Мамыр айының аяғында аудандық «Мансап» орталығында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» бағдарламасы негізінде жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантқа өтінім беру жүзеге асты. Маусым айының басындағы осыған байланысты өткен комиссия отырысының алғашқы легінде грантқа өтінім берген 52 тұрғын өз жобасын қорғап, нәтижесінде 20 адам 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 1 476 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атанды.
Олардың арасында көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала күтімімен отырған аналар, басқа да әлеуметтік осал топтың өкілдері бар. Ал жобаларды атап айтсақ, балық шаруашылығы, оқу орталығын ашу, клининг қызметін көрсету, фото- студия, қолөнер жобасы, тағысын тағылар. Ал комиссия отырысы барысында біздің көзімізге түсіп, айрықша назарымызды аударған көпбалалы, декреттік демалыстағы ана, жеке кәсіпкер Бибіфатима Тұрарқызының қорғаған бизнес жобасы – құйылмалы сорпаға қамырдан стакан өндіру болды.
Жоба авторының айтуынша, «Суп съедобном стакане» деп аталатын ерекше, жеңіл, тойымды әрі пайдалы тағам түрі біздің елімізге Украина мемлекетінен келген. Ал бұл тағамның Қазақстандағы кең таралған жері Алматы қаласы екен.
Бибіфатиманың негізгі мамандығы – мұғалім. Қазіргі таңда ол бала күтімімен үйде отыр. Осыдан бір жыл бұрын қаланың орталығынан «Басбармақ» деп аталатын фаст-фуд дүңгіршегін ашып, отбасылық жағдайға байланысты қайта жабылып қалғанын айтады. Таяуда бұл кәсібін қайта ашып, өз жұмысын жалғастырып әкетті. Бала күтімімен үйде отырған кейіпкеріміздің ойына фаст-фуд өнімдерінен бөлек, денсаулыққа пайдалы, дұрыс тамақтану өнімдерін даярлайтын идея келіп, бәсекеге қабілетті, аспаздық саласындағы тағы бір тағам даярлап сатуды қолға алады. Осы мақсатпен мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға өтінім береді.
-Біздің қаламыздағы кең таралған бизнес – фаст-фуд тағамдарын дайындау бизнесі. Иә, бұл – сұранысқа ие кәсіптің бірі. Алайда, көптеген тұрғындар фаст-фуд өнімдерін сатып алып, жеуді, тұтынуды білгенімен, оның қалдықтарын, ыдыстарын қайда тастау керектігін білмейді. Білсе де, аса көп мән бермейді. Фаст-фуд тағамдарына қаңылтыр, пластмасса ыдыстар, арнайы пакеттер қолданылады. Одан шыққан қалдықтар бізді қоршаған ортаға, қаламыздың тазалығы мен көркіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Көшеге шықсаң донер, чикен, пицца, шаурма сынды тағамдардың сыртқы қорабы, кока-коланың бөтелкелері... Ал фаст-фуд өнімдері тойып әрі сүйсіне жейтін тағамның бірі болғанымен, оның денсаулыққа тигізер зиянын да көпшілік мен айтпай-ақ біледі. Менің «Құйылмалы сорпаға қамырдан стакан өндіру» деп қазақшаға аударып, жүзеге асырғалы отырған бизнесім мақсаты - ең бірінші табыс тауып, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздарды жұмыспен қамту болса, тағы бір себебі осы табиғатқа, тазалыққа аса мән беріп, қалдықсыз өнім ойлап табу идеясы-нан туындаған еді.
Кәсіпкердің дүңгіршегінде әзірге жеуге арналған қатырылған қамырға құйылған сорпаның 4 түрі дайындалып, сатылымға шығарылмақ. Атап айтсақ, жасымық (чечевица), саңырау құлақтан, ірімшіктен және асқабақтан әзірленеді. Алдағы уақытта мәзірдегі сорпаның түрін 10-ға жеткізу жоспары бар. Қамырдың өзі болса 4 камералы, арнайы пресс пеште, шпинатты наннан пісіріледі. Дайын болған қамырға езбе сорпаны құйған соң, ол өз қалпы мен түрін, сапасын 2-3 сағатқа дейін жоғалтпайтын көрінеді. Ал езбе сорпаның негізгі құрамы – тауық етінің сорпасы болып есептеледі. Бұл өнім тамақ даярлауға уақыты жоқ, жұмысбасты адамдарға, жастарға, студенттерге пайдалы, әрі тойымды тамақ болары сөзсіз дейді,- жоба авторы Бибіфатима Тұрарқызы.
Ш.ХАМИТОВА