Аудандағы көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарды іскерлік белсенділікке тарту мақсатында «Іскер ана» жобасы іске қосылған болатын. Жоба аясында жылыойлық 50 ана қысқа мерзімдік оқуға қатысып, аспаз, визажист, компьютерлік сауаттылық, СММ, маникюр курстарын оқып шықты. Бірнеше айға созылған арнайы курс өз мәресіне жетіп, қаладағы «Нұрасыл» мейрамханасында жабылу салтанаты өтті.
Марапаттау шарасына қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Нұрмаханова жобаға қатысушы аналарға алғыс хаттар, қысқа мерзімдік оқуды аяқтағаны жөніндегі сертификаттар және гүл шоқтарын табыс етті. Жобаға қатысып, СММ курсын аяқтаған жандардың бірі – Гүлфара Қалиева жеті перзент тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Осы уақытқа дейін өзіне қызықты болған кәсіпті тегін меңгеру арманы болғанын айтады.
- СММ маманын оқу менің арманым еді. Сол арқылы жұмыс жасап, ақша тауып, балаларымды жеткізсем деген ниетім болған. Соған қолым жетіп, бүгін қуанып тұрмын. Бізді қолдап, аналарды «Іскер ана» жобасына қатыстырған оқытушы жандарға мың алғыс. Курс жақсы өтті. Бізді оқытқан Сәуле Өмірбекқызы болатын. «Білетініміз – бір тоғыз, білмейтініміз – тоқсан тоғыз» еді. Барлығын меңгеріп шықтық деп ойлаймын. Алда, бұйырса, сонымен жұмыс жасаймыз,-деді толқып.
Салтанатты шарада жобаның қорытынды бейнеролигі көрсетілді. Онда теория жүзінде ғана емес, практика бойынша таңдаған кәсіпке үйретіп, іс жүзінде жұмыс жасап жатқан қатысушыларды көрдік. Үйде баламен отырған аналардың қоғамдық өмірге икемделіп, біраз ысылып, тек курс оқып қана шықпай, психологиялық тұрғыдан да өздерін өсіргеніне сүйсіндік. Осылайша жаңа кәсіп меңгерген аналар алдағы уақытта өз бизнестерін ашуға ниеттеніп отыр.
П.Қизатова