Тігіншілік – жылыойлық қыз-келіншектер үшін де таңсық кәсіп емес. Өңірімізде он саусағынан өнер тамған небір әжелер мен аналарымыз өтті. Олардан қалған асыл мұраны мирас етіп, ісін ілгерілетіп жүрген нәзік жандар бүгінде аз емес. Бірақ кәсіптің өзге салалары секілді тігінші болу үшін де заман талабына сай білім үйреніп, біліктілікті арттырып отыру қажет.
Міне, осы мақсатты көздеген «Атамекен» іскер әйелдер кеңесі жылыойлық ісмер қыз-келіншектердің басын қосып «Тігін әлемі» атты мотивациялық семинар ұйымдастырды. Онда облыстық дизайнерлер президенті, Ұлттық дизайн академиясының академигі Айсұлу Оразбаева, жергілікті тігінші, дизайнерлер Жұлдызай Жандосқызы, Әйгерім Нүркенқызы, Алтынбек Есен және Сәуле Амангелдиевалар осы кәсіппен шұғылданып жүрген 40 шақты нәзік жандыға өз өнімдерін нарыққа шығару, жеке бренд қалыптастыру және кәсіпті дамыту жолдарын айтып, кеңес берді.Бұл жөнінде аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Тігіншілерге аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова тігіншілерге сәттілік тілеп, аудан әкімі атынан спикерлерге алғыс хаттар табыс етті. Шара соңында жергілікті дизайнерлердің туындыларынан сән көрсетілімі өткізіліп, фотосессия ұйымдастырылды.
Е.Қошақанов