Өткен аптада Атырау қаласындағы «BAIZAAR» сауда-ойын-сауық орталығында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» республикалық байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі өткен еді. Соның аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Айта кету керек, байқауды облыстық кәсіпкерлік және индустрия басқармасының қолдауымен Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жыл сайын ұйымдастырып келеді. Қатысушылар қатарында тәжірибелі тауар өндірушілермен қатар кәсібін жақында ғана бастаған, бірақ олардың өнімі халық арасында сұранысқа ие кәсіпкерлер де болды. Соның ішінде – жылыойлық жеке кәсіпкер Бекарыс Жұқатаев та бар еді. Байқау нәтижесінде оның «Бекарыс» жеке кәсіпкерлігі «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңіске жетіп, үздік деп танылды. Ол Құлсары қаласынан арнайы цех ашып, жаңа заманға сай кір жуғыш құралдарын өндіріп шығарады. Бүгінде жергілікті өнімдері халық сұранысына ие бола бастады.
Бекарыс Жұқатаев - 1994 жылы 18 мамырда дүниеге келген. Жалпы кәсіпкерлік жолына 2022 жылы келген ол осы уақыттан бастап тұрмыстық химия өнімдерін шығаруды қолға алған. Қазіргі таңда кір сабынның 4 түрін өндіретін жеке кәсіпкердің өндіріс орны 10 түрлі тұрмыстық химия өнімдерін шығаруда. Олардың қатарында сұйық сабын, киім, ыдыс жууға арналған гель (қою сұйықтық түріндегі жуғыш зат), май дақтарына қарсы жуғыш құрал, «Белизна» және басқа да тұрмыстық химия өнімдерін өндіреді.
– «Жобаны іске қосу үшін жалпы сомасы 15-20 миллион теңге көлемінде қаржы салынды. Қазіргі таңда өндірісте 4 адам еңбек етеді. Ай сайын орташа есеппен 5 тонна өнім шығарамыз. Ал толық қуатта жұмыс істесек, бұл көлемді 15-20 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар», – дейді Бекарыс Мейрамғазыұлы.
Жас та іскер кәсіпкердің өнімдері бүгінде жергілікті нарықта тұрақты сұранысқа ие. Жуғыш құралдардың сапасы мен қолжетімді бағасы тұтынушылар көңілінен шығып отыр. Қазіргі таңда кәсіпкердің өнімдері аудан тұрғындарына қолжетімді бағада. Өндіріс орнынан шыққан тұрмыстық химия тауарлары жергілікті сауда орындарының сөрелерінен орын тепкен. Атап айтқанда, аудан орталығындағы ірі сауда нүктелерінің бірі - «Аружан», «Әділбек», «Көктем», «Престиж», «Береке», «Жанар», «Сейтек», «Ақ түйме» жуғыш заттар дүкенінде өнімдері тұрақты түрде сатылымда. Тұтынушылар тарапынан оң пікір мен үлкен сұраныс – кәсіпкердің ісіне деген сенімнің белгісі.
Жас кәсіпкердің айтуынша, жоспарда 15-20 түрлі өнім шығару көзделген. Бұл өз кезегінде өндірісті кеңейтуге, жаңа бағыттарға жол ашуға үлкен серпін беріп отыр. Бекарыс Жұқатаевтың кәсібі — еңбек пен ізденістің, табандылық пен сенімнің нәтижесі. Шағын кәсіптен басталған іс бүгінде ауданымызда сапалы отандық өнім өндіретін тұрақты өндіріс орнына айналып отыр. Өз кәсібін дөңгелентіп, халыққа қажетті тұрмыстық тауарларды қолжетімді бағада ұсынып отырған жас кәсіпкердің бұл бастамасы – аудан жастарына үлгі боларлық үлкен іс. Әсіресе қазір «Мансап» орталығының жалғыз жәрдемақысына қарап, жұмыссыз жүрген алпамсадай азаматтарға ой салар деген ниеттеміз. Бұл ретте жергілікті жердегі арзан өнімімен елге пайдасын тигізіп жүрген жеке кәсіпкерге алға қарай да толағай табыс, кәсібіне береке тілейміз!
Азамат МОЛДАШЕВ