«Кең Жылыой өнімдері» халықтың сұранысына ие

Жуырда «МАКО» сауда маркасы өндірістік-өнеркәсіптік кешенінің ресми түрде ашылу салтанаты болып өтті.

Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Құлсары қаласынан жаңа макарон мен шұжық (колбаса), ет консерві және құтыдағы тазартылған су өнімдері шығарыла бастаған-ды. Отандық бұл өнімдерді өндіруді қолға алған «Кулгазиева А.А.» жеке кәсіпкерлігі болып шықты. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы Халал сертификатын алған кәсіпкер жылыойлықтарға таза тауар түрлерін ұсынуда. Ал цехтардан шыққан әрбір шұжық, макарон, ет қалбыры мен су құтысына «МАКО» сауда маркасы жапсырылады. Аталған жобаның негізін көзі тірісінде жеке кәсіпкер Салават Құлғазиев қалаған еді. Енді оны «МАКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жары Жаннат Қабдешова жүзеге асыруда.

Таяуда Құлсары қаласының өндірістік аймағында осындай халал өнімдерімен халыққа танымал бола бастаған «МАКО» сауда маркасы өндірістік-өнеркәсіптік кешенінің ресми түрде ашылу салтанаты болып өтті. Оған аудан, облыс көлеміндегі мекеме-кәсіпорын басшылары, теміржол саласының ардагерлері, Салават Келбатырұлының туыстары, алыс-жақыннан келген қонақтар қатысты.

Атырау облысы теміржол саласының ардагері Бекболат Наригеев пен «МАКО» ЖШС-ның бас директоры Келбатыр Құлғазиев кешеннің алқызыл лентасын қиып, келген қонақтар, ең алдымен, макарон цехының, одан кейін ет консерві, шұжық және тазартылған суды пластмасса құтыға құйып шығару цехтарын аралап, ондағы қондырғылардың жұмыс тәсілін көзбен көрді. Кешеннің өндірістік қызметінің бастығы Данияр Әділгереев әрбір цехтың өнім өндіру процесімен егжей-тегжейлі таныстырып, осыған дейін атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берді.

-Барлық цехтағы өнімдер Европадан сатып алынған заманауи қондырғылар арқылы шығарылады. Қазіргі талаптарға толық жауап береді. Ал шикізат көзі жергілікті жерден алынады. Мәселен, шұжық өндіретін цехымызды жергілікті малдың етімен қамтамасыз етеміз. Әрбір ірі қара мұсылманша бауыздалып, сойылады. Өніміміз халал болғандықтан осы тектес өзге компаниялар секілді химиялық қоспалар қосылмайды. Бұл үрдіс ет консервілерін дайындау цехына да тән. Күні бүгін кешеннің әрбір цехында 20-30-дан жұмысшы еңбек етеді. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Алға қарай өндіріс қарқынын арттырып, жергілікті мамандар дайындауды және жаңа жұмыс орындарын көбейтуді көздеп отырмыз, - дейді Данияр Нұрболатұлы.

Д.Әділгереевтің айтуынша, әрбір цехтың жұмыс қарқыны әрқилы. Мәселен, кешенде бір тәулік ішінде бір тонна макарон, 600 кг. шұжық, 1500 кг ет консервісі мен 5 мыңға тарта су құтылары шығарылады. Өткен жылғы желтоқсан айынан бері мұндағы цехтар 10 мыңдаған тонна жоғары сапалы өнім түрлерін шығарып, тұтынушыларға сатқан екен.

Қазіргі «МАКО» сауда маркасымен белгілі «Кең Жылыой өнімдері» Жылыой ауданы мен Атырау облысы аумағына кеңінен таратылу үстінде.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521