ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Үздіксіз ізденіс, сүйікті мамандығы бойынша білім алу, қалаған кәсібіңе икемделіп, біліктілікті арттыру – ешқашан кеш емес! Әсіресе, жанұялық жағдайына байланысты еңбек етіп, жұмыс істеудің реті келмей, бала күтімімен ұзақ жылдар үйде отырып қалған аналардың алға ұмтылып, қай жаста да өзінің жаны қалаған сала төңірегінде білім алуы тіпті керемет!
Осындай тәуекелшіл, ынталы, талапты да еңбекқор аналарға «Теңізшевройл» Ж Ш С - н ы ң қаржылай қолдауымен «Зейін Атырау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауданда жүзеге асырылып келе жатқан «Қадам» жобасының тигізер пайдасы орасан зор, берер мүмкіндігі мол.

Көпбалалы, жалғызбасты, ерекше бала бағып отырған, жұмыссыз аналарға арналған жоба осымен ауданда екінші жыл қатарынан іске асуда. Жыл басында жобаға қатысуға ниет білдірген ханымдардан өтінімдер қабылданып, анкеталар толтырылды. Алғашында 537 әйел адамнан өтінім келіп түскен-ді. Аналардың әлеуметтік жағдайы аудандық ішкі саясат бөлімімен расталып, еңбек жолы, жалпы өмір дерегі сараланып, іріктеліп, 500-ден астам әйелдің ішінен 200-інің өтінімі қабылданды.

Жобаның жыл басы ндағы кіріспе семинарына сол 200 әйел шақырылып, тағы да іріктеу кезеңі өткізілді. Сөйтіп, «Жаңашылдыққа ұмтыламын, бір мамандықтың иесі боламын, өміріме өзгеріс енгізіп, асқақ арманыма қадам басамын» деген 50 нәзік жанды «Қадам» жобасының биылғы қатысушылары қатарынан табылды.
Осы нәзік жандылар ішінде жолдасы жұмыссыз қалып, шаруаға қолғабыс етемін дегендер де, 5 жылдан аса уақыт мүлде еңбекке араласпаған жандар да, жоғарғы білімі, не дипломы жоқ әйелдер де бар. Әрине, үй шаруасындағы келіншекті «Қоғамның көшінен кейін қалған» деп қаралауға, шеттетуге болмайды. Оларға әрқашан демеп-қолдайтын үлкен күш, көңілді орта, табыс табар кәсіп пен аяққа тұрып кетуге бір себеп керек. Қолға алынғанына көп жыл уақыт өтпесе де, жылыойлық әйелдердің танымал да, сүйікті ісіне айналып үлгерген «Қадам» жобасы осындай өз мақсатына қол жеткізем деген әйелдердің жетекші күші десек артық айтқандық емес.

Бірнеше жылын үйінде жұмыссыз өткізген әйелдің бойында өзіне деген сенімсіздік пен үрейдің, қобалжу мен толқудың, тұйықтық пен өз ойын анық жеткізе алмайтын кемшіліктің болуы – заңдылық. Сондықтан, «Қадам» жобасы аясында әйелдер жобада оқытатын негізгі 5 мамандығынан бөлек, ең алдымен, психологиялық тренингтен өтеді.

Онда «Өзін-өзі бағалау, қарымқатынас, эмоциялық күйреудің алдын алу» және «Түпсанамен және қорқыныштармен жұмыс» сабағы өткізілді. Жылыойлық әйелдерге тренинг өткізу үшін БҰҰ ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі С.Әбдірахманова арнайы шақырылды. Тренинг кезінде әйелдерді психологиялық қолдаусүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, «Жетістікке бір қадам» 30 күндік марафонын өткізу үшін әр қатысушының әрқайсысына күнделік табысталды. Нәтижесінде, олардың өз-өздерін бағалауы артып, өкпе-ренішінен арылып, алға қарай қадам басу, мақсат құру, жетістікке жетуге деген құлшынысы пайда болды. Кейін алған білімін аяқсыз қалдырмай, өз кәсібін бастап кетуі үшін «Бизнес» тренингтерге қатысып, білімін толықтырады. Коуч тренер, КЕҰ және әлеуметтік кәсіпкерлік саласының тренері А.Атабаеваның өткізген Бизнес тренингі аясында қатысушылар өз бизнес-жоспарын жазып үйренеді, арнайы гранттар ұтып алу үшін жасалатын алғашқы қадамды анықтайды. Сондай-ақ, өз бюджетін тиімді басқарып, кірісі мен шығысына бақылау жасауды, ақшаны дұрыс басқарып, жеткілікті өмір сүруді «Қаржылық сауаттылық»-тан меңгереді. Атап айтсақ, «Сала таңдау және нарықты зерттеу», «Бизнес жоспар жазу 1,2-бөлім», «Бизнес мүмкіндіктері» және басқа да мәселелерді қамтиды.
-Бүгінгі күнде сұраныстағы кәсіп көзінің бірі – СММ-Таргет маманы. Өз бизнесін бастап, әрі қарай дамытамын деген әйелге бұл саланы меңгеру міндет. Өйткені, қазіргі уақытта әлеуметтік желінің көмегінсіз бірде-бір бизнес алға баспайды. Арнайы парақшада жарнамасы жарқылдап, істеген ісінің нәтижесі «мен мұндалап» тұрмаса тұтынушылардың ол кәсіптің өнімі мен қызметіне қызыға қоюы екіталай. Сондықтан, жобаға қатысушы болашақ кәсіпкер аналарға өз жұмысын сауатты жарнамалап көрсетіп, әлеуметтік желідегі парақшасын оқырманға тартымды етіп визуал жасай алуы үшін СММ мен компьютерлік сауаттылық курсы да тегін оқытылды. Бұл тренинг барысында клиентпен қалай дұрыс сұхбат жүргізу керек, брендке не қажет, мақсатты аудиторияны зерттеу және оның мазмұнымен өзара әрекеттесуі, бейнежазбалар түсіріп, монтаждау, суретке дұрыс түсіру, тағысын тағылар үйретіледі. Осы кезеңдерден өткен назік жандылардың өзіне деген сенімі артып, отбасындағы қарымқатынас реттеліп, тіпті, өз ісін бастап кеткен қатысушылар да бар, - дейді «Қадам» жобасының жетекшісі А.Шудабаева. Жобаның басты мақсаты да осы еді...

Жоғарыда айтылған салалар аясында берген білімді толық меңгергеннен кейін ғана аналарға негізгі 5 мамандық бойынша арнайы мастердің шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Ол, негізінен, аспаз, визажист, маникюр, шаштараз және тігін мамандықтары...

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT