Жаңылсын Лайбаева – Тұрғызба ауылының тұрғыны. Оның әдемілік әлеміне келгеніне де 8 жыл уақыт болыпты. Ол жеке кәсібін ашқанға дейін Құлсарыдағы көптеген сұлулық салондарынан жалға орын алып, қыз-келіншектерге өз қызметін көрсетіп келді. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасымен төменгі пайызбен несие беріліп жатыр дегенді естіп, құжаттарын дайындап, бизнес-жоспар жасақтап тапсырған-ды. Биыл, міне, соның арқасында қаладан өзінің сұлулық салонын ашып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр.
-Өзім Шоқпартоғай ауылында дүниеге келдім. Көршілес Тұрғызба ауылына тұрмысқа шығып, осы қарапайым ауылда өмір сүріп жатқан жайым бар. Шаш сәндеумен көптен айналысамын. Бұрын әйел адамдарға арналған шаштараздарда жұмыс істедім. Бірақ, көкейден «өз кәсібімді ашамын, мақсатыма жетемін, кәсіпкер атанамын» деген ой кетпей қойды. Сөйтіп, баспанамды кепілдікке қойып, үйдің, тағы да басқа тиісті құжаттарды жинап, несие алуға өтініш бердім. Біреулерге аз, біреулерге көп уақыттың ішінде ақшаны алып, салон аштым. Несие 5 жылға берілді. Бір жылын аяқтап та қалдым. Мүмкіндігіме сай мерзімінен бұрын төлеп құтыламын деген жоспарым да бар. Қазір салонымнан бір шеберге орын беріп отырмын. Салон ашпас бұрын өзімнің бұрыннан келе жатқан жабдықтарым болды. Жоба аясында қол жеткізген қаражатқа қажетті құралдар сатып алдым. Жетпегеніне біртіндеп өзім қосымша қаражат қостым. Мен мұнымен тоқтап қалмаймын деп есептеймін. Мәселен, қазір салоным бір бөлме болса, оны басқа да шеберлерге орын беру үшін екі-үш бөлмеге кеңейтетін ойым бар. Кәсіп бастаймын деп барып, несие алу жолдарын білуге ниет білдіргенімде қолдап, кеңесін беріп, құжаттарыма көмектескен аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен қызметкерлеріне өз алғысымды білдіргім келеді,-дейді бізбен әңгімесінде Ж.Лайбаева.
Иә, мемлекеттің «Amanat» партиясымен бірлесіп жүзеге асырған «Ауыл аманаты» жобасы жылыойлық кәсіпкерлерге де өз алдына кәсіп бастап, жұртшылықты жұмыспен қамтуына мол мүмкіндік беріп отыр. Былтыр жоба аясында өз істерін бастау үшін ауданда 25-ке жуық кәсіпкер 2,5 пайызбен несие алған. Олардың кәсіп бастауға алған несиелерінің сомасы мен бағыты әртүрлі. Ауыл кәсіпкерлерін қолдауға берілген ақшаға бірі ауыл шаруашылығын дамыту үшін төрт түлік алса, енді бірі азық- түлік дүкеніне, сұлулық салонына, көлік жөндеу орталықтарына қажетті құрал-жабдықтарды иеленіпті. Жаңылсын Лайбаева – соның бірі.
Бұл ретте кәсібін ашып, шаруасын дөңгелентіп әкеткісі келетін кез келген тұрғыннан талап етілетін ең бірінші құжат – жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс. Жалпы қажетті құжаттар түгел болса, несиенің берілуінде кедергі жоқ. Үйін кепілдікке қойып, барлық шарттарын орындаған Жаңылсын екі жарым пайыздық несиеге қол жеткізді. Өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында, міне, өз алдына жеке салон ашып, мақсатына жетті. Ол үшін несиеге 6 миллион теңгедей қомақты қаражат алып, өз кәсібін былтырғы желтоқсан айында бастап кетті.
Бұл жерде айта кетер жайт: «Amanat» партиясы мен Үкіметтің басты міндеті - «Ауыл аманаты» жобасының ауқымын кеңейту арқылы ауылда тұратын кәсіпкерлерге қолдау білдіру екені белгілі. Былтыр жақсы жүзеге асқан жоба, өкінішке орай, биыл тоқтап тұр. Өйткені, биылғы көктемгі су тасқыны жоба аясында жасалуға тиісті жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген екен. Десек те игі бастама жалғасын табатынына сенім мол.
Ш.ХАМИТОВА