Маңғаз Маңғыстау мен киелі мекен – Кең Жылыой топырағында барлаушы мен бұрғышылардың табаны тимеген ұлтарақтай жер қалмады. Ұшы-қиыры жоқ шетсіз- шексіз жатқан сағымды сары даланы дамылсыз кезіп жүріп жетіқат жер астынан қара алтын қайнарын іздеген олардың есіл еңбегі инемен құдық қазғандай еді. Сондай жанкешті бейнеттің бел ортасында өнегелі өмірі мен еселі еңбек жолын өткізген бұрғышының бірі – Қанат Жұмақұлов еді.
Қанат Бақтиярұлы өзіміздің Қосшағыл поселкесінде дүниеге келді. Ол уақыт аудан орталығының Құлсарыға ауысқанына бір жылға жуықтаған кезі. Шіліңгір шілденің 26-жұлдызында қарапайым жұмысшылар отбасында жарық дүние есігін ашқан болашақ бұрғышы орта мектепті Құлсары поселкесіндегі Абай атындағы оқу ордасынан бітірді. Аяқтай сала бозбала бірден еңбекке араласты. 1973 жылдан бастап екі жылға тарта «Қазақстан» кеңшарында жұмысшы болып тер төкті. Сол аралықта жігіт болып та ержеткен Қанат 1975 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды.
Бірақ ауылға оралғасын Қанат Жұмақұловтың өмір жолы басқа арнаға қарай бұрылды. Ол ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ саласының сара жолына бет бұрды. Нақтырақ айтқанда, қызығынан қиындығы мол барлаушы-бұрғышылық кәсіпті таңдады. Сөйтіп Оңтүстік Ембі тереңді барлау-бұрғылау экспедициясына бұрғышының көмекшісі ретінде жұмысқа орналасты. Жас жұмысшы «Еңбек даңқы» орденінің иегері Сағынғали Қайболдиевтың бригадасындағы «Құрмет белгісі» орденді, белгілі бұрғышы Әбу Бөриевтің вахтасына тап келді. Даңқты бұрғышылар сол жылдары Боранқұл, Айманбет, Табынай, Тортай, Шүйішпек кен алаңдарының тереңіне бұрғы бойлатып жатқан еді.
Бұл бригада жалынды жастық жігермен білек сыбанып келген жас жұмысшының бағына айналды. Экспедицияның ең мықты мамандарының ұстаханасында уақыт өте келе төске соғылған шар болаттай шыңдала түсті. Байырғы бұрғышылардың тәлімі мен тәжірибесінен үйренген Қанаттың қанаты қатайып, жапан түзге жан бітірген ерлермен бірге ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Адал маңдай терімен көзге түсіп, ұжымның ұйтқысына айналып үлгерген жас маманды жоғарғы басшылық жетекшілік жұмыстарға салып, сынап көруді ұйғарады. Ол үшін біліктілікпен бірге білім де ауадай қажет еді. Сондықтан 1981 жылы ұжымдастары Ералы поселкесіндегі бұрғылаушылар дайындайтын курсқа жібереді. Оны ойдағыдай бітірген Қ.Жұмақұлов тереңді барлау, бұрғылау алаңдарында жоғарғы дәрежелі бұрғышылық қызметке тағайындалады.
Бұрғылау саласының кәнігі кәсіби маманына айналған Қанат Бақтиярұлы сол өңірдің Тортай, Көктөбе, Аққұдық, Шүйішбек секілді белгілі кен алаңдарының тереңіне бұрғы бойлатып, жаңа мұнай алаңдарының ашылуына ұйтқы болды. Қанекең қара алтын қайнарының көзін ашқан көптеген кеніштер бүгінгі заманға дейін өнікті өнім беріп тұр. Ол өз қатарластарынан көп алда жүретін, нағыз кәсіби маманы болып қана қойған жоқ, адамдардан алғыс арқалаған, жолдастары арасында өте абырой-беделі жоғары азамат та болды.
1992 жылы жанұя жағдайына байланысты Ұңғымаларды күрделі жөндеу басқармасына бұрғышы болып жұмысқа ауысты. Ол Оңтүстік Ембі тереңді барлау-бұрғылау экспедициясының үлкен ұстаханасынан өткен нағыз мықты маманға айналды. Ұңғымаларды күрделі жөндеу мекемесі де Қанаттай қайратты, білікті де білімді бұрғышының өздерінде еңбек еткенін мақтаныш тұтты.
Кең пейілді, тұла бойы ізгілік пен мейірімге толы азамат бұрғышылықты 2004 жылға дейін асқан абыроймен атқарып, зор құрметке ие болды. Екі мекемеде де өз міндетін мінсіз атқарған оның ұзақ жылғы маңдай тері ескеріліп, басшылықпен ақылдаса келе Қанат Бақтиярұлы 2005 жылы Қазақстан мұнайының алыбы - Прорва мұнай-газ кенішіне II оқпанмен жанама бұрғылау шебері қызметіне жоғарылатылды. Онда менімен бірге қоян-қолтық еңбек етіп, жанқиярлықпен көп жұмыс атқарды. Барлау, бұрғылау саласындағы еңбегі жоғары бағаланып «Атырау мұнай-газ геология» бірлестігінің «Озат бұрғышысы» атанып, есімі экспедиция тарихына алтын әріптермен жазылған үлкен жүректі тұлға 2001 жылы «ҚазақОйл-Ембі» өндірістік бірлестігінің «Өз кәсібінің үздік шебері» атанды. Ұңғымаларды күрделі жөндеу басқармасында жүргенде де фотосуреті мен есімі Құрмет тақтасынан түскен емес. Өкініштісі сол, қарапайым жұмысшы маман – бұрғылау шебер Қанат Бақтиярұлының өмір жолы тым қысқа болды. 2006 жылдың сәуір айының 14 жұлдызында небәрі 51 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды. Өндірістің ғана емес, берекелі жанұяның да ұйтқысы бола білген қамқор әке жұбайы, ұлағатты ұстаз Ақкенже Ізтұрғанқызымен бірге саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірді. «Орнында бар оңалар» дегендей, перзенттері ішінен Ғапу Қанатұлы мен келіні Айна Қайырғалиқызы әке жолын қуып, мұнайшы атанды.Бүгінде Қашаған кен орнында инженер. Атамыздай барлаушы, бұрғышы боламыз деген Әлнұр, Әлтайыр, Әкежан, Жаннұр немерелері жайқалып өсіп келеді. Қызы Інжу мен күйеу баласы Еркебұлан Атырау мұнай және газ институтын бітіргенімен кәсіпкерлік кәсіпті таңдады.
Иә, жоталы жетпістің биігіне жете алмай осыдан 19 жыл бұрын арманда кеткен арыстай азаматтың аймақтың мұнай-газ саласының дамуы үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ендеше, ер есімін есте қалдыру мақсатында аудан көлемінде көрнекті іс-шаралар қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қалыбай Ерғазы, байырғы барлаушы, бұрғылау шебері, зейнеткер