Алаяқтыққа жол бермеңіз!

Қазір үйде отырып алып, телефонға телміріп, ақша тігіп олжаға ерте кеңелемін деген жастардың көбейіп кеткенін байқап жүрміз. Әсіресе, жасы 20-60 жас  аралығындағы адамдар осы құмар ойынының құрбанына айналған. Біздің елімізде адамдардың ерме екенін, алып-қашпа қауесеттерге сенгіш келетінін жоққа шығармаймыз. Мәселен, қаржы пирамидасын алып қарайық. Оның жарнамасының өзі ауқымды. Әсіресе, сенгіш  әйелдер мен ер азаматтар жарнамасына қарап-ақ тұзаққа ілінеді. Осыған  миллиондаған тиынды өз қолымен санап беріп, опық жеп, өкініштен өзектері өртеніп жүргендер де жоқ емес. Қазір қоғамда 70 пайызға жуық адам осындай ойынқұмарлық пен қаржы пирамидаларының кесірінен сан соғып отыр. Өйткені қаржы пирамидалары өздерін бәс тігетін спорттық ойындармен, букмекерлік орындармен байланыстырып алған. Мәселен, олар онлайн ойындарға ставка тігу арқылы жылдам баюдың жолын ұсынады. Былай алып қарасақ, оңай олжаға батырамыз деп уәде береді. Сондықтан болар, аңғал адамдар осындай пәлеқорлардың құрығына оңай түседі.

Қазіргі кезде қаржылық пирамидалар компания ретінде тіркеліп, лицензия алып алған. Букмекерлік кеңселер де ресми тіркелген. Осыдан бірнеше ай бұрын қаржы пирамидасына алданып өзін өртеп жіберген әйел естеріңізде болар. Қоғамды селт еткізген оқиға Астана қаласындағы Ішкі істер министрлігінің ғимаратында болған болатын. Ол "Mudarabah Capital" қаржы пирамидасына 20 млн теңге құйып, алданып қалған. Бұл тек бір мысал ғана. Біз білмейтін тұзаққа ілінгендер, сан соғып жүргендер,  осы жолда өз өмірлерін қиғандар қаншама? Қазақстандық азаматтардың осындай ақша салу, ақша тігу ойындарына тәу етіп, артынша бармақ тістеп, мұндай қателікке баруына не себеп? Әрине, әлдекімдер үшін қаржының жетіспеуі себеп болуы мүмкін. Себебі, тиыннан теңге құрап, күн көрістің қамын ойлап жүргендер үшін артық ақша оңай жолмен келсе кім-кімге де артық етпейді. Алайда еңбексіз табылған ақша адал болмасы анық. Шариғатта да харам ойындарды ойнауға тиым салынған. Десе де, қазекеңдер осы өрескел қылықтарынан «сабақ алса да»  доғарар емес. Оның ішінде, пирамиданың құрбаны болғандар егде жастағы адамдар болса, спортқа бәс тігу құмарлығына салынып кеткендердің басым бөлігі - жастар. Қазіргі жастардың  еңбектенуге, өз бетінше ізденуге деген құлшыныстары жоқ. Ақшаны үйде жатып, ауада қалықтап жүрген жерінен аулап алам деп санайтындар баршылық. Дәл осы көтеріп отырған қаржы пирамидаларына байланысты  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та  кешенді шараларды қабылдауды міндеттеген еді. Өйткені елімізде соңғы уақытта соқыр сенімге алданып қалғандардың саны артып кетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше бүгінде 31 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған болса, 2021 жылғы статистика бойынша  елімізде 400 мыңнан астам адам құмар ойынының тұзағына ілінген екен. Қазір елімізде бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде көтеріп отырған инвестициялық пирамидаларға қатысты толықтырулар мен өзгертулер қоғамдағы белең алған жағдайларға шектеу қояды деп үміттенеміз. Заңнамалық актілерге енгізілген өзгертулердің ішінде жазаға тарту да көзделген.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Қазіргі заңнамаға енгізілген өзгертулер бойынша, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету ҚР Қылмыстық кодекстің 217-бабында көрсетілген. Енді қаржы пирамидасын құрғандар заң алдында жауапкершілікке тартылады. Қаржылық пирамиданы ұйымдастарғандар 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 150-бабына сәйкес, осы жылдың 12 шілдесіндегі өзгертулерге сәйкес  қаржылық пирамиданы жарнамалағандар заң алдында жауапкершілікке тартылады. Егер, бұқаралық ақпарат құралдары пирамида қызметінің жарнамасын шығарса, таратса үш айға дейінгі мерзімге жұмыстарын тоқтатады. Әкімшілік кодексте жеке тұлғаларға - 150 АЕК немесе 2022 жылға бекітілген айлық есептік көрсеткіш бойынша - 459 450 теңге, лауазымды тұлғаларға - 170 АЕК немесе 520 710 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - 300 АЕК немесе 918 900 теңге, коммерциялық емес ұйымдарға - 200 АЕК немесе 612 600 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 600 АЕК немесе 1 837 000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ бұл  қаржылық (инвестициялық) пирамида қылмыстық кодекстің 190-бабындағы интернеттік алаяқтықпен ұқсас. Бұл бапта ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану турасында айтылған. Бұл өзгерген өзгертулерге байланысты қаржылық пирамиданы құрғандар мен оған басшылық еткендер заң алдында жауап беруге тиіс. Мұндайға жол бергендерге заң қатал болуы тиіс. Өйткені қаржылық пирамиданың тұзағына түскендер саны бәсеңдемей тұр.

Қаржы пирамидасына алданбау үшін нені ескеру керек?

Ешқашан жеңіл ақша оңайлықпен келмейді. Оңай олжаға кенелем десеңіз тіптен қателесесіз. Адамдар айтты екен деп, жарнамалағаны жақсы екен деп ешқайда қаржылай ақша салуға болмайды. Осыған байланысты облыста, ауданда құрылған арнайы топтар бар. Ауданда да жұмыс тобы жасақталып, алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. Соларға келіп тексеру жұмыстарын жүргізген жөн. Құқық қорғау органдарында барлық ақпарлар базада тұрады. Әр қаржы пирамисын құрған адам оны "ИП" немесе "ТОО" болып ашады. Оны "БИН" арқылы тексеріп алуға болады. ҚР-ның құқық қорғау арнайы органдарының ақпар алмасу жүйесі және қаржы мониторинг комитеті осы мәселелермен жұмыс жасайды. Қаржы пирамидасы әр түрлі болып бөлінеді. Оның үйге деп ақша салатын түрі, онлайн ставка түрі, классикалық пирамида деген түрлері бар. Барлық қаржылық пирамида адамдарға пайда әкелмейді. Өйткені, бұл инвестициялық фонд деп ашылады. Ішіне қаражат түскенімен, қаржы айналымы болмайды. Бұған адамдар қаржыны көбейтіп аламын деген мақсатпен кіреді, бірақ алғашқы 2-3 адам ғана ақша алады, қалғаны зардап шегеді. Жалпы экономикалық тергеу қызметі Атырау облысы бойынша мемлекеттік қаржы департаментімен бірге тексеріп, лицензия беріп қадағалап отыр.

Танымалдарды тыңдап, жаңылғандар аз емес

Қаржы пирамидасын жарнамалағандар да заң алдында жауапкершілікке тартылады. Себебі, парақшасының ауқымдылығын асыра пайдаланып жүрген «жұлдыздар» жоқ емес. Әсіресе, әнші, блогер, вайнер секілді  инстаграмның танымалдар өз аудиториясында осындай алаяқтарды жарнамалап жүр. Былайша айтқанда, жұрттың тырнақтап жиған ақшасын алаяқтардың қалтасына салып беруге ықпал жасап жүр. Біраз уақыт бұрын 2020 жылғы шыққан қаржылық пирамиданы жарнамалап басы дауға қалған  Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов, Әзім Саидбаев секілді азаматтар жұртқа жақсы таныс. Олар қоғамға пайдасы тимейтін нәрсені жарнамалап, ақша алды. Деректерге жүгінсек, қаржылық пирамиданың сойылын соққандардың жарнамасына алданып, санап берген ақшаларынан айырылған қазақстандықтардың 74 пайызы жұмыспен қамтылғандар. Оның ішінде 62 пайызының жоғары білімі бар. Десе де,соқталдай азаматтардың осындай азын аулақ жарнамаға алданып қалуына не себеп?

Аңқаулық жарға жықты

Қаржы пирамидаларынан зардап шеккен адамдардың қарасы көп. Елімізде көбейген өлім-жітімдер мен суицид осы проблемадан туындап отыр. Бүгінде біздің мұнайлы ауданда қаржы пирамидасының құрығына іліккендер жоқ емес. Тіпті, күніге әлеуметтік желілерден небір ақша сұрау, басқа да жағдайлармен лауазымды адамдардың атын жамылғандар көп. Тексеру нәтижесінде аудан тұрғындары арасында пирамидаға ақша салғандар кездескен. Дегенмен, пирамиданың құрығына іліккендерден, полицияға арнайы арыз түспеген екен. Бірақ, ауданымызда алаяқтық көп . Өйткені, қазір интернет көптеген адамдардың ойын улап отыр.

Интернет алаяқтық

Қазір интернетте банктің атын жамылып алдайтын алаяқтық белең алып тұр. Қарапайым адамдарға телефон шалып, айла-шарғымен адамдардың жеке ақпараттарын біліп алып, несиеге батырып жатқандар кездесуде. Алаяқтыққа алданып, сан соққандардың көбісі машина, телефон бөлшектерін алу, кредит тағы да басқа жағдайлар. Бұған жоғарыда атап өткеніміздей жалған «жарнаманың» үлесі зор. Сол себепті, осындай қылмыстардың алдын алу үшін үгіт насихатын халық арасында жүргізіп отыру керек.

            Түйін: Расымен де кей адамдардың ашкөздігі мен аңқаулығы өздерін жарға жығып келеді. Бұл жерде  түк бітірмей-ақ қомақты қаржыға кенелем деген ой талайларға залалын тигізуде. Ешкім де сізге артық бес тиынын да тектен текке бермейді. Осыны ұмытпаңыз.

 А.Жұмабергенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521