.
Жуырда аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың өңір жастарымен кездескенін жақсы білеміз. Еркін форматтағы жиын ел ертеңінің ашылып, көкейтесті сауалдарын қоюына, аудан басшысымен жақынырақ танысуына зор септігін тигізді. Жүздесу кезінде бірі ауданымыздағы өскелең ұрпақтың келешегін уайымдап, лудоманияның алдын алу төңірегінде жасалып жатқан жұмыстарды сұраса, енді өзгесі жастарға арналған даму бағдарламасының бар-жоғын анықтап, олардың шығармашылығына қандай көмек көрсетілетінін білгісі келді. Міне, сол қызығушылығы басым жастардың арасында өз ұсынысын білдірген жас ақын, «Bala Hi» ютуб жобасының авторы Нұрлыбек Амандықов та бар еді. Ол өз идеясы негізінде кейінірек аудан әкімімен жүздесті. Оны арнайы шақырған өңір басшысы талапты жастың жобасын қолдайтынын жеткізіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Еске салсақ, өткен жылы облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының марапаттау кезеңі өткен еді. Белсенді, шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жобаға облыстың әр өңірінен оқ бойы озық шыққан қыз-жігіттер қатысып, үш бірдей үміткеріміз мемлекет тарапынан қолдауға ие болған еді. Оған 5 бағыт бойынша 14-35 жас аралығындағы жастар қатысып, өз жобаларын ұсынды. Атап айтсақ, ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған – «Ғылым», еліміздің мәдени мұрасын танымал етуге, халықтың дәстүрі мен өнерін ілгерілетуге бағытталған – «Мәдениет», жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды әзірлеуге арналған – «Ақпараттық технологиялар», экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған – «Бизнес» және жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін – «Медиа» бағыттары бойынша жастардың тың идеялары жарық көрді. Үміткерлер қоғамға маңызы бар заманауи жоба дайындауда алдарына жан салмады. Нәтижесінде әр бағыт бойынша 2 грант бөлініп, соның ішінде 3 грант жылыойлықтарға бұйырды.
Соның бірі - жалынды жастарға демеу болған бағдарламада өз білімін дәлелдеп, бүлдіршіндерге арналған ютуб-канал әзірлеген Нұрлыбек Амандықов еді. Жобаға қатысуға өтінім беріп, «Медиа» бағыты бойынша 1 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай грант ұтып алған ол көп ұзамай іске кірісіп, бөлінген қаражатты игеріп бастады. Ютуб жобасына қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, актерлік қабілеті бар жасөспірімдерді жинап, 3-4 айдың ішінде қазақша әндер мен ертегілерден құралған танымдық бейне көріністердің бірнешеуін жариялады. Атап айтсақ, «7 лақ», «Ұлттық ойындар», «Бесік жыры», «Бауырсақ» сынды қысқа метражды бейнероликтер бірінен соң бірі жарыққа шығып жатты. Бүгінде бейнероликтердің бірі 247 000 қаралым жинаған. Ал арнаның көрермендері күннен күнге көбеюде. Ол өз жобасы жөнінде ой тарқатып:
- Өзім көптен қазақи контентті жандандыру үшін ютуб арна ашқым келген. Басында бұл ой маған арман болды. Кейін мақсатқа айналды. 2024 жылдың басында бұл ойды іске асыру үшін білек сыбана кірісіп, қолға алған болатынбыз. Алайда, бәрімізге мәлім, сәуірдегі тасқыннан кейін жобамыз тоқтап қалды. Бірақ «Ештен кеш жақсы». Жастарға арналған осы жобаны жыл аяғында естіп, медиа саласы бойынша ұсынып көрдім. Нәтижесінде грант жеңімпазы атандым. Жобам кішкентай бүлдіршіндерге арналады. Яғни, әуенді ертегілер мен танымдық бағдарламаларды қамтитын қазақ тіліндегі ютуб арна. Мақсатымыз – қазақ балаларының шетелдік бағдарламаларға тәуелді болмай, өзіміздің қазақи салт-дәстүрімізді сақтай отыра, ұлттық ойындар мен қазақ ертегілеріне қызықтыру,-дейді өз сөзінде.
Шығармашыл жастың тың дүниесін ұнатқан аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы ауданымызда да қазақ тілі үшін қызмет етіп, көгілдір экран алдына жайғасқан балапандардың мағыналы дүние көруіне барын салып жүрген жігіттердің барына қуанып қалды. Ол бұл жөнінде өзінің «Instagram» парақшасында да жазып:
-Жастар форумында Нұрлыбек Амандықов есімді азамат тарапынан ұсыныс түсті. Аталған азаматты жеке қабылдап, оның жобасымен таныстым. Нұрлыбек – «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында грант жеңіп алған жас. Қазіргі таңда өзінің командасымен грант негізінде қазақ тілінде анимациялық мультфильмдер жасап, көпшілікке YouTube платформасында жариялауда. Бұл бастама жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қазақ тілді контентті көбейту жолында маңызды. Осыған байланысты алдағы жобасын дамытуға қолдау білдіргенді жөн көрдім,-дейді ол.
Бүгінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының уақыты бітуге таяған. Ал Нұрлыбек Амандықов бастаған топ жұмыстың әрі қарай жалғасқанын қалайды. Бұл ретте олар аудан әкімінен студия залы мен камера сұраған. Өңір басшысы Жұмабек Қаражанов жастардың сұранысын қанағаттандыруды көздеп отыр.
Иә, жас таланттардың талабын бағалап, оларға нақты қолдау білдіру ауданның болашағына салынған инвестиция екені даусыз. Ал Нұрлыбектің жобасы – соның жарқын дәлелі. Сол арқылы қазақ балалары өз тілі мен мәдениетіне жақындай түсіп, заман талабына сай танымдық дүниелерді өз ана тілінде көріп, сусындай алады. Сондықтан жобаның ғұмыры ұзақ болып, талай бейнероликтер жариялайды деп сенеміз!
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ