Жылқыны асылдандыру - табыс көзі

Ауданымызда асыл тұқымды жылқының санын арттыру, жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында семинар өтті.

Оны «Қазақстан Республикасы Фермерлер одағының» Атырау облысы бойынша төрағасы Сейітжан Балжігітов жүргізді. Семинарға өзге өңірлерден келген ғалымдар мен мамандар, ауданымыздағы жылқы малын өсіріп отырған шаруа қожалықтарының жетекшілері, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Ақан Мәмбетиязов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшысы Ерболат Төлендиев қатысты.

-Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінде ауданымызда 10 мыңға жуық жылқы өсірілуде. Тағы да осыншама жылқы еш жерде есепте жоқ, бірақ аудан жерінде жүр десек, қателеспейміз. Ал ауданымыз бойынша нақты тіркелген асыл тұқымды жылқының саны 1- 1,5 пайыздың айналасында. Бұл - өте аз көрсеткіш. Сондықтан еліміздегі асыл тұқымды жылқының санын көбейту үшін жұмыс жасап отырған ғалымдар, осы саланың білікті мамандары ауданымызға арнайы келіп отыр,-деген Сейітжан Қапанұлы қонақтарды таныстырып өтті.

Семинарда Батыс Қазақстан облысынан келген ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алтай Зейнуллин Қамбар ата тұқымын асылдандыру жөніндегі өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Ол асыл тұқымды Мұғалжар мен Көшім жылқыларының ерекшеліктеріне тоқталды.

jylky

-Мұғалжар жылқысы суыққа төзімді, қыс бойы тебінге түседі. Көп шығынды қажет етпейді. Кезінде Мұғалжар жылқысын Якутияға алып кеткен мамандар оның 60 градус суыққа селт етпей, тебінге түсе беретінін айтқан болатын,- деп, жылқылардың ерекшеліктерін атап өтті.

Егер асыл тұқымды жылқы өсіруге ниетті жастар табылса, оларға қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген жылқы ұрлығының алдын алу мақсатында JPS орнату үшін кореялық «Самсунг» компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар ол өз сөзінде Қытай биыл елімізден қыркүйек айынан бастап жылқы сүтінің ұнтағын сатып алуды бастағанын, ал Жапон елі Қазақстаннан жылқы еті өнімдерін сатып алуға келісіп отырғанын жеткізді.

-Жапония мен Қытайда жылқы етіне сұраныс жоғары. Оларда жайылымдық жерлер аз, сондықтан жылқы малын көбейтуге мүмкіндіктері жоқ. Ал біздің елімізде жайылымдық жер көп, жылқы өсіріп, етін экспортқа шығаруға мүмкіндік мол,-дейді Е.Тілеген.

Жылқы еті мен сүтін экспортқа шығару үшін жылқының құжаты дұрыс болып, ветеринарлық талаптар сақталуы керек. Осы орайда ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Сапар Омаров асыл тұқымды малға қойылатын бастапқы зоотехникалық есеп талаптары туралы түсінік жүргізді. Бүгінде елімізде жылқының саны көп болғанымен, сапасының ақсап тұрғаны айтылды. Еліміз бойынша есепке алынған 2 млн 600 мың жылқы бар болса, оның бүгінде тек 7-ақ пайызы ғана асыл тұқымды көрінеді. Сол 7 пайыздың тек 1 пайызы ғана Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының республикалық палатасына тіркелген. Мамандардың есебі бойынша, елімізде жыл сайын 900 мыңнан астам жылқы соғымға сойылады екен. Яғни еліміздің ішіндегі халықтың қажетіне кетеді.

-Ауданымыздағы тағы да бір проблема, ол - Атырау мен Маңғыстау бағытына кететін тасжол бойында жайылып жүрген жылқылардың автокөлікке соғылуы. Әсіресе, мұндай оқиғалар қараңғы мезгілде орын алады. Біз бірінші кезекте көліктегі адам өміріне алаңдаймыз. Сондықтан жолға жақын жерде орналасқан шаруа қожалықтарының малдарына жарыққа шағылысатын белгі тағуға шақырамын,-деген Сейітжан Балжігітов өздері арнайы жылқының мойнына тағу үшін дайындаған жарыққа шағылысатын белгі мен бірдейлендіру кезінде ірі қараның құлағына салатын жарыққа шағылысатын сырғаның үлгісін көрсетті.

Түстен кейін семинардың тәжірибелік бөлімі өтіп, онда қатысушылар «Достан ата» шаруа қожалығындағы асыл тұқымды жылқыларды тамашалады. Бүгінде бұл қожалықта 150-ге жуық асыл тұқымды жылқы, сонымен қатар асыл тұқымды сиырлар өсірілуде. Мамандар қожалықтағы жылқыларға өз бағаларын беріп, тәжірибе алмасты. Семинар соңында қатысушыларға Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сертификаты табыс етілді. Ұйымдастырушылар бұл сертификат өнімдік бағыттағы жылқы шаруашылығын дамыту үшін несие алу кезінде қажет болатындығын жеткізді.

Қ.Нұртайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521