Ұлттық дәмді жаңғыртқан кәсіпкер

Қазақстанның қай қаласына барсақ та ұлттық асхана табу қиын. Оның орнына өзбек, ұйғыр, дүнген, тіпті қытай мен жапонның ұлттық тағамдарын дайындайтын тамақтану орындары тізіліп тұрады. Еліміздегі осындай жағдайларды көргенде еріксіз өзіміздің ұлттық тағамдар туралы ойлана бастайтынымыз рас. Сонда бізде дәмді тағам болмаған ба? Әлде қазақта қандай ұлттық дастархан болғанын ұмытып қалдық па? Болған күннің өзінде дайындалу жолдары тым қиын шығар. 

Бүгінгі мақаламызда «Қазақтың ұлттық асханасы қандай болған?» деген сұраққа жауап таба аласыздар. Оған жауап беретін осы ұлттық өнімдерді ұлықтап, нарыққа шығарып, өзіндік брендке айналдырған жан-жақты кәсіпкер Жанар Маратқызы жауап бермек.

Ұлттық тағамды кәсіпке айналдыру - ұлттық дәмдік жадыны қайта тірілту. Бұл әр үйде бабадан қалған ас үлгісінің жоғалмай, келесі ұрпаққа жетуіне себеп болу. Осындай жауапты кәсіпті қолға алғандардың бірі – Жанар Досқалиева.

Қызылқоға ауданы Жангелдин топырағында дүниеге келген ол өз кәсібін бірден үлкен қадамдардан бастаған жоқ. 1996 жылы шағын саудадан бастап, уақыт өте келе дүкен, тойхана ашып, халыққа қызмет көрсетудің түрлі саласында шыңдалды. Бірақ жүрек қалауы басқа бағытқа қарай жетелей берді. Ұлттық тағамға деген қызығушылық, оның қадірін жоғалтпауға деген ұмтылыс 2022 жылы кейіпкерімізді жаңа белеске шығарды. Осы жылдан бастап Жанар ханым үй жағдайында ұлттық тағамдарды дайындауды қолға алып, көп өтпей бұл істі ресми кәсіпке айналдырады. Бүгінде “Қазақтың ұлттық тағамдары” атауымен танылған өндірісі – ауданымыздағы ең сенімді, табиғи өнім ұсынатын орындардың бірі.

Ұлттық дәмді жаңғыртқан кәсіпкермен өткен жүздесу барысында осы кәсібінің бастауында қандай қиындықтар болғаны, қандай ет тағамдарды қайта жасауды қолға алғаны, бүгінгі нарыққа қалай бейімделгені жайлы әдемі әңгіме өрбіді.

Жанар Маратқызының айтуынша, қазақтың ет тағамдарын дайындау еш қиын емес, тек оның қыр-сырын, уақытын, тепе-теңдігін білу қажет. “Ұлттық асхананың ең үлкен құпиясы - адал ниет пен еңбек. Кәсіпкер берекеге, халыққа бір пайдам тисінші деген таза ниетке ұмтылуы қажет” деп атап өтті.

Ұлттық тағамға деген сүйіспеншілік, заманауи нарыққа жеткізудегі шеберлік, жауапкершілік пен табандылық – Жанар Маратқызының кәсіпкерлік жолының ең басты тіректері. Оның қоғамға сіңірген еңбегін халық та жақсы біледі. Осы жолдағы жеткен жетістігі, алған атағы мен марапаттары да аз емес.

Айта кету керек, ауданымыздағы су тасқыны кезінде көрсеткен көмегі үшін арнайы марапатталған. 2024 жылы Орал қаласында өткен аспаз фестивалінде және 2025 жылы қаламыздағы фестивальде ең үздік аспаз атанған.

Ол өзінен кейінгі ұрпаққа ұлттық өнімді жатсынбай, пайдалы тағамды тұтынып, сау ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылған жастарға жол көрсетер өзіміз деп біледі.

- Менің басты арманым - баю емес. Керісінше, өзімнің артымнан менен асқан шәкірттерді тәрбиелеу. Қазіргі уақытта оларға ұмыт болып бара жатқан өнімдердің жасалу жолын үйретіп жатырмын. Ұрпақ сабақтастығы деген өзіңнен кейінгі буынға осының барлығын үйрету, дәріптеу. Түрлі зиянды заттарға қоғамның санасы үйреніп кеткендей көрінеді. Сондықтан бұндай пайдасыз өнімдерді емес, қазақтың балалары ұлттық тағамдарды жеп өссе екен. Біздің батыр бабаларымыз бұрыннан ет жеп өскен. Қазақ халқының ұлттық өнерін сүюге, ұлттық тамағын құрметтеуге баулу арқылы бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбекқор, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуге әбден болады. Сондықтан мен халқыма деген пайдамды шәкірттеріме үйрету арқылы дәріптей беремін,-деді.

Кештің ең әсерлі тұсы кәсіпкердің дайындап әкелген ұлттық ет өнімдерін түсіндіру кезеңі болды. Бұл көрініс кеш көрермендеріне, әсіресе жастарға дәмнің ерекшелігі, пайдасы, еңбек мәдениетін, тазалық пен жауапкершілікті, ұқыптылықты үйреткендей әсер қалдырды. Шара соңы әдемі әуен мен дәмі тіл үйірер ет өнімдерінен дәм татумен аяқталды.

А. Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT