Өткен аптада Құлсары қаласындағы «Гранд Холл» мейрамханасында алғаш рет «Жылыой ауданы мен бизнес серіктестер ынтымақтастығын дамыту» тақырыбындағы кәсіпкерлік серіктестер форумы өтті. Бұл жай ғана форум емес, бұл кәсіптің тынысын ашар, ынтымақтастыққа дәнекер болар кең ауқымды басқосу болды.
Көрме көркін келтірген жергілікті өнімдер
Форум Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы мен Жылыой ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен өтті. Басты мақсаты – ТШО-ға жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін ұсыну арқылы мүмкіндігін арттыру және кәсіпкерлік саласындағы өзара ынтымақтастық пен арадағы көпірді нығайтып, өңір бизнесін жаңа белеске көтеру, дамыту.
Ауқымды форумға «Теңізшевройл» ЖШС, «Еуразия Орталық Азия» қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Аграрлық несие корпорациясы, EUSS компаниясы, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері шақырылды. Сондай-ақ ауқымды шараға 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, жалпы келушілер саны 200 адамға дейін жетті.
Форум шымылдығы аудандағы өнім өндірушілердің көрмесімен түрілді. Табиғи өнім, қыз жасауы, сабын, өрнектас, ауыл шаруашылығы өнімдері – бәрі де ұлттық қолөнер мен жергілікті кәсіптің озық үлгілерін паш етті. Осындай көрмеден бастап форумның өзі үлкен еңбекпен, маңдай термен, айқын мақсатпен ұйымдастырылғанын сездірді.
Біз форум басталмай тұрып көрмеге қойылған жеке кәсіпкерлердің өнімдерімен жақын таныстық. Солардың бірі - «NarMetal» металл жабындысы, қатпарлы қаңылтыр, үйдің төбесін жабу материалдарын өндіретін өнеркәсіп. Төбе жабындылары мен қасбеттік суағар өндірісімен айналысып жүрген Ерназ Қазкенов пен Айзат Баймағамбетова – кәсіпті бірге өрбітіп отырған ерлі-зайыптылар.
– Төбе жабындыларын іздеп қалаға ағылғанша, өзімізде шығатын өнімді алған аудан тұрғындарына тиімді болмақ. Бізде төбе жабындыларымен қоса суағарлар да бар,- дейді олар. Әңгіме арасында олардың сөзінен әр жұмысына деген орасан зор жауапкершілігі мен өңірімізді өркендетіп, ауданымызды алға сүйреуге деген шынайы ниеті сезіліп тұрды.
Ал жеке кәсіпкер Зәуре Идрисова – ротанг материалынан тұрмысқа қажетті түрлі себеттер мен ыдыстар тоқиды екен. «Табиғатпен үндес өмір өз қолыңнан басталады» дейді ол.
– Ескі шелектерді қаптап, сәндеп қоюға болады. Материалдарды "Wildberries" интернет дүкенінен алдырамын. Өз қолыммен тоқып, осындай үйге керекті заттарды жасап шығарамын,–дейді ол, ыждағаттылықпен көрмеге қойған бұйымдарын көрсетіп тұрып.
Жалғасбек Қызыловтың өрнектастары да көрменің сәнін келтіріп тұрды.
– Мраморлы өрнектас «Каменный цветок» деп аталатын өнімімізді ерекше атап өте аламын. Түсі – Янтарь деп аталады, жылы бай түс. Табиғи таспен үйлесіп, кез келген аулаға сән береді,- деді өз ісінің маманы.
Форумды белсенді жастардың бірі Сержан Серікбаев жүргізіп, ашық деп жариялады. Ол ТШО компаниясының өңір экономикасына қосқан үлесіне тоқталып, форумның басты мақсатын еске салып өтті.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев та алғаш ұйымдастырылып отырған форумның дәстүрге айналу қажеттігін айрықша атады: – Бұл форум алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алайда бүгін оны тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныстар айтылды. Біз бұл бастаманы қарастырамыз,- деді ол.
Форумның ресми ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова:
– Құрметті кәсіпкерлер, форумға қатысушылар! Сіздермен ауқымды шарада жүздескеніме қуаныштымын! Бұл форум – кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Биыл мұндай ауқымды форум ауданымызда алғаш рет өткізіліп жатыр. Негізгі мақсаты – ауданымыздың экономикасын көтеру. Кәсіп иелерінің жұмысын алға қарай жылжыту болып табылады. Осы форумды тиімді пайдаланып, ауданымыздың кәсіпкерлері жаңа бір деңгейге көтеріледі деген сенімдеміз. Аудан экономикасы, жалпы облысымыздың экономикасы дами берсін демекпіз. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан ТШО компаниясына аудан әкімдігі атынан алғысымызды білдіремін. Сондай-ақ аталған ауқымды шараның басы-қасында жүрген аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Ерлан Нұрлановқа да ризашылығымызды жеткізгім келеді,- деді ол.
Келесі кезекте сөз алған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кеңесшісі Омар Абдиев:
– Бүгін аудан кәсіпкерлерінің басын қосқан ауқымды шара өтуде. Аудан әкімдігіне, ұйымдастырушыларға ТШО компаниясы атынан алғысымды білдіремін. Компаниямыз өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үнемі қолдау көрсетіп келе жатыр. Атап айтсақ, Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен «Орталық Азияның Еуразия» қоры іске асырып отырған «Таңдау» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында өз кәсібін ашуға мүмкіндік алып, пайызсыз несиеге қол жеткізді. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына қосқан үлкен үлес деп білемін. Осы жобаның нәтижесінде 44 кәсіпкер қаржылай көмек алып, табысты еңбек етіп келеді. Биыл да «Таңдау» жобасы өз жұмысын жалғастырып, ауылдық округ тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Жобаға қызығушылар қатары жылдан жылға артып, қатысушылар саны көбею үстінде. Кәсіпкерлер, сіздерге табыс тілейміз, кәсіптеріңіз алға жылжи берсін!-деп кәсіпкерлерге қолдау жалғасатынын жеткізді.
Екіжақты меморандумға қол қойылды
Форумда «Евразия Орталық Азия» қорының өкілі Айгүл Тағатова да қор жұмысы жайлы презентация ұсынып, бизнесті қолдаудың қыр-сырымен таныстырды.
Ал, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Е.Жұмағалиев өз сөзінде:
– Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкімет қаулысына сәйкес кепілдік қоры құрылды. Мысалы белгілі бір кәсіпкер банкке барып несие алардың алдында банк кепілдік сұрайды. Соның орнына кәсіпкерге жеңіл болуы үшін «Даму» қоры кепілдік ұсынады,- деді ол. Сонымен қатар форум барысында сөз алған «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Рахмет Жаңбыров агро-кәсіпкерлік бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несиелер мен субсидия түріндегі қолдаулар шаруалар үшін үлкен мүмкіндік.
Осыдан кейін форум қатысушыларына шағын үзіліс жарияланып, кофе-брейк ұйымдастырылды. Қонақтар пікір алмасып, көрмеге қойылған өнімдермен тағы бір мәрте танысты.
Форумның екінші бөлімінде EUSS компаниясының техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы Ақмарал Тұрмағамбетова өз сөзінде жалпы атқаратын қызметтері туралы айтып өтіп, «біздің ең алғашқы мақсатымыз – басты серіктестігіміз ТШО компаниясына қолдау көрсету, екіншіден тауар өнімдерін қолдау» деген болатын. Бұдан кейін Құлсары қаласындағы «Halyk Bank» банкінің аудандық басқарма басшысы Ақмарал Нұрғалиева:
-Жылыой ауданы кәсіпкерлеріне керемет бағдарламамыз бар. Әсіресе әйелдер қауымына гранттар бөлінгелі жатыр. Соған қатысуларыңызды сұраймын. Себебі бұндай гранттар жылына бір-ақ рет бөлінеді,- деп өзге де жобаларды атап өтті.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілі Ербол Сәрсенов: «Біздің алпауыт компания – "ТШО" әрдайым Жылыой кәсіпкерлерін қолдайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Үлкен жетістікке, толағай табысқа жете беріңіздер»,- деп осындай форум алдағы уақытта да жалғасын тапса, компания қолдау білдіретініне сендірді.
Ауқымды форумды жүргізген Сержан Серікбаев соңғы сөз кезегін аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының басшысы Е.Нұрлановқа берді:
– Шағын және орта бизнес – бұл экономикалық драйвер. Сіздер халықты жұмыспен қамтып, салық төлеп, ауданның дамуына үлес қосып отырсыздар. Осындай форумды жыл сайын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Қолдау болса, әрине, жыл сайын ұйымдастыру ойда бар. Шараға қатысып отырған шағын және орта бизнес өкілдеріне алғыс білдіреміз. Сіздердің алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеймін,- деді ол.
Форум соңында аудан әкімдігі мен EUSS компаниясы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Иә, ашық форматта алғаш рет өткен бұл ауқымды форум жергілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін таныстырып, жаңа серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Форум барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нақты қадамдарға ұласса, мұндай кездесулердің маңызы арта түспек. Бастысы, жергілікті бизнес өкілдері қолдаудың бар екенін сезінді. Осындай форум алдағы уақытта да өткізіліп тұрса, кәсіпкерліктің дамуына қосылған зор үлес болмақ деп сенеміз.
А.МОЛДАШЕВ