Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттілігі жөнінде айтқан пікірі көптің көңілінен шығып, ешкімді де бейжай қалдырмағаны рас.
Бұл жөнінде ол «Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отыр. Сондықтан осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн. Бұл – құзырлы министрліктің және қоғамдық ұйымдардың міндеті. Мұндай қадам инновациялар мен ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді» деген еді. Бүгінде бұл сөз еліміздің түкпір-түкпіріндегі еңбек ұжымдарына бағыт-бағдар болып отыр. Солардың бірі – аудандағы “KG Catering & Cleaning” компаниясына қарасты жылыжай кешені.
2018 жылы жұмыс бастаған нысан бүгінде жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді ұштастыра отырып, экологиялық таза өнім өндіру жолында топ бастап келеді. Мұнда өсімдіктерге қажетті климаттық жағдай автоматты түрде реттеліп, өнімді тамшылатып суару әдісі арқылы өсіреді. Жылыжайда 25 жылыойлық азамат еңбек етіп, жергілікті өнім өндірісіне үлес қосып отыр. Биыл мұнда жыл соңына дейін 300 тонна қияр жиналады деп жоспарланған. Бұл туралы жылыжайдың аға агрономы Ақмарал Базарбаева:
-Қазіргі таңда жылыжайда қияр, баялды, болгар бұрышы және құлпынай өнімдері өсірілуде. Құлпынайды тәжірибе ретінде 4 түрлі сортынан байқап көріп жатырмыз. Қайсысы жақсы нәтиже көрсетеді, сол түрін әрі қарай дамытқымыз келіп отыр. Бізде ең негізгі өнім қияр ғой. Ал баялды мен болгар бұрыштарын көбіне өндірістік аймақтардағы асханалар үшін шығарамыз. Сол себепті олар жылына 1 тоннаға жуық қана өнім береді. Ал қиярға келетін болсақ, биыл бұл өнімнен 300 тонна нәтиже көргіміз келіп отыр. Соған байланысты Жылыой нарығы үшін сапалы жұмыс жасауға тырысып жатырмыз. Мұнда 25 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі де өзіміздің жылыойлық азаматтар. Десек те қатарымыз әлі де толық емес. 10-ға жуық маман жетіспейді. Оларға қояр талабымыз да жоқ емес. Жылыжайдың ішкі температурасын өздеріңіз білесіздер. Тұқым егілетін алаңның өзінде қазіргі уақытта +32 градус көрсетіп тұр. Одан бөлек жылыжай іші ылғалды болып келеді. Міне, осындай температураға шыдап, оған қоса биіктен қорықпаса және қан қысымы тұрақты орташа болса, онда әрине, жақсы маманды қабылдауға біз де дайынбыз,-дейді өз сөзінде.
Иә, жергілікті өнімдер өсіріліп шығатын нысан температурасы қашан да тұрақты жылы. Мұнда еңбек ететін жандар арнайы биікке көтеретін құрылғылар арқылы жоғарыға шығып, өнім жинайды. Олардың сөзінше қияр кем дегенде 38-39 күнде өсіп шығады. Оған дейін тұқымды егу, баптау, күту, суару сынды кезеңдерден өтіп, әрі қарай адами факторлар арқылы өсіріледі. Бүгінде жылыжайда өткен жылы өсірілген «Мева» қияры шықпайды. Бұған жылыойлықтардың қиярдың «Рава» сортын ұнататыны себеп болып тұр. Сол себепті биыл 80% кішкентай сортты қияр егілген. Бұл туралы өндірістің барлық технологиялық процесін қадағалап және өнім сапасын қамтамасыз ету жағдайын үнемі бақылап жүретін технолог Рахат Жұмағалиев:
-Әрине, жақсы өнім алу үшін үздіксіз жұмыс жасауға болады. Бірақ біз маусымдық түрде жұмыс жасаймыз. Өйткені, нысанды демалтып тұрмасақ, түрлі техникалық ақаулардың шығып кету қаупі бар. Қанша дегенмен жан-жағымыздың бәрі су құбырына толы. Одан бөлек қаншама тоқ көзі бар. Осыған байланысты жылыжай бір кезеңнен өткеннен кейін оған міндетті түрде сервистік қызмет көрсетіледі. Иә, біз үшін әр өсімдіктің тамшылатып суару әдісімен қамтамасыз етілуі өте маңызды. Бұл ретте адами фактордың да рөлі жоғары. Өнімді жинау, баптау, суару кезеңдерінде тек техникалық жүйелерге сүйенбей, тәжірибелі мамандардың дағдылары мен бақылауына көңіл бөлеміз. Өйткені заманауи технология мен адам еңбегінің үйлесімі сапалы өнім алудың кепілі. Мұндай тәртіп пен бақылау нәтижесінде жылыжайдан шыққан өнім жергілікті нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта көршілес аймақтарға жеткізілуі де мүмкін. Бұл – тек қана өндірістік жетістік емес, сонымен бірге ауыл шаруашылығында инновацияларды кеңінен қолданудың нақты үлгісі деп ойлаймын,-дейді пікірімен бөлісіп.
Жауапты мамандардың айтуынша, қазіргі таңда нысандағы басты мәселе судың сапасы болып отыр. Су желісінің дұрыс жұмыс істемеуі өсімдіктердің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті жылыжайда су сапасын бақылау және тазалау жүйелерін жетілдіру маңызды. Бүгінде тәжірибелі агрономдар мен технологтар бұл мәселені үздіксіз қадағалап, қажетті техникалық сервистік қызметтерді жүргізіп отыр. Десек те, «осмос» сынды су тазалағыш құрылғы жылыжайға қажетті ең маңызды құрылғы болып тұр. Егер нысанның су тазалауға мүмкіндігі болса, онда жылыжайдағы өндіріс үздіксіз жүріп, сапалы өнімнің тұрақты шығуына да үлкен мүмкіндік туары анық. Иә, жылыжайдағы өндіріс пен технологиялық жаңалықтар ауыл шаруашылығын дамытудағы нақты қадам. Өйткені жылыжайдағы өндіріс табысы тек кәсіпорынның емес, бүкіл ауданның ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтін елдің үлесі. Мұнда еңбек ететін мамандардың кәсібилігі, жаңашылдыққа бейімділігі және заманауи құрал-жабдықтардың үйлесімі – еліміздегі агроөнеркәсіп саласының болашағы жарқын екенінің айқын дәлелі.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ


