Кәсіп бастауға қолдау

Ауданда өз кәсібін дамытуға ниетті азаматтарға арналған «Таңдау» жобасының жаңа кезеңі ресми түрде бастау алды. Аталған бағдарлама аясында қатысушылар кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқудан өтіп, пайызсыз қайтарымды қарыз алу мүмкіндігіне ие болады. Жоба іске қосылған уақыттан бастап аудан тұрғындарына дәмхана, балалар орталығы, жиһаз цехы секілді кәсіп түрлерін ашуға немесе қолданыстағы кәсібін кеңейтуге нақты қолдау көрсетіп келеді. Енді тұрғындар үшін тағы бір жаңа мүмкіндік ұсынылып отыр.

Өтініштерді қабылдау 2026 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасады. «Таңдау» – Орталық Азияның Еуразия қорының (ОАЕҚ) «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылып отырған әлеуметтік бағдарлама. Жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлікке алғашқы қадам жасаған азаматтарға білім беріп, идеяларын сынақтан өткізу арқылы тұрақты бизнеске айналдыруға жағдай жасау. Айта кетейік, 2024 жылы бағдарлама аясында 44 жоба қаржылай қолдауға ие болды. Олардың қатарында дәмханалар мен асханалар, балалар орталықтары, тігін шеберханалары, мини-фермалар, сұлулық салондары, клиникалар, жөндеу шеберханалары және IT-қызмет көрсету бағыттары бар. Ал 2025 жылы ауданның тағы 13 тұрғыны өз бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін қаржыландырылды. Атап айтқанда, жиһаз өндірісі, жарнама агенттігі, ет өнімдерін өндіру, полиграфия, автокөлік жуу орталығы, наубайхана, электр қызметтері, экологиялық өнімдер өндірісі, түзету және дамыту орталығы, ауыл шаруашылығы, сублимацияланған жемістер өндірісі, тігін цехы және ерлерге арналған сыйлықтар дүкені секілді бағыттар қамтылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба басталғалы конкурсқа жалпы 347 адам өтінім берген. Оның ішінде 147 жоба бизнес негіздері бойынша оқудан өткен, 100 қатысушы тренингтерді сәтті аяқтап, бизнес-жоспарларын комиссия алдында қорғаған. Нәтижесінде 57 жоба қаржыландырылып, кәсіпкерлер өз істерін бастап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жоба жеңімпаздарының қатарында мақсатты топ өкілдері де бар. Атап айтқанда, 21 көп балалы отбасы, 35 жасқа дейінгі 29 жас кәсіпкер және 10 қысқартуға ұшыраған азамат бағдарлама арқылы қолдауға ие болған. Қатысушылардың басым бөлігі қоғамдық тамақтану, балаларға арналған қызметтер, медицина және өндіріс салаларын таңдауда. Бұл бағыттарда жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары да көбейіп келеді. Айта кету керек, «Таңдау» жобасы қайтарымды қаржыландыру қағидатына негізделген. Яғни, кәсіпкерлер қайтарған қаражат келесі жаңа жобаларды қолдауға қайта бағытталады. Осылайша, жоба жыл сайын қайталанып, кәсіп бастауға, үйренуге және өз болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын азаматтар үшін тұрақты қолдау тетігіне айналып отыр. Бағдарлама тек пайызсыз қарыз берумен шектелмейді. Қатысушылар бизнес-жоспарлау, маркетинг, қаржылық сауаттылық және жобаны тиімді таныстыру дағдылары бойынша кешенді оқудан өтеді. Мұндай жүйелі тәсіл кәсіпті сауатты бастап, оны тұрақты дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде «Таңдау» жобасы нақты қолдау арқылы шағын бизнестің дамуына серпін беріп, ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналып отыр. 

А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT