Әрекет түбі - берекет

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған "Бастау бизнес" жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті. Бүгінгі кейіпкеріміз сөзіміздің айғағы.

Жылыойлық Кенжегүл Нұрманова биыл "Бастау бизнес" жобасы шеңберінде 1 млн 380 мың теңгенің иесі атанып, өзінің шағын кәсібін бастаған. Кәсіпкер ауданымызда кәсіпкерлерімізге бағыт-бағдар беретін "Каспий бизнес" клубы бар екенін ютуб каналынан білген. Бірден кеңсеге барып, өзінің жоспарымен таныстырған. Тың ақпаратқа қанық болған кейіпкеріміз кәсібін дамыту үшін 400 мрп грант алуға болатынын да сол клуб арқылы біліпті.

Кәсіпкер аталмыш жобаның тигізген пайдасы көп екенін айтады. Ол бағдарлама аясында 1 ай бойы білікті тренерлерден білім алып, бизнес жоспардың қалай құрылатынын үйренген. Нәтижесінде арнайы сертификатқа ие болыпты. Оның кәде сый өнімдері бойынша дайындаған бизнес жоспарын комиссия мүшелері мақұлдап, оң қорытындысын берген.

Кенжегүл мен жұбайы екеуі осы кәсіппен 2 жылдан бері айналысып келеді. Олар алдымен, әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруды мақсат еткен. Сол арқылы қолдарынан келетін өнеркәсіпті дамытты ауданда.

-Осы уақытқа дейін асыл тұқымды ешкі өнімдерін өндіріп, дәнекерлеу жұмыстарымен де айналыстық. Тіпті көлік жөндеп, көптеген кәсіптің нәсібін көруге талпындық. Осының барлығы жолдасымның білімі, біліктілігінің арқасы деп білемін. Қазіргі таңда Құлсары, Атырау және Ақтау қалаларын сувинерлермен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы жоспарымыз да ауқымды. Солардың бірі – тауарларымызды экспортқа шығару,-дейді жеке кәсіпкер.

"Кәде сый" өнімінің басқа кәсіптерден ерекшелігі олар алып сатпайды, өздері өндіреді екен. Соның нәтижесінде "Бір ауыл-бір өнім" жобасының көрмесіне қатысып, "Үздік" номинациясын жеңіп алған.

-Мемлекеттің осынау қолдауы кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен мотивация. Қармақ берді, әрі қарай алып кету әркімнің өз қолында. Шын ниеті бар адам кез келген істі алып кетеді. Оған сенімдімін. Қиындықтар болмайды емес, болады. Оны жеңетін бір-ақ нәрсе бар. Ол – еңбек,-дейді Кенжегүл Нұрманова.

Грант иегері ұтып алған қаражатқа керекті құрал-жабдықтарын алған. Қазіргі таңда кәсіпкер "Беркад" сауда орталығынан бутик ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Олардың еңбекқорлығы талайға үлгі болары сөзсіз.

"Бастау бизнес" жобасы басталған әрбір қалада жағымды жетістік бары айқын. Әсіресе Жылыой ауданы тұрғындарының бағдарламаға қатысуға деген қызығушылықтары жоғары. Бұның жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауданды жандандыруға септігін тигізері хақ.

Айнұр Сүлейменова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521