ШИПАЛЫ «ШИФА» ОРТАЛЫҒЫ

Жақында ауданда тағы бір кәсіп нысаны есігін айқара ашты. Ол – тән арқылы адамның жанына да шипа беретін жаңа массаж орталығы. Онда нүктелі массаждан бастап от және классикалық массаж, стоун терапия сынды емдік түрлері бар. Жан мен тәніне шипа іздеген жанның денсаулығын дәрі-дәрмексіз түзейтін орталық қаланың І ықшамауданынан бой көтерді. 6 жылдан бері айналысып жүрген сүйікті ісін бүгінде үлкен кәсіпке айналдырған Гүлжанат Қуанышқызы салтанатты шараға аудан белсенділері мен ем алушыларды, кәсіпкерлерді және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырды. Орталық шымылдығын ашып, алқызыл лента кесу рәсімі ауданымызға белгілі кәсіпкер, «Кесте» тігін үйінің иесі Әйгерім Нүркенқызына табысталды. Жиналғандар арасында кәсіптің ілгері жүруіне ниеттес болған жандардың тілектерінде шек болмады. Құттықтаушылар қатарынан сөз сөйлеген бизнес-тренер Алтынгүл Атабаева:

-Массаж орталығы құтты болсын. «Шифа» массаж орталығы – қаламызға ең қажетті нысанның бірі. Себебі бұл кәсіп қазір сұранысқа ие. Жаңа нысан ғұмырлы, берекелі болсын. Ем алушылар бұл жерден құлан-таза сауығып, еміне шипа табуына тілекшімін, - деді.

Еңбектеген баладан, балтыры сыздап, басы ауырған үлкен кісілерге дейін қабылдайтын орталықта, ең алдымен, массаждың адам ағзасына қаншалықты пайдалы екендігі түсіндіріліп, қан айналым жұмысын жақсартуға бағытталған қызмет түрлері ұсынылады. Массаж кабинетінде уқалау қызметінің бірнеше түрі бар. Атап айтсақ, от массажы, классикалық және вакумды массаж, бамбукті және балмен массаж жасау, нүктелі массаж, стоун терапия және сауна Ба-Гуа әдістері бойынша массаж жасалатын болады. Ашылу рәсімінде кәсіп иесі Гүлжанат Қуанышқызы бұл кәсіпке қалай бет бұрғанын баяндап берді. Өз өмір жолында талай қиындықтарға жолыққан ол барлығын еңсерді. Бүгінде Атырау, Жаңаөзен, Боранқұл, Ақтөбе қалаларынан массаж жасауға шақырту жиі түсетінін айтады.

- 2021 жылы онкологиялық аурумен науқастанып қалдым. Бір жылдай дертіме дауа іздеп, түрлі емханалардан ем қабылдадым. Дәрігерім «химия алудан басқа амал жоқ» деп нақты айтты. Бірақ ол өмірімді жалмап аларын сездім бе, бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы болдым. Осы сын сәтте Алла маған жаңа өмір сыйлады деп айта аламын. Бір күні туған абысыным Алматы қаласында тұратын Тұрсынгүл Әсемхан атты келіншекке баруымды өтінді. Сөйтсем ол нүктелі массажбен айналысатын және соның курсын оқытатын ұстаз екен. Біразға дейін шешім қабылдай алмай іштей уайымдап жүргенде ауруым үдеп кетті. Жаныма батқан дерт жалғыз менің ғана емес, отбасым мен туған-туыстарымды да сары уайымға салды. Содан Тұрсынгүл ұстазды әлеуметтік желіден іздестіріп, жан-жақты зерттей бастадым. Тәуекелге бел байлап, байланысып, дертім туралы және оның емі жайында толық ақпаратты алдым. «Жазыласың, еш уайымдамай маған кел» дегені жаныма қуат берді. Оның берген үмітінен кейін менде іштей жалын пайда болды. Себебі, бұған дейін дәрігерлердің «ешқандай кепілдік бере алмаймыз» деген ауыр сөздері жүрегіме қанжар сұққандай қадалған еді. Тұрсынгүл ханымнан толық 1 ай ем алдым. Нәтиже өте керемет болды. Айтқанының барлығын толық орындадым, соның арқасында өзгеріс бірден білінді. Араға 6 ай салып Тұрсынгүл ханымға бармай-ақ шәкірттерінен ем алып тұрдым. Ал, 9 айдан кейін барлық анализ қорытындымның тап-таза шыққанын көрдім. Бұл жағдайдан кейін қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмадым. Міне, осыдан кейін Тұрсынгүл ханымның Алматыда көрсетіп отырған қызмет түрін өзімнің тұратын Жылыойыма әкелуді мақсат тұттым, - дейді массаж орталығының жетекшісі Гүлжанат Қуанышқызы.

«Нүктелі массаж» жасауды өз сырқатынан толық емдеп жазып шығарған ұстазы Тұрсынгүл Әсемханнан аяқтай барып үйреніп, толық курсын оқып алған кәсіпкер өзі секілді «дертіне шипа іздеген жандарға қолымнан келгенінше көмектескім келеді» дейді. Шындығында, массаж ұғымын жетік білмейтін жандардың қарасы көп. Алайда, осындай өмірде болып жатқан түрлі оқиғалардан сабақ алсақ, бұл саланың адам денсаулығы үшін пайдасы зор екенін білетін боламыз.

Жалпы бұл кәсіпті қолға алып, 2022 жылы тұрақты түрде бастаған болатын. Бірақ ашылу салтанаты өздеріңіз байқағандай биылғы жылға бұйырған. Массаждан бөлек косметологиялық қызметтерді ұсынатын орталық инесіз әжім кетіру, бетті ағарту, қара дақтарды кетіру, бетті ылғалдандыру сияқты табиғи процедуралар жасайды. Бүгінде орталық жетекшісі Гүлжанат Қуанышқызы тек массаж жасап қана қоймайды. Қолы босай қалғанда өз кәсібін өзге жандарға да үйретіп жүр. Қарапайым халықтың қалтасына ауыртпашылық салмау мақсатында оқыту курсының бағасын қолжетімді қылып, білім алып, үйренем деген жандарды өз орталығында қабылдап жатыр. Айта кететіні, мүмкіндігі шектеулі жандар мен әр түрлі топтағы сырқат жандарға өз атынан жеңілдіктер қарастырылған. Алты жылдан бері массаждың қыр-сырын толық зерттеген кәсіпкер:

- Нүктелі массаж адам бойындағы нүктелерді басу, уқалау арқылы барлық қан айналым процесіне, зат алм асуға, қан айналым жүйесін жақсартуға, дене мүшелерінің қалыпты жұмыс жасауына әсер етеді. Сондықтан бір үйден бір адам массаж оқу курсынан өтуі керек деп ойлаймын. Алдыма келген әр ем алушыға да осыны айтып отырамын. Көбі массаждың құндылығын түсіне бермейді. Денсаулыққа зиянсыз әрі пайдалы ем, ол - нүктелі массаж деп есептеймін. Өмір - бұл ғажап. Бір-ақ рет берілетін керемет сәт. Ал, сол ғұмырында әр адам баласы қоршаған ортаға, әлемге, тұратын жеріне, халқына, жақындарына пайдасын тигізуі керек,-дейді кәсіпкер.

Он екі мүшеміздің сау болып, ұйқыдан оянуымыздың өзі бүтін бір бақытпен пара-пар. Осындай бақыттың кілтін тауып, аудан тұрғындарына емнің ерекше әдісін ұсынған кәсіпкердің «Шифа» орталығын ашып жатқаны – көңіл қуантарлық нәрсе. Осындай жұртына жақсылық жасауға асығатын жылыойлық жанашыр жандар қатары көбейе бергей!

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT