Өңірде кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Бұл саланың дамуына аудан әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғана емес, осы жерден қара алтын өндіріп жатқан ірі мұнай компаниялары да өз ықпалын тигізіп келеді. Жуырда Жаңа Қаратон кентіндегі «Арсен» сауда үйінің ғимаратынан «Kerim-ai Dancе» фитнес және би орталығының ашылуы – соның айғағы.
Иә, «Теңізшевройл» компаниясының инвестициялық саясаты тек өндірісті өркендетумен шектелмейді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бастайтын тың жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы орайда компанияның Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоғамдық қоры жүзеге асыратын «Жарқыра» бағдарламасы – әлеуметтік кәсіпкерлік саланы да қолдауға бағытталған бірегей механизм ретінде танылып келеді. Бұл қордың көмегімен ауылдық және қалалық өңірлерде көптеген өзекті жобалар іске асып, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуде. Мұндай жобалар, бір жағынан, халықтың белсенділігін арттырып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға жол ашса, екінші жағынан, әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты үлес қосуда. Соның айқын бір дәлелі - осы «Kerim-ai Dance» фитнес және би орталығы. Бұл жоба – кәсіби хореограф, әлеуметтік кәсіпкер Әйгерім Мағазованың бастамасымен жүзеге асты. Және «Жарқыра» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант жеңіп алған тың идеяның бірі. Орталықтың басты мақсаты – балалар мен қыз-келіншектерді салауатты өмір салтына баулу, өнер мен дене шынықтыруды дамыту.
Тың жобаның арқасында кәсіпкерге айналған жас та кәсіпқой хореограф Әйгерім Мағазова бұған дейін де бұл салада бірталай биші қыздарды тәрбиелеп үлгерген. Орталық оқушылары түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, көпшілікке танылып үлгерді. Әйгерімнің өзі де мәдениет, спорт және әйелдер көшбасшылығын дамытуға қосқан үлесі үшін аудан әкімі, Жаңа Қаратон кенті әкімінің Алғыс хатын алып, құрметке бөленген. Осындай жетістіктермен бірге «Жарқыра» бағдарламасының байқауында жеңіске жетіп, 1 500 000 теңге көлемінде пайызсыз қаржыға ие болып, өзінің сүйікті ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алды. Бұл қаражатқа ол фитнес құралдары, кәсіби батут-джампинг, жаттығуға арналған жабдықтар, басқа да керекті құрал-жабдықтарды сатып алды. Іске асқан бұл жоба «Теңізшевройлдың» Әйгерім сынды жергілікті жеке кәсіпкерлерге көрсетіп отырған нақты қолдауының айқын мысалы болды.
Ашылу салтанатына «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің өкілі Нұрлан Мұратұлы, Әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қорының директоры Ирина Горбаченко, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Халелова, тұрғындар, ата-аналар мен жас биші бүлдіршіндер қатысты. Салтанатты ашылуында:
-«Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры бірнеше жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі - осы жерлестеріңіздің жүзеге асырып отырған фитнес, би орталығы. Жылыой өңірінде кәсіпкерлер белсенді, әрі үкіметтік емес ұйымдар да бар. Біз әлеуметтік кәсіпкерлерге, мұндай жобаларға әрдайым қолдау білдіруге дайынбыз. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандар үшін бұл өте қажетті және пайдалы орын болмақ,- деді ТШО өкілі Нұрлан Мұратұлы.
- Әйгерім – біздің белді кәсіпкеріміздің бірі. Белсенді жұмыстар атқарып келеді. «Kerim-ai Dance» фитнес, би орталығы арқылы әрмен қарай да шәкірттері көбейіп, жетістіктерге жетеді деген сенімдеміз. Ашылған жаңа орталық - Жаңа Қаратон кентінің тұрғындарына салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізетін жақсы бір қадам,- деп бағасын берген аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Халелов «Теңізшевройл» компаниясы әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қорының директоры Ирина Горбаченкоға алғысын білдірді.
Жас кәсіпкер Әйгерім Мағазова да барша қонақтарға алғысын білдіріп, арманының орындалуына себепкер болған «Теңізшевройл» компаниясына, қор директоры Ирина Горбаченкоға және барша жанашыр жақын жандарға шынайы ризашылығын жеткізді.
Фитнес, би орталығының салтанатты ашылуында дәстүрлі лента қию рәсімі өтті. Көпшіліктің қошеметімен орталықтың алқызыл лентасын компанияның әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қорының директоры Ирина Горбаченко мен аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Халелова қиды. Жаңа орталықтың есігі ресми түрде ашылып, жиналғандар ішке кіріп, залдың жұмысымен жақын танысты.
- Әйгерім өзінің бастамашылдығы, белсенділігімен ерекшеленіп жүрген жастың бірі. Қоғамдағы мәселені көріп, оны айналып өтпей, керісінше, шешудің жолын табуға ұмтылған жан. Адамдар өздеріне не қажет екенін жақсы біледі, қандай мәселе барын сезіп, сол проблеманы шешу үшін тиімді тәсілдерді қолданады. Олар қоғамға пайда әкелетін нақты шешімдер ұсынады. Бұл – әлеуметтік кәсіпкерліктің мәні. Бүгінгі таңда біз қолдау көрсетіп отырған «Жарқыра» бағдарламасы дәл осындай бастамаларға серпін беруге арналған. Бұл бастама Атырау үшін ғана емес, Кұлсары мен Жаңа Қаратон секілді қала, ауылдық округ және кент үшін де маңызды әрі пайдалы болды. Қазір әлеуметтік кәсіпкерлік – қарқынды дамып келе жатқан сала. Біз қолымыздан келгенше мұндай жобаларға қолдау көрсетеміз. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Ал мына орталық жай ғана би мен фитнеске арналған орын емес. Бұл – жергілікті нәзік жандардың бас қосатын, танысып, сөйлесетін, бір-бірінен шабыт алатын жылы шырайлы кеңістік. Мұнда жаңа достықтар қалыптасады, ортақ идеялар туады. Әйелдер өз денсаулығына көңіл бөлуге, салауатты өмір салтын ұстануға ынталанады. Сондықтан осы орталықтың ғұмыры ұзақ болып, көп адамға пайда әкелсін деген тілегім бар,- деді әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қорының директоры Ирина Горбаченко.
Салтанатты кешті кішкентай биші қыздардың өнері көркемдей түсті. Олар жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленіп, жаңа орталықтың шын мәнінде таланттардың ордасына айналатынына сенім ұялатты. Шара соңында жылы шырайлы фуршет ұйымдастырылып, ата-аналар мен жоба авторы Әйгерім Мағазованың достары ақ тілектерін айтып, фитнес, би орталығына сәттілік тіледі.
«Kerim-ai Dance» фитнес және би орталығының ашылуы – жергілікті тұрғындарға, әсіресе қыз-келіншектер мен өнерлі бишілерге арналған ерекше маңызды әрі жарқын жоба болды. Әсіресе Әйгерім Мағазованың табандылығы мен шығармашылығы көпке үлгі көрсетті. Соның арқасында өңірдегі салауатты өмір салты насихатталып, көптеген нәзік жандар рухани және физикалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік алды.
А.МОЛДАШЕВ