Ауданның экономикалық тынысын қалыптастырып, қоғамның дамуына серпін беріп отырған негізгі күштің бірі кәсіпкерлер қауымы екенінде дау жоқ. Жергілікті елдің тұрмысын жақсартып, өңірдің әлеуетін арттыруда олардың қосып отырған үлесі өлшеусіз. Жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік бастамаларды қолдау, қала берді бос жұмыс орындарын жариялап, ауыл шаруашылығынан бастап өндіріс пен қызмет көрсетуге дейін сан түрлі саланы дамыту – бәрі де аудан кәсіпкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Соның айқын дәлелі ретінде жуырда ғана кәсіпкерлер кеші өтіп, үздік еңбек иелері марапатталды.
Көшбасшы кәсіпкерлерді марапаттауға арналған «Жыл кәсіпкері – 2025» кеші аудан әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің ұйытқы болуымен өткізілді. Кешке ауданның белсенді іскер азаматтары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым жетекшілері мен кәсіпкерлік саласының дамуына атсалысып жүрген жандар жиналды. Салтанатты жиынның негізгі мақсаты – өз саласындағы табысты кәсіпкерлерді дәріптеу, олардың үздік тәжірибелерін насихаттау, жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру және аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды таныстыру еді. Шараның шымылдығы «ART TECH» галереясының көрме жұмыстарымен түріліп, сахналық қойылымдар, сән көрсетілімдері – жанды музыкамен ұласты. Қонақтар назарына жергілікті дизайнерлердің авторлық топтамалары мен ұлттық нақыштағы киім үлгілері ұсынылып, оларды сатып алуға да жағдай жасалды. Арнайы дайындалған кәсіпкерлер баннеріне жиынға қатысушылардың қолтаңбалары қойылып, кеш өз деңгейінде жоғары өтті. Бірнеше жылдан бері қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі басқосу аудан кәсіпкерлерінің жыл басынан бергі жұмыстарының жемісі ретінде қорытындылау кеші болғаны да рас. Шара басында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрланұлы сөз алып, аудан кәсіпкерлерінің өңір дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлік тек экономикалық табыс емес, ол жаңа мүмкіндіктер көзін ашудан бөлек, әлеуметтік жауапкершілік және қоғамның болашағын айқындайтын үлкен күш.

- Бүгін біз ауданымыздың ілгерілеуіне өз үлесін қосып жүрген азаматтарды арнайы атап өту үшін жиналып отырмыз. Әрқайсыңыздың еңбегіңіз – ауданымыздың абыройы, халқымыздың игілігі. Сапалы қызмет көрсетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, қайырымдылық бастамаларынан да шет қалмайсыздар. Оның барлығын естіп, көріп отырмыз. Бұл нағыз азаматтық ұстанымның, өз ісіңе деген адалдықтың көрінісі деп білемін. Әрине, қазір әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Мұндай кезеңде бізге серік болатын – жаңашылдық пен еңбек. Сіздердің тың идеяларыңыз, бастамаларыңыз біздің өңірді бәсекеге қабілетті аймаққа айналдыратынына сенемін. Әкімдік тарапынан қашанда қолдауға дайынбыз. Ең бастысы – бірлесе еңбек ету,-дейді бұл туралы аудан әкімі орынбасары.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – әлеуметтік бағыттағы «Бизнеске жол ашу» аукционы еді. Бұл арқылы кәсіпкерлердің қолдауымен көп балалы жалғызбасты ана Арухан Алпысбайқызының кәсібін бастауына қажетті қаражат жиналып, құрал-жабдық алуға мүмкіндік жасалды. Жергілікті кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қоятындықтарының айқын көрінісі бола білген игі іс жиналғандардың көңілінен шығып, жақсылыққа бастаған жағымды жаңалыққа айналды. Шара барысында жылыойлық кәсіпкерлер туралы ақпарат айтылып, үздіктердің арнайы дайындалған бейнематериалдары көрсетілді. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алдияр Мирамбаев:
2025 жылғы нәтиже бойынша ауданда 6000-ға жуық кәсіпкер бар. Олардың арасында бүгінгі шараға қатысуға ұсыныс тастап, жүйелі жұмыстарын таныстыру мақсатында тіркелгені - 119. Олардың арасынан мықтыларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, 10 азаматқа номинация дайындадық. Шараға қатысуға қандай да бір талап жоқ. Десек те кәсіпкерлердің бұған дейінгі жасаған жұмыстары мен алған марапаттары, сондай-ақ жеткен жетістіктері сарапқа салынады. Бүгінгі шара ойдағыдай өтті деп есептеймін. Келер жылы бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастырып, әсіресе жастарды кәсіпкерлік салаға тартуға жұмыстанатын боламыз,-дейді өз сөзінде.

Шара барысында «Сәтті старт», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік әлеуметтік кәсіпкер», «Отбасылық бизнес», «Қызмет саласының үздігі», «Сауда саласының үздігі», «Үздік өндіруші», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Үздік кәсіпкер – әйел», сондай-ақ «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға марапаттар табысталды. Олардың бірі – жылдың таңдаулы кәсіпкерлері конкурсының қорытындысы бойынша «Үздік жас кәсіпкер» атанған Жақсылық Мадиев еді. Өз сөзінде бірнеше жылдан бері гүл бизнесінде жүргенін айтқан жылыойлық азамат бұл марапат үшін тынымсыз еңбек етіп, сапалы жұмыс үлгісін көрсеткенін жеткізді.
-2023 жылы осындай Кәсіпкерлер балында болдым. Қаншама азаматтар марапатталып, маған үлгі болды. Сол кезден бастап «алдағы 2-3 жылда мен де үздік кәсіпкерлер қатарынан көрінемін» деп өз-өзіме мақсат қойдым. Міне, бүгін сол сөзіме тұрып, жетістік тұғырынан көрініп жатырмын. Бүгінде қаламыздағы «101 роза» гүл сату саласында жетекшілік етіп отырмын. Қызметте 10-ға жуық адам болып бірлесе жұмыс жасаймыз. Гүл – нағыз әдемілік әлемінің символы ғой. Сондықтан осы салаға қызығушылық білдіріп келдім. Үздіксіз еңбегімнің арқасында қазір сүйікті жұмысымда еңбек етіп, барлығын сүйіспеншілікпен жасап келемін. Жуырда ғана ғимаратымызды үлкейтіп, жаңа орынға орналастық. Бұл біздің одан әрі дамуымызға жол бастайтыны сөзсіз,-дейді ол еңбек жолын бір шолып.

Кешке жиналған іскер қауым, мемлекеттік қызметкер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің бас біріктіруі аудан экономикасының өркендеуінде бірлік пен өзара қолдаудың басты рөл атқаратынын көрсетті. Жергілікті бизнестің сан алуандығы, жаңа идеяларға ашықтығы және табандылықпен дамуға деген ұмтылысы құтты өлкеміздің болашақтағы әлеуетіне деген сенімді күшейтеді.
Марапат иелерінің ішінде өз еңбегімен дараланып, кәсібін жігермен дамытып жүрген жастардың болуы аудан кәсіпкерлігінің тұрақты түрде жаңарып, жаңа буынмен толығып келе жатқанын білдіреді. Бұл келешекте ауданымыздағы кәсіпкерлік саласының одан әрі кеңейіп, бәсекеге қабілетті деңгейге көтерілуіне негіз болары сөзсіз.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



