Бүгінде «Теңізшевройл» компаниясында еңбек ететін қазақстандықтар үлесі 95 пайызға жеткен. Біріккен кәсіпорын болып алғаш құрылған 1993 жылы ТШО-дағы бұл көрсеткіш 50 пайыз ғана еді. Бұл нәтиже жергілікті мамандардың кәсіби деңгейі айтарлықтай өскенін көрсетеді, деп хабарлайды ТШО-ның баспасөз қызметі.
- Қазақстандықтардың кәсіби дамуына, озық стандарттар мен технологияларды меңгере отырып, басқарушылық және көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге басымдық берілуде. Мамандар үшін елде және шетелде еңбек тәжірибесінен өту мүмкіндігі қарастырылған. 1999 жылдан бастап кәсіби шеберлігі мен біліктілігін дамытып, білім алып, тәжірибеден өткен 480-нен астам маман халықаралық немесе ішкі деңгейдегі қызметтерге тағайындалды,-делінген хабарламада.
Бұдан басқа, айта кетер жайт: 2007 жылдан бері ТШО-да жұмыс жасайтын 470-тен астам қазақстандық қызметкер басшылық және техникалық лауазымдардағы шетелдік мамандардың орнын алмастырған.
Өз тілшімізден