ТОРТІЗБЕК ТОҚИТЫН ЖАҢА ЦЕХ

«Бизнестің жол картасы – 2025»

Өткен жылдан бастап еліміздің Үкіметі «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіткен еді. Бағдарламаның басты мақсаты: өңірдегі жаңа бизнес идеяларды қолдап, оларды қайтарымсыз қаржымен қамтамасыз ету.

Міне, осы бағдарлама негізінде құлсарылық кәсіпкер, «Транспарксервис» ЖШС-ның директоры Руслан Саниев жергілікті жерде көбіне-көп ауланы қоршауға қолданылатын темір сымнан тоқылатын торлы тізбек жасап шығара бастады.

Әрине, бұл мақсатына бірден қол жеткізе қойған жоқ. Көптен арнайы қондырғы алуды армандап, көздеп жүрген ол өз ойын жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөліміне жеткізіп көрген-ді. Жас жігіттің бастамасын ондағы мамандар да қызу қолдады. Сөйтіп құжат жасақтатып, қондырғыға қажетті қайтарымсыз несиеге қол жеткізуіне мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде мемлекеттен 2 млн. 500 мың теңге қаржы бөлініп, Руслан Ресейдің Челябинск қаласына тапсырыс берді. Көптен көкейінде жүрген тор тізбегін шығаратын автоматты қондырғы сатып алғанда қуанышында шек болмады. Онысын қаланың өндірістік аймағында орналасқан «Наурыз-Контракт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратының бір бөлігіне келісім-шарт бойынша орналастырып, жаңа жабдықты іске қосып көрді.

Біз барғанда Руслан «сетканың» екі түрін шығарып қойыпты. Бірі мырышталған, кәдімгі қатты ақ сымнан тоқылған қалың тізбек болса, екіншісі полимермен қапталған түрі.

-Бұрын мұндай қондырғының жартылай автоматты түрлерін көріп жүргенмін. Бірақ онымен жұмыс жасағанда адамның күші көп жұмсалады әрі уақытты да аз ысырап етпейсің. Бүгін, міне, мемлекеттік бағдарламаның арқасында көптен көздеп жүрген үлкен қондырғыма қол жеткіздім. Бұл ретте бизнес-идеяма қолдау көрсеткен жергілікті азаматтарға алғысымды білдіремін. Қазір мен тоқып жатқан тізбектердің ұзындығы 10 метр болады. Биіктігі бір жарым және екі метрлік те бар. Қондырғының қуаттылығы тәулігіне 70-80 шаршы метрлік. Мәселен, алғаш іске қосқанда бір сағатта 15 шаршы метр тортізбегін тоқып, дайындадық. Бір адамды жұмыспен қамтыдым. Шикізатты, негізінен, Алматы қаласынан алдыртамын. Бүгін базарлар мен құрылыс дүкендерінен осы өнімімді әрдайым көрсем деймін. Сырттан әкелінетін «сеткаларға» қарағанда менің тортізбегімнің бағасы әлдеқайда арзан болмақ. Оның үстіне, полимермен қапталған түрлерін бұған дейін сатылымнан көргенім жоқ, - дейді Руслан Орынбайұлы.

Русланның «сеткалары» қазір Құлсары қаласындағы «Бек» пен 5-учаскедегі құрылыс дүкендерінде және Орталық базарларға сатылымға шығарылды. Ендеше, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап», жергілікті кәсіпкердің өнімін сатып алғанымыз абзал емес пе?!

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521