2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне (ШОК) келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидалары шеңберінде жергілікті атқарушы органдар ШОК субъектілерінің залалды өтеу туралы өтінімдерін қабылдау және қарау бойынша жұмыс жүргізуде.
Кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі. 2024 жылғы 1 қазан жағдайында ШОК субъектілерінен 15 млрд теңге сомасына 764 өтінім келіп түскен.
Шамамен 12 млрд теңге сомаға 630 өтінім бойынша оң шешім қабылданды, оның ішінде 10,1 млрд теңгеден астам сомаға 615 өтінім (өтінімдердің жалпы санының 80,4%-ы) бойынша төлемдер толық көлемде жүргізілді. 30 өтінім бойынша өтемақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды.
Қалған зардап шеккен объектілер бойынша бағалау және сметалық жұмыстар жалғасуда, олар аяқталғаннан кейін өтінімдер Өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылады.