Шағын бизнесті жүйелі дамыту – экономиканың жаңа серпіні

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, «шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады».

Бұл, шынында да, елімізде кәсіпкерлік мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Алайда Мемлекет басшысы айтып өткендей, «екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейді» деген дерек ойландыруы тиіс.

Мен өзім шағын өндіріс саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер ретінде бұл мәселені күнделікті өмірден байқаймын. Өнім өндіру оңай шаруа емес: оған құрал-жабдық, технология, маман және нарық қажет. Осы тұрғыда кейде ақпараттың, қолдаудың, тіпті сенімнің жетіспейтінін сезінеміз. Мысалы, қаржы институттары әлі де тәуекелі жоғары жобаларға барғысы келмейді, ал бюрократиялық рәсімдер көп жағдайда кәсіпкердің шабытын сөндіреді. Президент «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым, бірақ ол толық орындалмай отыр» деді.

Бұл өте орынды сын. Кәсіпкерлер арасында да осы мәселе жиі айтылады. Бізге ең алдымен нақты іске бағытталған, қарапайым әрі ашық реттеу жүйесі керек. Жарлықтар мен бағдарламалар тек құжат күйінде қалмауы тиіс. Құқықтық базаны жаңғырту туралы бастама – бизнестің дамуына жаңа серпін беретін шешім деп есептеймін.

Кәсіпкер мен мемлекеттік құрылым арасындағы қарым-қатынас сенім мен өзара түсіністікке негізделуі қажет. Билік бизнестің проблемасын сырттан бақылаушы емес, серіктес ретінде көруі керек. Сонда ғана экономикадағы өнімділік пен жаңашылдық артады. Сонымен қатар, біз, кәсіпкерлер де, жауапкершілікті сезінуіміз керек. Мемлекетке тек көмек сұрап қарамай, өз ісімізді әділ, ашық, сапалы жүргізу – біздің міндетіміз. Жастар арасындағы кәсіпкерлік мәдениетті күшейту, өндіріс саласына қызығушылықты арттыру да өте өзекті.

Менің ойымша, Президенттің бұл Жолдауы – бизнесті жаңа деңгейге көтерудің нақты жол картасы. Егер айтылған тапсырмалар толық орындалып, әкімшілік кедергілер азайса, отандық шағын және орта бизнес экономикаға тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосады.

Бекарыс Жұқатаев,

кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT