Өндірісі өркендеген өңір болса да, аудан аумағында жұмыссыздық мәселесінің түйіні әлі күнге тарқатылмай келеді. Сондықтан бұл про- блеманы шешудің бірден-бір жолы – халықты масылдық психологиядан арылтып, қос қолына бір кәсіп көзін тауып беру. Яғни, дайын жұмыс емес, керісінше, кәсіпкерлікке баулып, өз бетімен отбасы мен өзінің тіршілігі үшін еңбек етіп, жұмыс көзін ашуына мұрындық болу. Жылыойлық кәсіпкерлерге арналған «Таңдау» жобасы, міне, осы мақсатты ұстанады.
Біз бұл жобаның жұмысы жөнінде осыған дейін де газет бетінде бірнеше мәрте жазған едік. Өткен 2023 жылы іске қосылған «Таңдау» жобасы өз бағдарламасы аясында 26 бизнес-идеяны қолдап, 70 адамды оқытып шығарды. Бірінші легі бойынша жеңімпаз деп танылған 13 тұрғын 2 миллионнан 4,5 миллион теңгеге дейін пайызсыз несие алған болатын.
Жақында «Таңдау»-дың ІІ легінің жеңімпаздары да анықталды. Бұл жолы да ауданның 13 тұрғыны таңдап алынды. Олар енді өздерінің бизнес идеяларын іске асыру үшін бастапқы капиталмен қамтылып, қаржыландырылатын болады.
Жоба жеңімпаздары, негізінен, көп балалы отбасы мүшелері және Теңіз кен орнынан қысқартудың құрығына ілінген жұмыссыз тұрғындар . Жоба жеңімпаздары өткен жұма күні жария етілді. Марапаттау кешіне аудан әкімінің орын- басары Гүлнафис Айшуақованың өзі қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Таңдаудың» таңдаулыларын құттықтап, келешектегі кәсіпкерлік ісіне сәттілік тіледі.
Ал таңдаулы жеңімпаздар, негізінен, қалдықтарды өңдеу, спорт және фитнес, клининг, баспахана, автосервис, жууға арналған заттарды өндіру, кейтеринг, тігін өндірісі, мектепке дейінгі білім беру және ҰБТ-ға дайындық, нан пісіру секілді бизнес түрлерін таңдап, қолға алуды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, «Таңдау» жобасы Орталық Азияның Еуразия қоры Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» ЖШС қаржыландырады. Жоба аясында жыл сайын барлығы 39 шағын бизнес пен 105 адамды оқытуға қолдау көрсетеді. Бұл – әсіресе өз кәсібін бастауды ойлап жүрген жұмыссыз азаматтарға таптырмас мүмкіндік.
Өз тілшімізден