Туризмді дамыту – басты назарда

ӨТКЕН СӘРСЕНБІДЕ АУДАН ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ЕЛБАСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ», «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» МАҚАЛАЛАРЫНЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫН ОРЫНДАУ ЖАЙЫ ҚАРАЛҒАН ОТЫРЫСТЫ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ НҰРДӘУЛЕТ АҚНАЗАРОВ АШЫП, ЖҮРГІЗІП ОТЫРДЫ. КҮН ТӘРТІБІНДЕ ОДАН БӨЛЕК МАҚАЛАЛАРДАҒЫ КӨРСЕТІЛГЕН НЕГІЗГІ ІС-ШАРАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖАЙЫ ДА СӨЗ БОЛДЫ. КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНА КЕНТ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ МЕН КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІ ҚАТЫСТЫ.


-Бүгінгі отырыстың күн тәртібінде қаралып отырған мәселелердің аясы аса ауқымды, олар маңызды, жүйелі де ұзақ мерзімге жоспарланған. Бұдан бұрын қызу талқыланып, көптеген шаралардың өзіндік жоспары жасақталған еді. Алайда, жаһандық пандемия іске асуға тиіс жұмыстардың бәріне тосқауыл болды.


Ендігі кезекте Елбасының тарихи мәні зор мақалаларында атап-атап көрсеткен қағидаларды жедел қолға алуымыз керек. Қоғамдық келісім кеңесінің басты мақсаты – тыныштықты, бірлікті, ұлттар арасындағы татулықты мәңгілік сақтау. Қазақстандай көпұлтты елдің Президенті ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы да осы өзекті мәселені өзінің халыққа жолдаған Жолдауында айрықша атап өтті. Дәл осы ұстанымды мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында да одан әрі нақтылап, саралап көрсетті ,–деді кеңес төрағасы Н. Ақназаров.


Жиналыста айтылғандай, Елбасы мен Президент тапсырмаларын орындауда аудандық Қоғамдық келісім кеңесі алдыңғы қатарда келеді екен. Оған жергілікті жерде бүгінге дейін атқарылып үлгерген іс-шаралар дәлел бола алады. Ондаған ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасты берік ұстанып қана қоймай, кеңес төрағасы мен мүшелері киелі туған жеріміздегі тарихи-мәдени орындарды көркейтуге, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға да білек сыбана кіріскен. Дегенмен, кеңес төрағасының айтуынша, қастерлі деп саналатын тарихи орындар басында туризмді дамыту үшін басталған құрылыстардың көбі бүгінде тоқтап тұр. Күн тәртібінде осы тақырып кеңінен талқыланып, отырысқа қатысушылар сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Бұдан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева баяндама жасады. Аудан мектептеріндегі көңіл қуантарлық жаңаша бастамалармен де бөлісті. Бөлім басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған, мектеп оқушыларымен бірге өткізілетін жұмыстардың жоспарымен таныстырды.
Ал аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Айдана Бақтиярова бөлімде ұйымдастырылған мәдени және әдеби кештерді баяндады. Маңызды мерекелер мен мерейтойларда жыл басынан бері онлайн және офлайн форматта өткізілген шараларды атап шықты.


-Аудандық «Атамұра» музейі қызметкерлері өлкенің тарихи жәдігерлерін қорғауда, бұйымдарды насихаттауда өзгелерден қалыс қалып жатқан жоқ. Музейдің биылғы 45 жылдық мерейтойына орай кітаптар шығарып, музейде бұрын қызмет еткен және қазір еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де өмірбаянын қамтыған үлкен еңбек жасап шығардық, – дейді музей директоры Мұрат Қақпанбаев.


Сондай-ақ, ауданымыздағы екі колледждің мамандары өздерінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521