Ауданда шағын және орта бизнесті дамытып жүрген бірқатар кәсіпкерлер құрметке бөленді. Шараны аудандық әкімдік, кәсіпкерлік бөлімі және «Теңізшевройл» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды. Ауданның даму бағдарламасы аясында Орталық Азияның Еуразия қоры мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен «Таңдау» жобасы іске қосылған болатын. Биыл осы пилоттық жоба шеңберінде аудан әкімдігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен форум өтті.
Форумның мақсаты – көрме арқылы жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін халыққа кеңінен таныстыру, жергілікті өнімдерді тұтынушыларға кеңінен насихаттау болды.
Осы шараға белсене қатысып, ауданның экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге ұйымдастырушылар атынан алғыс айтылып, арнайы құрмет көрсетілді.
Аталмыш жобаның жүзеге асқанына екі жыл болған. Былтыр бағдарлама аясында 44 қатысушы кәсіпкерлікке қаржылай қолдау алса, биыл 13 адам арнайы грантқа ие болған. Шарада арнайы алғыс хатқа ие болғандардың бірі – Айнұр Сағиева. Байқау жеңімпазының айтуынша, бұл бағдарлама кәсібін бастағысы келетін жандар үшін зор мүмкіндік.
– «Таңдау» жобасы бүгінде ауданымызда өз нәтижесін көрсетіп келеді. Бұл мені қуантады. Мен 8 жылдан бері тігін ісімен айналысып келемін. Пилоттық жобаға қатысып, грант ұтып алдым. Берілген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазіргі уақытта қыз жасауын әзірлеу және ескі көрпелерді жаңарту жұмыстарын жүргіземін. Екі жылдан бері жеке орталығымды ашып, кәсібімді дөңгелентіп отырмын. Осындай мүмкіндік ұсынып отырған аудан әкімдігіне және «Теңізшевройл» мекемесіне алғысымды білдіремін,-дейді жеке кәсіпкер Айнұр Сағиева.
Салтанатты шарада сөз алған жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бөлімінің үйлестірушісі Сәрсен Ерболов ауданнан кәсіп ашып, оны дамытып отырған бизнес өкілдеріне алғысын білдірді. Сонымен қатар ол «Таңдау» жобасының жұмысына кеңірек тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Біздің басты мақсатымыз – ауданымыздағы кәсіпкерлер санын арттыру. Қуантарлығы, «Таңдау» жобасы кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие болып отыр. Былтыр жоба жеңімпаздары өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыруға 4,5 млн теңге көлемінде пайызсыз қарыз алса, биыл бұл сома 5 млн. теңгеге өсті. Қатысушы өз бизнес жобасын ұсынса және ниет білдірсе, біз қолдауға дайынбыз. Болашақта қаржылай қолдау көлемі де ұлғаюы мүмкін. Айта кету керек, кәсіпкерлердің басым бөлігі бір ғана бағыттан шыға алмай жүр. Атап айтқанда, тамақтану, киім, дүкен және сұлулық салоны сынды салаларға көптеп бет бұрады. Ал «Теңізшевройл» мекемесінің негізгі ойы – жергілікті өнім өндіруді жолға қою. Яғни зауытқа қажетті тауарларды шығару. Бұл бағытта үмітіміз зор,-деді жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бөлімінің үйлестірушісі Сәрсен Ерболов.
Шара барысында кәсіпкерлер өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ сала мамандарына көкейкесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
«Таңдау» жобасының үйлестірушісі Асқар Ибрагимовтың айтуынша, бағдарламаға қатысушылар стратегиялық және қаржылық жоспарлау, маркетинг және бизнесті дамыту бағытында білім алады. Сонымен бірге олар 5 жылға пайызсыз несие арқылы қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу мүмкіндігіне ие. Бүгінде жылыойлық тұрғындар ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, бөлшек сауда және қызмет көрсету сияқты түрлі салаларда жаңа кәсіпорындар ашып жатыр. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өсуін ынталандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашты.
- Қазіргі таңда «Таңдау» жобасына қатысуға ниет білдірушілер саны артып келеді. Қабылдауға келетін азаматтар өз ұсыныстарын білдіріп, пікірлерімен бөліседі. Жиналған ақпараттың барлығы Орталық Азияның Еуразия қорына жолданады,-дейді мамандар.
Жауаптылардың айтуынша, жоба туралы барлық қажетті мәліметті Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі «Таңдау» жобасының ресми парақшаларынан алуға болады.
А. Махамбетова



