Алтын Орда Жәнібек ханның өлімінен кейін ішкі алауыздыққа ұрынды. «Ұлы дүрбелең» кезеңі деп аталатын жиырма үш жылда (1357-1380 жж.) жиырмадан астам хандар бірін-бірі ауыстырды. Орданың батыс бөлігі бірнеше иеліктерге бөлінді. Осындай ішкі талас-тартыстан әлсіреген Алтын Орданың Мамай қолбасшылық еткен әскері 1380 ж. Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңілді.
Осы әлсіздікті пайдаланған Жошының екінші бір ұрпағы Тоқтамыс Әмір Темірдің көмегімен Алтын Орданың билігін өз қолына алған. Билігін нығайту үшін ол 1382 ж. Мәскеуге басып кіріп, қаланы өртеп жібереді. Мауереннахр мен Кавказ елдеріне жорық жасайды. Әмір Темір Тоқтамыстың өзіне жасаған опасыздығы үшін Алтын Ордаға бірнеше рет шабуыл жасап, оны бас көтере алмастай етіп тұралатты. Одан соң Алтын Орданың беклербегі, маңғыт әмірі Едіге билікке араласты. Едіге он бес жыл (1396-1411 жж.) билікті өз қолында ұстады. Едігенің 1419 жылы билік үшін күресте қаза болуынан кейін орталық билік толық ыдырауға бет алды. XV ғ. ортасына қарай оның аумағында Астрахань, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары, Ноғай Ордасы құрылды.
Жошы ұлысының негізгі ордасы болған Қыпшақ даласы Алтын Орданың тіректі күші болды. Орда ішіндегі алдын ұлыс болған Ақ Орда орталықтан бөлініп жеке мемлекетке
айналды. Алтын Орданың да негізгі аумағы қазақ халқының атамекені — Ақ Орданың билігіне көшті.