңірінен жиналған жастарға жүрекжарды алғыс сезімін білдірді. Және мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын тілге тиек етіп, өскелең ұрпақты оны құрметтеуге шақырды. Кезек спикерлерге берілді. Олардың арасында сөз бастап, мемлекеттік рәміздердің орналасу және пайдалану тәртібін түсіндірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова өз сөзінде былай дейді:

-Біздер есімін мәңгі есте сақтау қажет бірнеше азамат бар. Олар: Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторлары, белгілі сәулетшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. ҚР Мемлекеттік Туының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Шәкен Ниязбеков. Және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимні авторлары Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік рәміздер кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандардың бірі және мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайтыны рас. Мемлекеттік рәміздерді қолданғанда ұлттық стандарттарға сәйкес ережені ескеріп, Елтаңба мен Туды аяқасты етуге жол бермеу – еліміздің әрбір азаматының борышы. Тудың құлағаны – елдің құлағаны деп біліп, еліміздің амандығын, айбынының асқақтауын тілеп, Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауымыз қажет. Бүгінгі форум рәміздерді насихаттаумен қатар жастарды отаншылдыққа баулып, патриоттық сезімін оятып, рухын көтеруге бағытталған. Рәміздердің заң талаптарына сәйкес қолданылуы туралы қашанда тереңінен ақпарат беріп жүрміз ғой. Бұл тұста әр қазақстандық әлемнің қай түкпірінде жүрсе де Туды, Әнұранды, Елтаңбаны құрметтеуге тиіс екенін біліңіздер. Міне, бүгінгі жиынның Атырау облысында өтуінің де өзіндік жөні бар. Себебі Әнұран сөзінің авторы Ж. Нәжімеденов – осы өңірдің тумасы. Сондықтан біз өзіміздің жұлдыздармен мақтанайық! Ол мақтануға тұрарлық тұлға!

Облыстың әр ауданынан жиналған 200-ге жуық жасқа рухани серпін беріп, патриоттық сезіміне серпін берген алаңда ауданымызға танымал әнші-күйшілер мен «Жем аруы» халықтық би ансамблінің арулары мың бұрала билеп, өнер көрсетті. Атап айтсақ, Бекет Аманқос «Отан», Оралхан Қарашаев «Дүр қамшы» әндерін орындап, Қайрат Жұмағалиев «Жұмыр қылыш» күйімен көптің көңілінен шықты. Және іс-шара спикері, дәстүрлі әнші, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, өнертану ғылымдарының магистрі, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжі мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы Байбақты Ідірбай жаңа туындысының тұсауын кесіп, «Жұмекенге арнау» әнін шырқады. Одан кейін «Жырмен жеткен рух, ұлт өнерінің ұлағаты» тақырындағы баяндамасын ұсынды.

-Бүгінде технология дамып, жаңа өнер түрлері пайда болып жатса да, ұлттық жыр өнері өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, жас ұрпақ арасында айтысқа, термеге, ұлттық дәстүрлі әндерге деген қызығушылық артып келеді. Бұл – қуанышты құбылыс. Өйткені жырға жақын ұрпақ өзінің рухани білімінің мол екенін дәлелдейді. Және мәдениеті мен тарихын жырға арқау еткен ел ешқашан еңсесін түсірмейді. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы салт-дәстүрі мен дүниетанымын, батырлық пен махаббатты, даналық пен ізгілікті жырға қосып, ауыздан ауызға жеткізіп отырды. Ел ішіндегі жыраулар мен ақындар тек өнер иесі ғана емес, ұлттың идеологі, тәрбиешісі, тарихшысы қызметін атқарды. Олар ел басына күн туғанда сөзбен дем беріп, ерлікке үндеді. Мысалы, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Шалкиіз секілді жыраулардың жырлары сол заманның рухын жеткізіп, бүгінгі ұрпаққа тәлім болып отыр. Міне, сол көшке біз де ілесіп, қазақы болмысымыздан ажырамау үшін қазақ мәдениетіне тамшыдай болса да үлес қосып жүрміз деп ойлаймын,-деді ол ұлттық өнер мен қазақтың көне мәдениетін ұштастырып.

Білімдіге өріс кең

Иә, Атырау облысында білікті де білімді, өз ісіне шебер, белсенді жастар өте көп. Олар жастар саясатына өзіндік үлесін қосудан бөлек, өңіріміздің қоғамдық, саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу белсенділігін арттырып, жастар қозғалысын жандандыру жолындағы қызметтерде көшбасшылық етіп жүр. Соның бірі – «Сағыз» Жайдарман тобының жетекшісі, Атырау КВН филиалының директоры, әзілкеш Ернар Сақыпов. «Әзіл – жастармен тілдесудің заманауи тілі» тақырыбында жастарға ой саларлық әңгімесімен бөліскен ол жастар толы залды бірден өзіне қаратты десек артық айтқандық емес. Көптің көңілін көтеріп, күлкі сыйлаған спикердің сөзінше жастар ел көріп, саяхаттаса ғана көкірек көкжиегі кеңейіп, ой-пікірі де өзгеден ерекшеленіп тұрады. Түрлі гастрольдік сапарларда жүреміз, қала аралап, әртүрлі ауылдарды көріп, қала берді шет мемлекеттерге де шығып жүрміз. Соның арқасы болар, санамызда серпіліс болып, ойлау қабілетімізде де оң өзгерістер болып тұрады. Жаңа жер – жаңа таныстық. Достың, таныстың көп болғаны да жан-жақты пікір алмасуға жақсы. Ол сенің де көзқарасыңды кеңейтетіні сөзсіз. Шыны керек, қазір ұялы телефонға телміруден басқа дым білмейміз. Тикток түсіруден алдымызға жан салмаймыз, арзан әзілдің жетегінде жүреміз. Бірақ өткенді де бір ойлап қойғанымыз дұрыс шығар. Кезінде Берлиндегі Рейхстагқа Рақымжан Қошқарбаев не үшін барды? Тикток түсіріп, фотоға түсуге барды ма? Жоқ, ол алғаш рет Жеңіс туын тігу үшін аттанды. Әрине, бұл оқиға тарих беттерінде жазылып, ерлігіміз бен елдігімізді айқындайтын қазық болып қағылса да, бүгінгі күні оның есімін білмейтіндер де бар. Сондықтан көзіміздің ашық, көңіліміздің ояу болуы үшін аянып қалмайық. Мемлекеттік рәміздер мен Отанымызға қатысты сұрақтарға жауап таба алмай, ұятқа қалып жүрмейік,-дейді Ернар Сақыпов.

Жиында одан бөлек аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бекет Құлбаев, «Атырау креатив хаб» шығармашылық кеңістігінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Зиядаев пен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы, жас ақын, «Бала хай» ютуб жобасының авторы Нұрлыбек Амандықов сөз сөйледі. Олар елдің болашағын ойлайтын жастар жайлы әңгімелеп, ғаламторды тиімді пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау тақырыбында өз пікірлерімен бөлісті.

Форумда аудан азаматтары мен ерікті жастары аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың арнайы Алғыс хатымен марапатталды. Шара соңында қатысушылар Қамыскөл көлінен бастап, өңірдегі ең сұлу мекен - Ақкегершін үстіртіне экскурсия жасады.

Қасиетті Жылыой жерінен бастау алған бұл бастама еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастарға үлгі боларлық оқиға болды. Өйткені елге қызмет ету – тек шенеуніктің, әскери адамның не ұстаздың ғана міндеті емес, ол әр жастың жүрек түбіндегі борышы болуы керек. Жастарды ұлттық рухқа тәрбиелеп, олардың өнерін, ой-өрісін, ерік-жігерін ел болашағы жолында жұмылдыру - мемлекет дамуына даңғыл жол ашары анық.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT