Ол «Мешіт - имандылық ұясы» тақырыбында келелі насихат жүргізді.
Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жұма күні ауданға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Алматы қаласындағы Алатау ауданының бас имамы Мәди Ахметов келді.
Мақсаты: өңірімізде дәстүрлі исламды насихаттау, діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралуының алдын алу, жастардың діни сауаттылығын арттыру. Құлсары қаласындағы орталық мешітте жамағатпен жүздескен ол «Мешіт - имандылық ұясы» тақырыбында келелі насихат жүргізді.
-Күмбезі алыстан көз тартатын мешіттер қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгілікті амалдарды еске салатыны белгілі. Олай болса, мешіттер мұсылмандардың әдепті болуы үшін еліміздің мерейін, берекесін арттырар амалдардан болып табылатынын ескере жүргеніміз абзал,- деді.
«Сондықтан Алланың бізге нәсіп еткен тыныштығын сақтап, бөліну мен алауыздықтан сақтанайық!» - деп сөз соңында жылыойлықтарды бірлікке шақырды.
Е.Қошақанов