Жылыой – қазақ мұнайының туған жері, қойнауы қара алтынға толы құтты мекен, өндірісі өркендеген өлке. Десек те, аудан халқының басым көпшілігі ата кәсіптен қол үзбей келеді. Өйткені, күндердің күнінде жер астындағы қазына сарқылары хақ, бірақ төрт түліктің түгесілмейтіні белгілі. Сондықтан бұл салада да ілгерілеушілік бар, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
ТӨРТ ТҮЛІКТЕН ТҮГЕЛ ӨСІМ БАР
Аудандық кәсікерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, ауданда төрт түлік басының өсуі және одан алынған мал өнімінде былтырғы жылмен салыстырғанда көп ілгерілеушілік барлығы байқалады.
Айталық, 1-ші қазандағы есебімен аудан көлемінде 397 шаруа қожалығы мен «Жаңа-Таң» ЖШС бар болса, оларда күні бүгін 24 795 бас мүйізді ірі қара, 91 480 бас қой-ешкі, 13 531 бас жылқы, 10 688 бас түйе бағылып жатыр. Олардан тірілей салмақпен 3842 тонна ет, 5442,5 тонна сүт өндірілді. Яғни ет 102,9 пайызға, сүт 102,1 пайызға артып, шаруалардың шаруашылығы алға басып келеді.
МАЛ АСЫЛ БОЛСА, ШАРУАҒА МАСЫЛ БОЛМАЙДЫ
-Жергілікті мал өнімінің саны мен сапасын арттыру үшін бірінші кезекте шаруашылық құрылымдарында малды асылдандыру жұмыстарын оңтайлы жүргізу қажет. Бұл бағытта «Жаңа Таң» серіктестігінде 2 722 бас қаракөл қой, 372 бас түйе болса, «Достан-Ата» шаруа қожалығында - 4 681 бас еділбай қой, 907 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара бар. Бұдан басқа, «Талап» қожалығы 1 291 бас асыл тұқымды еділбай қойын, «Қуанышбек» шаруашылығы 91 бас қазақтың ақ бас сиырын бағып отыр, - дейді бөлім басшысы Н.Қуатбаев.
Жалпы аудан көлемінде асыл тұқымды мал басы жыл сайын өсіп келеді екен. Өйткені, асылдандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.
ЕКСЕҢ ЕГІН – ІШЕРСІҢ ТЕГІН
Қазақта «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген керемет нақыл сөз бар. Бұл ертеңі таусылмайтын еріншектерге қаратып айтылғандай. Жасыратыны жоқ, қазір жұрттың көпшілігі егіс егуге келгенде ауданның шөл және шөлейтті аймақта орналасқанын сылтау қылады. Ал олар тарихқа көз жүгіртіп көрді ме екен? Кешегі колхоздар кезінде Жем өзенінің бойы толған егістік алқабы болатын.
Міне, осындай масылдық психологиядан арылып, сөзден іске кіріскен 7 шаруа қожалығы биыл 245 гектар жерге егін салып, күзде өз өнімін алды.
Бөлім басшысы Нұртас Әминұлының айтуынша, жалпы аудан көлемінде ауылшаруашылығын жаңа технологиямен жарақтандыру мақсатында биыл жылы 60 гектар егістік жерге тамшылатып суару әдісі қолданылған екен. Оның ішінде 140 га бақша, 40 га көкөніс, 65 га екпе шөп суарылған. Осындай тиімді тәсілмен Құлсары қ а л а с ы н а н – 4, Қара Арна ауылдық округінен – 1, Қосшағылдан 2 шаруа қожалығы егін егіп, ала жаздай аянбай еңбек етті. Күні бүгін 706 тонна көкөніс, 2296 тонна бақша өнімдері мен 915 тонна жоңышқа алынған.
(жалғасы газетте)
Ербол ҚОШАҚАНОВ