Кең жазиралы қазақтың кең байтақдаласындағы қырмызы қырдың басын адам көз тоймас керемет бір келбетке бөлейтін алқызыл қызғалдақтар әуелден көктемнің символы іспеттес. Еліміз осы бір ең нәзік гүлдің Отаны болса, оның 35 түрі кездеседіекен. Жалт етіп сөнген жастық шақтың бір сәтіндей жарқ етіп гүл атып, көзден бал-бұл ұшатын бұл ерекше гүлдер ерекше күтімді қажет етеді.
Иә, “Қызыл кітапқа” енген нәзік өсімдік түрінекінің бірі өсіріп, баптай алмайтыны анық. Десекте, бағбаншылықтың бұл түрін Құлсары қаласындағы жас жанұя екінші жыл қатарынан табыс көзіне айналылдырып келеді.
Ол жылыойлық бағбаншы жігіт - Ибрагим Ізім. “Жүз рет естігенше, бір рет көр” дегендей, үйінің ауласындағы шағын ғана сарайының кең төріне гүл өсіріп жүрген азаматтың кәсібін көзбен көру үшін арнайылап барған едік. Келіншегі мен апасының көмектесуімен Көрісу күніне орай құшақ-құшақ гүл орап жатқан ол бізді қуана қарсы алды. Оның айтуынша, осы қызғалдақ гүлдерін баптап, сатудың нәтижесінде өткен жылғы Халықаралық әйелдер мерекесінде 1 млн. теңгеден астам пайдаға кенелген екен.
Кәсіп иесін әңгімеге тарттық. Қалың қызғалдақтың наурыз айына үлгеріп өсіп, бүршік жарып, гүлдеуі үшін желтоқсан айынан бастап егеді екен. Ибрагим Нұрболатұлы бізге гүл өсіру үшін қажетті жағдайдың деңгейімен де бөлісті:
-Бөлменің температурасын 4 градустан бастап, жайлап көтереміз ғой. Кейде 15,16-ға дейін жоғарылатылады. Ол енді қызғалдақтың бабынақарай. Алдымен, гүлді өсіру үшін біз жарықты өшіріп тастаймыз. Қараңғыда гүлдің сабағын ұзартып аламыз. Ал басындағы күлте жапырақшаларын шығару үшін жарықты жағамыз. Өзінің осындай баптау процестері бар әртүрлі. Гүлдердің өзі не қажет екенін сездіріп тұрады. Бұл кәсіппен айналысып жатырғаныма 2 жыл болса да, қызғалдақтардың тілін жақсы түсінемін. Нарықтағы бағаны білемін. Кей жерде 800 теңге, кей жерде 700, тіпті 550 теңгеге дейін түскен кездері болды. Бірақ біздегі бір қызғалдақ бағасы - 700 теңгені құрайды. Қанша дегенмен Жылыой жерінде өсіріліп жатыр. Мұның артында қаншама еңбек жатыр,-дейді ол.
Алдағы жылдары да қызғалдақ өсірумен айналысуды қалайтын кәсіп иесінің айтуынша, ол жылыжай салуға көмек сұрап аудандық әкімдікке де жолығыпты. Іс оңынан шешілсе гүл кәсібімен тұрақты айналысатындығын жеткізді.
Д.ІЗБАСАРОВА