Қоғамның тірегі – әйел десек, сол нәзік жандардың тағдырындағы өзгерістер мен табыстар тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне әсер етеді. Биыл үшінші жыл қатарынан өңірде өтіп жатқан «Қадам» жобасының орны ерекше. Бұл – көп балалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған немесе асыраушысынан айырылған көп балалы аналарды кәсіпкерлікке баулитын тың бастама. Жобаның өткен жылғы қатысушысы Лиза Қасымова – сондай жанның бірі.
Иә, қоғамның сан саласында белсенділік танытып, бір қолымен бесікті, екінші қолымен тіршілікті тербетіп жүрген нәзік жанардың басын қосып, ісінің ілгерілеуіне көмектесетін жоба «Зейін-Атырау» қоғамдық қорының бастамасымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен жалғасын тауып келеді. Биыл 500-ден аса өтінім келіп түсіп, оның ішінен 200 ана кіріспе семинарға іріктеп алынған. Кейін жоба сыйымдылығына сәйкес 50 ана үздік деп танылып, үшінші толқын қатысушысы атанды.
Өткен жылғы дәл осы жобаның екінші легінің түлегі Лиза Қасымова – бүгінде өз ісін дөңгелентіп отырған көп балалы ана. Үй тірлігі мен бала тәрбиесінің ортасында жүріп, өзінің де арман-мақсаты бар екенін естен шығармады. Сөйтіп әлеуметтік желіден «Қадам» жобасы жайлы оқып, тәуекелге бел буып, өтінім береді. Нәтижесінде үздіктер қатарына қабылданып, шаш сәндеу мамандығына қызығушылық білдіреді. Алғашқы күннен бастап жобаның ішкі мазмұны, бағыт-бағдары көп балалы анаға үлкен серпін береді. Ол психологиялық тренингтерде өзінің ішкі қорқынышын жеңіп, бизнес сабақтарында болашақ кәсібін жоспарлай бастайды. Ал СММ курсы арқылы әлеуметтік желінің мүмкіндігін меңгеріп, цифрлы дәуірдің артықшылығын кәсіппен байланыстыруға болатынын түсінеді. Көп балалы ана «Қадам» жобасымен шектеліп қана қоймайды. Жобаға қатыса жүріп, 2024 жылы мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа өтініш білдіреді. Нәтижесінде 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай қолдауға ие болады. Ол мұнда шаш сәндеу емес, кептірілген жемістер жасау кәсібін ұсынады. Осылайша оның бизнеске деген алғашқы қадамы басталды. Қазір ол балаларының жанында отырып-ақ, үй жағдайында шағын өндірісін жүргізіп, табиғи өнімдерді дайын күйінде тұтынушыларға ұсынуда.
– Бұрын үйден шығып, кәсіп бастау және оны жүргізу мен үшін арман көрінетін. Бірақ «Қадам» жобасы менің өмірімдегі бұлыңғыр тұстарды айқындап, күдігімді сенімге, қорқынышымды әрекетке айналдырды. Менің жолымды ашқан осы жоба деп толықтай айта аламын. 11 ай ішінде біз көптеген ақпарат алдық. Жаңа адамдармен таныстық, жаңа кәсіп түрін игердік. Соның арқасында қазір өз ісім бар, соған сәйкес тұтынушыларым жетерлік. Қақталған жемістен бөлек көк шәй, ташкент шәйін әзірлеп, шоколадты гранола, лимон джемін, сондай-ақ пайдалы тәттілер дайындаймын. Өнімдерім дәруменге толы, адам денсаулығына зиянсыз. Оның үстіне балалардың тәбетін арттыруға көмектеседі,-дейді Лиза Қасымова өз бизнесі жөнінде.
Кәсіпкер ана бос уақытында көрмелерге де жиі қатысып, жәрмеңкелерде төбе көрсетіп жүреді. Оған Атырау облысындағы Еңбек күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттарды алып, өз кәсібін ашқан жеке кәсіпкерлердің көрмесіне қатысқаны үшін алған Алғыс хаты дәлел. 2024 жылғы кәсіпкерліктің әлеуетін дамыту ұлттық жобасы аясында «Мен-кәсіпкер» құралы шеңберіндегі «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде үздік танылуы да - оның еселі еңбегінің жемісі. Көп балалы ананың 2025 жылы жергілікті шикізаттан өнімді әзірлеу және кәсібін ілгерілету мақсатында өткізілген осы жоба көрмесінде де жоғарғы бағаға ие болуы да жылыойлық кәсіпкердің мерейін үстем етті.
Лизаның табыс тарихы жай ғана кәсіпкер ананың жетістігі емес, бұл – қолдау мен сенім болғанда, кез келген әйелдің биікке көтеріле алатынының айқын дәлелі. Ол «Қадам» жобасының берер мүмкіндігінің зор екендігін көрсетеді. Бүгін оның кәсібі арқылы табыс тауып отырғаны – тек өзіне ғана пайда емес, балаларының болашағы үшін де берілген берекенің бастауы. Кәсіпкер аналар көбейген сайын қоғамның іргесі беки түседі. Өйткені әйел тек ошақтың ұйытқысы ғана емес, ол – бүтін бір ұрпақтың тәрбиешісі, тіршіліктің иесі. Сондықтан әйел бойындағы қызығушылықты оятып, жасырын қабілетін паш етуге көмектесетін жобалардың ғұмыры ұзақ болғай!
Д.Елеусін