Әйгерім Ғалымжан есімі газет оқырмандарына жақсы таныс. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ оның мәнді де дәмді мақалалары басылым бетінде жарық көріп тұрды. Биылдан бастап ол Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика» факультетінің студенті атанды. Әйгерімнің кезекті мақаласы келер оқу жылында алтын ұядан қанат қаққалы тұрған жас түлектер мен олардың ата-аналарына таптырмас ақыл-кеңес құралы болар деген сенімдеміз.
Адам өмірінің барлық кезеңі - алға қарай талпынуға мүмкіндік. Жүректі жарып шыққан ақ армандар мен ұшқыр қиялға шабыт беретін айқын мақсаттар үшін күресу - тағдырымыздың тұтас бір бөлшегі сыңды. Дәл осындай албырт сезім мен таудай талпыныс жас өскін үшін 11 сыныптан бастау алады десек те болады.
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ: ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
Иә, 11 сынып балалық шақтың соңғы аялдамасы секілді. Балдәурен де сол кезде аяқталатынын түсінген әрбір оқушы алғаш рет өзіне жүктелген үлкен жауапкершілікті сезінеді. Ең әуелі “Мен кім боламын?”деген сұрақпен бетпе-бет жүздесіп, жанына азық болар болашақ мамандығын таңдауды ойластыра бастайды. Кей оқушылар бұл сауалының жауабын алдын ала білсе, кейбірі жауабын таба алмай әлек болады.
Егер бұл мақаламды жасөспірім жастағы оқушылар оқып отырса, оларға айтарым: «Мамандық жәй ғана таңдай салатын іс емес екенін түсініңіз» дегім келеді. Мамандық – сіздің болашақ өміріңіздің мәні әрі мәңгілік азық болатын рухани қуат. Мамандықты келешекте ақшам көп болсын деген мақсатпен немесе ата- ана, туыс-туғаныңның қалауы еді деген түсінікпен емес, жүрегіңіздің қалауымен таңдаңыз. Себебі, жүректі жарып шығатын аппақ арман ғана шалқар шабытыңызға күш беріп, көз жетпес алыс қиырларға қанат қақтырары хақ. Егер бұл таңдаудан жаңылсаңыз, уақыт өте келе өкініш өзегіңізді өртері әбден мүмкін. Сол үшін жүректің қалауына бағыныңыз деп кеңес беремін...
ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Ал бүгінгі мақаламда қозғағым келген басты мәселе – ҰБТ. Оның тәжірибесінен өткен студент ретінде әрбір түлекке қолдау көрсеткім келеді. Иә, осы жылдың ҰБТ-сын тапсырған мектеп түлегі ретінде тест кезіндегі қорқыныш пен қобалжу, уайым мен жүректегі күмәндану сезімдерін жақсы түсінемін. ҰБТ ол – қарапайым тест емес. Оңай деп ойлау да қателік. Себебі, ҰБТ– жоғары оқу орнына түсетін грант жеңіп алуға ниетті кез келген түлек тапсыруы тиісті мықты сынақ-емтихан. Дәл осы кезеңде оқушыға әдеттен тыс жоғары жауапкершілік жүктеледі. Сол биіктен көрініп, мектептегі оқыту жүйесінен де күрделі сұрақтарды тапсыру үшін қарқынды дайындық талап етіледі. Мұндай сәтте оқушының 11 жылдық білімі мен еңбекқорлығы сынға түседі. Осындай уайым мен қорқынышқа толы кезеңде оқушыға қолдау көрсете білу өте маңызды.
Бұл жауапкершілікті, ең әуелі, ата-ана терең сезіне білуі тиіс. Олардың әрқайсысы баласына тіреу болып, сенім артуы қажет. Перзентінің таңдауына сыни көзқараспен қарап, қызығушылығына күмән келтірмеуі керек. Кейде көп ата-аналар баланың болашақ бір тұлға екенін ұмытып кетеді. Бәлкім әлі бала деп қарағаннан да болар. Мұндайда ересектерге: сіздер әр балаңыздың бойында белгілі бір қабілет барын және сол бойынша потенциалын ашу үшін бірге әрекет ету керектігін түсінуге тырысуыңыз керек. ҰБТ-ға әзірлік кезінде де жүйелі дайындықты бастап, мақсатына қарай әрекет етуі үшін қолдау білдіріп, өз үлесіңізді де қоса біліңіз. Жәй ғана сөзбен емес, әрекетпен де көрсетіңіз дегім келеді.
СЕНІМ МЕН СӘТТІЛІК
Шындығында, ҰБТ-ны мектептегі біліммен алып шығу қиын. Ал бір жыл бойы осы саладағы білікті мамандармен, мұғалімдермен жүйелі түрде дайындалу өте тиімді. Сондықтан балаға сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар беретін қосымшаларды іздестіріп, толықтай оқуына жағдай жасап, қамтамасыз ете білу керек деп түсінемін. Әр бала үшін ата-ананың қолдауы мен сенімі баға жетпес күш. Кейбір ата-аналар баласына “сен міндеттісің, үмтімізді ақта”, “бізді жұрттың көзінше жерге қаратпа” деген сөздерді жиі қолданады. Бәлкім, ондай үлкендерде ұл-қызына бар жауапкершілікті арту арқылы тәрбиелеймін деген ой қалыптасқан болар. Бірақ, ата-ана тарапынан айты- латын бұл сөздер үлкен өмірге қадамын енді басып келе жатқан түлекке ауыр соққы. Неге? Себебі, ҰБТ-ны ойлап, менің қолымнан келеді ме деген қорқынышпен өмір сүріп жүрген жасқа ата-ананың артқан ауыртпалығы оның санасын одан бетер тығырыққа тіреуі мүмкін. Осыны әрбір ересек түсініп, өз баласына жылы сөзімен қолдау көрсетіп, қандай жағдай болмасын сенетінін, жақсы көретінін жеткізуі керек. Тіпті еркелету арқылы жылулық сыйлау да – ата-анаға тән қасиет. Қамқор әке мен аяулы ананың қасында жүріп, жылулығын сезіну әр түлекке сенімділік сыйлап қана қоймай, кез келген мақсатқа оңай жетуге күш-жігер береді. Сол үшін балаңызға сеніңіз, еркелетіңіз, қамқор болыңыз. “Мен сені қандай жағдай болмасын жақсы көремін, қолдаймын” деген бала жанына рухани күш сыйлайтын сөздерді жиі айтыңыз. Адамға күш біткен кезде мінез іске қосылады. Ондай жан кез келген қиындықты жеңіп, мақсатқа жетелей білетін мінезді ұл-қыз боп жетіледі.
Қолдау! Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Жылу бар, сезім мен сенім бар екенін ешқашан ұмытпаңыз! Ал жас түлекке айтарым: қолыңнан келетініне сен. Арманыңды орындауға мүмкіндік бермейтін бір ғана нәрсе бар, ол – сәтсіздіктен қорқу. Адам шынайы әрекет етіп, тәуекел етсе ғана өз мақсатына жете алады. Әрекет етудің артында берекенің барын ұмытпаңыз. Ал қорқақтыққа салыну жәй ғана адамның әлсіздігі емес, болашағына шабылған балта екенін ескеріңіз. Үмітіңізді үзбеңіз, тек қана сәттілік, жас түлек!
Әйгерім ҒАЛЫМЖАН,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті