Жылыойды базар емес, жылыжай асырайды

Құлсары қаласының өндірістік аймағында орналасқан жылыжай өткен жылдың аяғынан бастап толық іске қосылды.

Жылыжай құрылғыларын сатып алу үшін пайызсыз несие берген ТШО-ның мердігер мекемесі «ESS» болатын. Голландиялық «Alex» компаниясының аграрлық жетекшілік етуімен жылыжай алғашқы өнімдерін бере бастады. Бүгінде нева сұрыпты қиярлар қаламыздың сауда нүктелерінде сатылымға шықты. Біз жылыжай жобасы иесі, «Атырау - Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітовпен жергілікті өнімнің өсімі, сапасы, халыққа қолжетімділігі және тағы да басқа мәселелер туралы сұхбаттасқан едік.

-Әлімжан Қапанұлы, биыл жылыжайға қанша гектарға өнім ектіңіздер? Күніне қанша тонна өнім алдыңыздар?

-Биылғы маусымда белгілі себептерге байланысты 2 гектар жерге өңкей қияр ектік. Жылыжай қияры 45 күнде өсіп шығады. Күніне 5-7 тонна өнім алып отырмыз. Ал келесі маусымнан бастап қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, кәді сияқты төрт түрлі өнім екпекпіз.

-Жергілікті жылыжай қияры сауда нүктелерінде сатылып жатқанын көріп жүрміз. Бірақ бағасы өзге жерден әкелінетін өнімдерден кем түспей тұр ғой...

-Негізі, кез келген өндіруші компания өнімдерін өздері сатпайды. Бұл - бұрыннан қалыптасып қалған жағдай. Бізден де солай көтеріп алып кетеді. Қиярдың бағасы 350,380,400 теңгеден бастап нарыққа қарай өзгеріп отырады. Өкінішке орай, алыпсатарлардың бағаны екі есеге дейін көтеріп сатуы жылыойлықтардың жергілікті өнімді арзан бағада тұтынуын қиындатады. Ал бұл мәселе әзірге жүйеленбеген. Мұны реттеу үшін депутаттар мәселе көтеруі керек шығар, бәлкім.

-Ал енді өнімнің сапасына тоқталсақ...

-Біз бір жылға голландиялық «Alex» компаниясымен келісімшартқа отырдық. Жылыжайдың жұмысына аграрлық жетекшілік ететін олар біздің мамандарға жылыжай ісін үйретеді әрі көкөністердің өнімді де сапалы болуына кепілдік береді. Міне, осы серіктесіміздің нұсқауымен біз құнарлы топыраққа дейін өзге елден, яғни Малайзиядан алдырып отырмыз. Минералды тыңайтқыштарды екібастан, себебі бұлар Қазақстанда жоқ. Шетелден келетін қажеттінің барлығының бағасы қымбат, бірақ өніміміз сапалы болуы үшін алдырып отырмыз. Мысалы, өнім өсірілетін топырақ адам ағзасына қажетті калий, кальций, магний, натрий сияқты минералды тыңайтқыштармен құнарландырылуы тиіс. Кейбіреулер өнімнің өзіндік құнын арзандату үшін осы тыңайтқыштарды үнемдеп салады немесе тек қара суды құйып шығара береді. Бұдан көкөністердің дәмі-татуы болмайды.

-Сіздің жылыжай өнімдерін суару үшін пайдаланатын техникалық суды тазартатын құрылғы сатып алғыңыз келетіні туралы естіген едік... Осы мәселенің нәтижесі қалай болды?

-Иә, біз техникалық суды «Казтрансойл» АҚ-нан сатып алып отырмыз. Техникалық суды пайдаланып отырған себебімізді түсіндірейін: ауыз суға хлор қосылады, ал ол өнімге кері әсерін тигізеді; техникалық суда хлор болмайды. Бірақ оның да құрамындағы кейбір көрсеткіштерге голландиялық серіктестеріміздің көңілі толмай отыр. Әзір суды сутегінің асқын тотығымен өңдеп отырмыз. Ал су тазартатын құрылғыны биыл ала алмадық. Біріншіден, қымбат, екіншіден, аппарат судың минералдарын сүзіп алады. Сондықтан тек қана керек емес нәрсені ғана сүзіп алып қалатын фильтр алуымыз керек. Мұндай арнайы фильтрге шетелге тапсырыс беріп те қойдық. Олар біздің талабымызға сай дайындап жатыр.

-Жылыжайдың заманауи техникалармен толық жабдықталғанын білеміз. Дегенмен қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

-Иә, заманауи жылыжайларда адами факторлар аз болады. Бізде де барлығы автоматтандырылған, компьютерлендірілген. Тамшылатып суару, тыңайтқыштар мен минералдарды салуды да техника қадағалап отырады. Дегенмен жылыжайда 50 шақты адам еңбек етіп жатыр.

-Сонымен, жылыжай жыл он екі ай жұмыс жасай ма?

-Жаз маусымында келесі маусымға дайындаламыз. Тұқым сеуіп, көшет өсіріп дегендей... Күзден бастап өнім ала бастаймыз.

Сұхбаттасқан: С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521