«Жарқыра» - әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарлама

«Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы Жылыой ауданына 2016 жылдан бастап келді. Жылына бір рет конкурс ретінде өтетін бағдарламаны жергілікті «Теңізшевройл» ЖШС қаржыландырып отыр. Ал «Жарқыра» бағдарламасын іске асырып отырған ФЕЦА қоры. Конкурс ретінде іске асатын болғандықтан ең жақсы деп танылған әлуметтік кәсіпкерлікке қаржылай және оқулар, тәжірибе алмасулар арқылы қолдау көрсетеді.

Жарқыра бағдарламасы арқылы қаржы алып, кәсіпкерлігін дамытып отырған «FastTrackKids» балалардың шығармашылық дамыту орталығының директоры Алмагүл Шудабаева. Бұл ойдың келуі оның кішкентай қызының тұйықтығына алаңдауынан пайда болғанын айтады. Яғни, қызы алдағы уақытта қоғаммен араласып кетуі қиынға соғады, сол себепті өзі сияқты ата-аналардың бар екендігін біліп, осы орталықты ашу үшін ізденіп, осы «Жарқыра» бағдарламасынан қолдау тапқан. Ол сияқты көптеген кәсіпкерлер әртүрлі бағытқа арналған әлеуметтік кәсіпкерлігін дамытып отыр. Ендігі осы жылы да Атырау облысы бойынша оншақты әлеуметтік кәсіпкерлік қолдау таппақ.

fesa1

Биыл ақпан айының 15-16-сы күндері ауданымызда «Жарқыра» бағдарламасының кіріспе семинары өтті. Оған ауданымыздан жүзден аса адам қатысты. Ендігі кезекте осы бағдарлама бойынша әлеуметтік жобаларды қабылдау жұмысы басталды. Кіріспе семинарды өткізген жергілікті бизнес тренер Алтынгүл Атабаева ауданымыздан көбірек әлеуметтік кәсіпкерлер шықса екен дейді. Себебі қоғамның дамуына бірден бір үлес қосатын ол әлеуметтік кәсіпкерлер. Бұл бағдарлама арқылы Жылыой ауданы бойынша бірнеше әлеуметтік кәсіпкерлік бой көтерді.

Жалпы әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз қоғамға пайдалы кәсіпкерлік, яғни қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік. Ол шет елде әсіресе Ұлыбританияда тоқсаныншы жылдардан бері жақсы дамып келе жатыр. Ал Қазақстанға әлеуметтік кәсіпкерлік деген ұғым 2015 жылдан бастап келді. Әлеуметтік кәсіпкерлікке қоғамда көптеген қолдаулар мен мүмкіндіктер бар. Себебі ол қоғамды сәл болса да жақсартуға үлес қосатын кәсіпкерлік.

Ж.Шаңқанова

COVID 19

covid

Күнтізбе