Өз ісін ілгерілетіп, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жылыойлықтар үшін «Теңізшевройл» компаниясы керемет мүмкіндік туғызып отыр. Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы шеңберінде ТШО-ның қаржылай қолдауымен «Еуразия Орталық Азия Қоры» қоғамдық қоры «Таңдау» атты әлеуметтік арнайы жобасын жүзеге асыра бастады. Бұл жөнінде өткен аптада аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Пилоттық режимде іске асырылатын бұл жоба жаңадан кәсіп ашуға немесе бизнес аясын кеңейтуге ниет білдірген аудан тұрғындары осы жоба аясында кәсіпкерлігі үшін пайызсыз және кепілдіксіз қарыз ала алады. Негізгі талаптары ретінде жобаға қатысушы, ең алдымен, Жылыой өңірінің тұрғыны болуы керек, соңғы бес жыл ішінде аудан аумағында тұруы немесе осы жерде бизнес жүргізуі тиіс.
Ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жоба аудандағы шағын бизнеске екінші дем береді: - Бұл жоба кәсіп бастауға ниетті және кәсібін дамытқысы келетін аудан тұрғындарына, кәсіпкерлеріне арналған. Баршаңызды осы жобаға белсене қатысуға шақырамын! Аудан тұрғындарын қолдауға арналған «Таңдау» жобасын жүзеге асырушы Орталық Азияның Еуразия Қорына және қаржыландырып отырған «Теңізшевройл» компаниясына аудан әкімдігі атынан алғысымды білдіремін,- деді ол.
Іс-шараға 100-ге жуық адам қатысты. Ал «Тандау» жобасының координаторы Алтынгүл Атабаева жоба жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер үшін ғана емес, қандай да бір себептермен жұмыссыз қалғандар үшін де тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жылыойлықтар кәсіп ашып, өзін және отбасыларын қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын да аша алады.
Мұнда кәсібін ашқысы келетін жандарға 2,5 миллион теңге, ал жұмыс жасап тұрған бизнесін кеңейтуші кәсіпкерлер үшін 4,5 миллионға дейін несие алуға болады. Бұл ретте үміткерлердің жасына шектеу қойылмайды. Ал қор мамандары үміткерлерді бастапқы кезеңде оқытып алады және болашақта қолдау көрсететін болады.
Жоба алкоголь мен ойын индустриясына байланысты бизнес түрін ашушыларға, саяси партияларды қаржыландыруға, ғылыми зерттеулерге, кітаптар мен журналдар шығаруға ниет білдіргендерге, діни немесе этникалық бірлестіктерді қолдау секілді өзге де осындай іспен шұғылданып жүрген жандарға. қаржы бөлмейді.
Жалпы, жобаға қатысушы екі кезеңнен тұратын конкурстық іріктеуден өтеді. Бірінші кезеңде өзінің бизнес-жобасы туралы екі минутқа дейін толық толтырылған өтінім мен бейнені ұсынуға міндетті. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары екінші кезеңге өтеді де, онда сараптама комитеті арқылы оқытудан өтіп, алдын ала бағалау үшін бизнес-жоспарлар дайындайды. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 30 үміткер сараптама комитетінің алдында өздерінің бизнес-жоспарларын таныстыра алады. Олар тек 10 үздік қаржылық-тұрақты жобаны таңдайды. Мұндай іріктеуге жылына 3, яғни жылына 30 жоба жоспарланған. Конкурстық іріктеу жеңімпаздарына жабдықты сатып алуға пайызсыз қарыздар берілетін болады. Жабдықтың өзі ақшаны қайтарудың кепілі болады. Шығындар өтелмесе сатып алынған техника алынады. Ақшаны қайтару 6 айлық несиелік демалыстан кейін басталуы керек.
Жобаға қатысу талабы мен ережесі қордың арнайы - www.ef-ca.kz сайтында жазылған. Әлеуметтік желідегі парақшасы: @tandau_zhylyoi
Е.Бисекенұлы